Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлт руханиятын байытқан көрнекті қаламгер

Ұлт руханиятын байытқан көрнекті қаламгер
А.Рысмахан
Көрнекті қаламгер, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның 80 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында бірқатар ауқымды іс-шара өтті.

Алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Елен Әлімжан шығармаларындағы қазіргі заман бейнесі» атты «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. Басқосуға әдебиеттанушылар, ғалымдар, жазушылар мен жас қаламгерлер қатысты. Жиын барысында жазушының қазақ әдебиеті мен драматургиясындағы орны, шығармаларының мазмұндық-идеялық ерекшеліктері және олардың бүгінгі қоғамдағы маңызы кеңінен талқыланды.

Мерейтойлық іс-шаралар легі Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасын тапты. Кеш аясында драматургтің «Абылайхан» қойылымы сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты кешке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін арнады.

– Ардақты Елен аға! Сіз – жастық шағыңыздан бастап бар ғұмырыңызды туған еліңіздің игілігіне арнаған азаматсыз. Әдебиет пен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесіңіз, талай жас қаламгерді қанаттандырып, қазақ руханиятын байытқан еңбегіңіз халықтың жадында мәңгі сақталатыны анық. Өмір жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Қаламыңыздың қуатымен елдің бірлігін, халықтың салт-дәстүрін, асыл мұраттарын ардақтап, өшпес мұра қалдырдыңыз. Әдеби шығармаларыңызда халқымыздың болмысы мен тағдыры көрініс тауып, жас ұрпақтың рухани қазынасына айналды. Сіздің қаламыңыздан туған туындылар әдебиетіміздің көркемдік деңгейін көтеріп қана қоймай, талай оқырманның ой-санасын тәрбиелеп, жүрегіне сәуле құйды. «Оралу», «Көріпкел», «Ақ періште – арманым!» атты повестер мен әңгімелер, «Тақталас», «Толық адам туралы», «Бауыржанның пырағы», «Таңғы шық», «Адамгершіліктің ақ жолы» пьесаларыңыз бен публицистикалық жинақтарыңыз кейінгі ұрпаққа рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың биік үлгісі ретінде қызмет етіп, ұлттық әдебиет қазынасын байыта түсті. Әрбір пьесаңыз көрерменнің көкірегіне ой салып, ұлттық сана мен рухты оятуға сеп болды. Жас қаламгерлерге бағыт-бағдар беріп, өнегелі жол көрсетіп келе жатқаныңыз да – ұрпақтар сабақтастығының айғағы. Алдағы уақытта да қаламыңыз мұқалмай, шығармашылық шыңдарды бағындыра беріңіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, сарқылмас шабыт пен ұзақ ғұмыр тілейміз! – деген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы осыдан кейін мерейтой иесінің иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Кеш барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев та құттықтау сөз арнап, қаламгерге шынайы ілтипатын білдірді. Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттары оқылды.

Кешті Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерлан Жүніс «ұстаз бен шәкірттің сырласуы» форматында жүргізіп, әсерлі әрі рухани мазмұны терең мерекелік кешке айналдырды.

Сахна төрінде жазушының сөзіне жазылған «Тағзым ұлы Абайға», «Сері аға», «Аққұмда туған баламын» атты әндер орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Кеш соңында жазушы-драматургтің жаңа пьесалар жинағы – «Жанұраным» атты спектакльдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жинаққа қаламгердің соңғы жылдары жазған таңдаулы драмалық туындылары енгізілген.

Жамбыл жұрты Елен Әлімжандай ардақты перзентінің мерейтойын зор ықыласпен атап өтті. Қаламгердің бай мұрасы мен рухани еңбегі ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар