Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бастапқыда жалақысыз еңбек еттік

Бастапқыда жалақысыз еңбек еттік
Автор
Мен «Aр-Ай» газетінің 2005 жылы ашылған тұстағы алғашқы қадамдарына куә болған жанның бірімін. Сол кезде Болат Бекжанов ағамыз қолқа салып, жүргізуші болып қызметке кіріскен едім. Өмірімнің біраз жылын осы қара шаңыраққа арнап, майталман мамандарды, қиялы ұшқыр журналистерді, қарымы бөлек қаламгерлерді тасымалдадым. Жақсылармен сыр бөлісіп, жанға жылу сыйлайтын шақтарды да, қабағымызды түйдірген қиындықтарды да бастан өткердік.

Басылым жаңа ашылған уақыттарда айлық алу мұңға айналды. Бірақ жалындаған жастардан құралған ұжым қиындыққа мойымады. Жаңа басылымның қызметкерлерінің арасында 18 жасар тілшілердің де жүргені әлі есімде. Тіпті 16 жасар дизайнер де газет беттерін өзі жасап,  сынды да, мінді де көтерді. Өзім болсам, жүргізуші ретінде жеке көлігіммен жұмыс істедім. Қызметтік көлік қарастырылмады. Жалақы болмаған соң, май-суын, жөндеуін көтеру үшін қала ішінде қосымша такси қызметін де атқаруға тура келді.

Газет жұмысы талай түнді ұйқысыз өткіздірді. Тілшілер таңғы бестерге дейін мақалаларын жазып, дизайнерлер соңғы нүктесін қоймайынша, орнынан қозғалмайтын. Ал мен соларды күтіп, таң ата үйлеріне жеткізетінмін. «Қайратсыз ашу – тұл» дегендей, әрқайсысының бойында қайсарлық пен төзім бар еді.

Әрине, қызықты оқиғалар да аз болған жоқ. Есте қалған сондай оқиғаның бірі – Азамат Есалының қалжыңы. Бір жолы ол ақкөңіл Есет Досалыға телефонмен әкімдіктің қызметкерімін деп хабарласып, «Пәлен жерде іс-шара өтеді, сен міндетті түрде баруың керек» дейді де, тұтқаны қоя салады. Есеттің сенгіштігі-ай, кешке дейін әлгі іс-шара өтетін жерді  іздеп әуреленіп жүргенін естіп, біз ішек-сілеміз қатқанша  күлдік.

Тағы бірде Алтынбек Қартабайдың  кабинетіне бас сұқтым. Жігіттің жұмысына берілгені сонша, компьютерден көз алмай суреттерді реттеп отыр екен. Әдетте тілмар, әңгімеге жүйрік ол мұнда тіпті үн қатпайды. Қалжыңға басайын деп, қарама-қарсы отырып алып, өзім басқа біреу болып қоңырау шалдым. Алтынбек байқамастан, бір қолымен компьютерде жұмыс істеп, бір қолындағы телефон тұсқасымен менімен ұзақ сөйлесіп отырды. Әрең шыдап, күлкімді тия алмай өзімнің қасындағы адам екенімді мойындағанымда ғана аңғарды. Бұл да – жұмысына адал берілгендіктің айғағы. Қарама-қарсы отырған адамды байқамау деген қазір сирек кездесетін құбылыс қой.

Осы сынды естеліктер көп. Бірі айтуға келеді, бірі айтуға келмейді. Бірақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, сол кездің әр сәті біз үшін мектеп болды.

Жамбыл Қойтасов,
Жамбыл облыстық «AR-AI»
жастар газетінің бұрынғы көлік жүргізушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар