Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Журналист – жүз мамандықтың иесі

Журналист – жүз мамандықтың иесі
Автор
Иә, біле-білгенге журналист кезкелген сала немесе маман туралы жазу үшін сол саланы зерттеп, зерделеп барып көзбен көріп, көңілге түйгендерін саралап, әр түрлі жанрда қалам тербейтін кәсіпқой маман. Ақиқатпен астасқан ақпараттар ағыны да осылайша пайда болып жатады.

Мен 2005 жылдың көктемінде Тараздан ашылған республикалық «Аймақ+» газетінде бас редактор қызметін атқарып жүрдім. Сол жылы күзге қарай облыстық «Ар-Ай» жастар газеті де ашылған болатын. Газеттің атын «Ар-Ай» деп қойып, табанынан таусылып жүріп, қажетті құрал-жабдықтар мен мамандарды жинақтап басылымның ашылуына сеп болып, негізін қалаған әріптес әрі дос-аға, бесаспап өнер иесі марқұм Болат Бекжанов еді. Және оның жанында барын сала жәрдем бәріп жүрген жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева болатын. Шолпан аталмыш лауазымында әлі де тапжылмай қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, газеттің фототілшісі Алтынбек Қартабаев та ширек ғасырға жуық уақыт  табан аудармай еңбек етуде. Сол 2005 жылдың соңында мен басқарған жеке меншіктегі республикалық газет қаражат жетіспеушілігінен жабылды.

Жаңа жыл қарсаңында қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Көкен Оршабеков телефон соғып: «Жаңажылдық мерекелік демалыс күндерінен соң біздің газетке қызметке кел» деп шақырды. Жаңажылдық демалыс күндерінің соңында маған Болат Бекжанов та телефон соғып, амандық-саулықтан соң: «Тұрмахан, мен денсаулығым болмай ауруханаға жататын болдым. Редакцияда кілең жастар істейді, ал сенің журналистік қана емес, шығармашылық ұжымдарды басқарған тәжірибең де бар, балаларға бас-көз бола тұр» деген өтінішпен «Ар-Ай» газетіне жұмысқа шақырды. Осы жайында Көкен ағаға айтып хабарласып едім ол кісі қарсы болған жоқ, қайта құптады.

Болаттың маған сенім артатынындайы бар. Өйткені, мен «Ар-Ай»-ға  келгенге дейін Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газеті редакциясының «қазанынан» қайнап шығып, 7500 адам еңбек ететін Жамбыл «Химпром» өндірістік бірлестігінің көп тиражды «Химик» газеті редакторының орынбасары, облыстық «Ақ жол», «Тараз – 2000» газеттерінде тілші, жоғарыда аталған республикалық тәуелсіз газеттің бас редакторы қызметтерін атқарып үлгерген екенмін.

«Ар-Ай»-ға келгенімде редакция құрамында бас редактордың орынбасары орыс тілді журналист Бақытжан Оспанов ағадан басқасының бәрі жастар екен. Жастар болғанда да бүгінде беделді де белгілі журналистерге айналған айтыс ақыны Есет Досалы, жазба ақындар Азамат Есалы, Хамит Есаман сынды өңкей өнер қырандары.

Бір күні редакцияға тәжірибеден өту үшін келген болуы керек, бір бойжеткен менімен амандасып: «Тұрмахан аға, мені танымадыңыз ба?» деді. Тани алмағаныма ыңғайсызданып қалдым.  Сөйтсем ол менің ауылдағы інішегім Кәрімнің қызы екен. Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде істеп жүргенімде Кәрімнің үйінде қонақта отырып, оның өтініші бойынша мен сол кездегі бүлдіршін Маржанға «Мә, мынаменен нан тауып жейтін маман бол» деп, берген бата тілегімді есіме түсірген Маржан тағы да: «Енді міне, сол батаңыз қабыл болып, журналист мамандығымен келіп тұрмын» дейді күліп. Сол Маржан қызым да облыстық «Ақ жол» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарғанының куәсі болдым. 

Сол сияқты ауылда бірге өскен құрдасым Бақыт Саршаевтың  да сұрануы бойынша, қателеспесем, бесінші сыныпта оқитын ұлы Наурызбекке ақ тілекпен бір-екі шумақ жыр жолдарын қағазға түсіріп қалдырған болатынмын. Қазіргі күндері сол Наурызбек Саршаев Астана қаласындағы бір басылымда істейді деп естідім. Тек журналист емес, ақынға да айналған Наурыз балам облыстық,  республикалық деңгейдегі әртүрлі тақырыптағы жыр мүшәйраларында жүлдегер атанған.

Үлкендердің қарғысын емес, ақ батасы мен ризашылықтарын алудан асқан ізгілік жоқ. «Жауынменен жер, батаменен ер көререр» деген сөз әсте тегін айтылмаған. Мен журналистика саласына ауысқаннан бергі уақыттары Совет Әлімқұлов, Жақсылық Сәтібеков, Жақсылық Үшкемпіров, Сейілхан Аққозиев, Тұйғынбек Темірбеков, Әбдірахман Асылбеков, Тұрсынхан Мүсірәлиев,  тағы да басқа танымал ағаларымызбен танысып, тағлым алғанымды мәртебе санаймын. Тек баталарын алып қана қоймай, үлгілі, өнегелі жандармен сұқбаттасудың өзінен ғибрат аларың сөзсіз.

Әрине, ақындық пен жазушылық туа біткен дарындылық. Тағы бір айтайын дегенім – мамандығы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болса да журналистикаға келіп, бар ынта-ықыласымен көп нәрсені көңліне тоқып меңгерген Гүлнұр Иембердиева келе-келе осы газеттің бас редакторы болып нәтижелі еңбек етті. Десек те, журналистика да шығармашылық, өнер саласына жатады. Мықты журналист болу үшін оқығаныңнан көңілге тоқығаның көп болуы керек. Осы тұста журналист болу, жақсы жаза білу бір бөлек, ал сол газет редакциясы ұжымынан бастап, баспаханадағы заманауи полиграфиялық ілім мен идеологиялық сауаттылықты жете меңгеріп ұжымға басшылық ете білу үшін де ерекше қабілеттілік қажет екенін айта кеткім келеді.

Негізі редакторлыққа шақырылғанымда редактор болу үшін қандай қасиеттерің болу керек деген оймен алдыңғы редакторлардың әдістерін зерделей бастадым. Әрине, әр редактордың өзіндік басқару тәсілдері бар. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген. Сонда «Аймақ+», «Ар-Ай» газеттерінде де еңбек еткен уақыттары облыс журналистикасының аталары Баттал Жаңабаев (Ол кісінің Қазақстан бойынша бір облыстық газетті 21 жыл басқарғанын өз аузынан естігенмін – автор.)  және Арғынбай Бекбосыновтардың басқару стильдеріне мән бердім. Баттал аға ең алдымен қарамағындағылардың руына, жүзіне тіпті, ұлтына да қарамай еден жуушылар мен қарауылдарынан бастап пәтер әперу, балаларын балабақшаға орналастыру, үйлеріне телефон орнатып беру сияқты тұрмыстық мәселелерін шешуден бастайды екен. Осындай қамқор басшыны кім жек көрсін. Баттал ағамыздың көп жасауына да ұжымдастарының ризашылықтары мен алғыстары себеп болған шығар, бәлкім... Ал, Арғынбай аға облыстағы шешімін күткен мәселелер мен сын мақалаларға басты көңіл бөлетін талапшыл тұлға еді. Кейін әртүрлі деңгейдегі газеттерді басқарған кезімде алдыңғы буын ағалардың осындай жақсы қасиеттерін іс жүзінде жүзеге асыруға тырыстым. Менің осыны айтқандағы ойым кезкелген басылымға басшылық жасайтын кейінгі буын өкілдеріне сабақ болса екен дегенім.

Жалпы «Ар-Ай-да қызмет еткен аз уақыт аралығында облысымызға еңбек сіңірген көптеген тұлғалармен танысып, сұхбаттасудың да сәті түскеніне қуаныштымын. Сол кездері ұжым мүшелерінің ауызбіршілігі мен ұйымшылдығына да ризамын. Кезкелген мерекелер мен туған күндер атаусыз қалмайтын. Туған күн иелерінің шарж суреттері, достық әзілмен жазылған тілектері қабырғаға ілінетін.  2006 жылғы журналистер күні мерекесіне орай менің туып өскен ауылым Шайдананың манындағы «Сеңгірбай» көліне барып, демалыс өткізгеніміз әлі есімде.

Тағы бір есте қаларлық жәйт, кезекшілікте қалған редакция қызметкерлерін түн жарымында немесе таң ата болсын баспахана мен үйлеріне өз жеке көлігіммен жүргізушінің рөлін атқарып тасығандығым. Өйткені, ол кезде «Ар-Ай» газетінің редакциясына қызмет көлігі бөлінбеген болатын.

Сөз соңында ізбасар ініміз – дарынды да қаламы қарымды журналист Тұрсынбек Сұлтанбеков басқаратын ұжымдағы ұл-қыздарымызды газеттің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, бастарына бақ, шаңырақтарына шаттық, істеріне сәттілік тілеймін.

Абыройларың асқақтай берсін, «арайлықтар»!

         Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,
Жамбыл облыстық «АR-AI» жастар газетінің  
2006 жылдағы бөлім меңгерушісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар