
Мысалы, облыста бірқатар ауданның бас жоспарын әзірлеу белгіленген мерзімінен кешіктірілуде. Кейбір аудандардың бас жоспарын электронды форматқа көшіру де уақытылы орындалмай жатқан көрінеді. Нысан құрылысын жүргізуде «қызыл» сызық талаптарына қайшы келетіндерінің кейбіріне әлі күнге тиісті шара қолданылмапты. Осы секілді өзгеде кемшіліктер облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппаратық кеңесте сөз болды.
– Елімізде «қызыл» сызықтар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңымен айқындалып, реттеледі. Бүгінгі күнде облыс бойынша 152 құрылыс нысаны мен сауда дүңгіршектері анықталды. Оның 113-і Таразда, қалғаны Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарында. 152 нысанның ішінен 7 нысанға тиісті шара қолданылып, алынды. 56 нысанның, яғни Тараздағы 53, Сарысудағы 3 нысанның құжаттары рәсімделген, ал 5 нысан бойынша сотқа дейінгі ескертулер мен талап-арыздар ұсынылды. Қалған 84 құрылыс нысаны мен сауда дүңгіршектерінің рұқсат құжаттарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң аясында тиісті шараларды қабылдау қажет. «Қызыл» сызық нормасын бұзған нысандардың басым бөлігі Тараз қаласы, Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандарының аумағында орналасқан. Мысалы, Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі №118 мекенжайындағы «BeshBQ» кафесінің ғимараты Қонаев көшесінің бойынан 17 метрде орналасып, «қызыл» сызық нормасын 13 метрге бұзған. Жер учаскесінің көлемі 0,0609 гектарды құрайды. 2024 жылы Тараз қаласы әкімдігі тарапынан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «қызыл» сызық нормасын бұзған жапсарлас және екінші қабатта өз бетінше жүргізілген құрылысты бұзу туралы талап-арыз жолданыпты. Талап-арыз толығымен қанағаттандырылып, сот органының шешімімен нысанды меншік иесі өз есебінен бұзуға міндеттелген. Алайда, меншік иесі сот органының шешімін орындамауына байланысты қала әкімдігі тарапынан оны бұзу туралы талап-арыз жолданып, сот бұл талапты қанағаттандырды. Ендігі кезекте сот органының анықтамасына сәйкес қала әкімдігі тарапынан бұзу жұмыстары жүргізілетін болады. Осы ретте Тараз қаласы әкімдігі мен Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандары тарапынан бақылау күшейтіліп, сотқа дейінгі зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заңсыз нысандарды сот органына жолдап, тиісті шаралар қолдануы қажет, – деді күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай.
Жиында Ербол Шырақпайұлы: «Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында кейбір елді мекендердің бас жоспарларын цифрландыруға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілмеген. Үкімет отырысының хаттамасында бұл мәселе былтырғы сәуір айында тапсырылған болатын. Бұл Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Дегенмен Жамбыл ауданында – 6, Жуалыда – 7, Мойынқұмда – 15, Т.Рысқұлов ауданында 7 елді мекеннің бас жоспары әлі күнге цифрландырылмаған. Мұның себебі неде?» – деген облыс әкімі Тараз қаласы және тиісті аудан әкімдерінен осы және өзге де кемшіліктер бойынша жеке-жеке жауап алды.
Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, осы жылдың тамыз айындағы нақтылауда 7 елді мекен бойынша оңтайландыру бас жоспары әзірленіпті. Оған бюджеттен 2 миллион теңге қаражат бөлініп, конкурс жарияланған. Қазіргі таңда конкурстың қорытындысы күтілуде. Аталған аудан әкімі бұл жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталатынын жеткізді.
«Қызыл» сызыққа қатысты кемшілік бойынша түсінік бергендердің бірі – Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов. Оның сөзіне сүйенсек, Т.Рысқұлов ауданындағы 7 нысан да белгілі бір сауда алаңындағы бір адамға тиесілі. Бұл жөнінде тиісті шаралар қолға алынып, саудагерлер басқа орын іздестіріп, оған орналасу үшін жыл аяғына дейін уақыт беруді сұраған екен.
Басқосу барысында аймақ басшысы «сақалды» құрылыс жайын облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтан сұрап, білді. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс көлемінде 51 нысанның құрылысы бақылауда тұр. Оның 35-і Тараз қаласында болса, 16-сы аудандарда.
– Осы уақытқа дейін 25 нысан пайдалануға берілсе, оның 15-і қалада, 10-ы аудандарда. Облыс орталығындағы 2 нысан түгелдей сүрілді. Одан бөлек, Тараз қаласындағы 12 нысанның үшеуінде құрылыс-монтаждау жұмыстары толық жүргізілуде. Тоғызында жұмыстар жалғасып жатыр, ал 3 нысан қаржы жетіспеуіне байланысты тоқтап тұр. Бұдан бөлек, 3 нысан мемлекет меншігіне қайтару сатысында, ол бойынша барлық құжаттар тиісті орынға жолданды. Аудандарда да мәселе бар. Мысалы Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас, Шу және Қордай аудандарында бір-бір нысанның құрылысы тоқтап тұр. Шу ауданындағы нысанның «сақалды» құрылысқа айналғанына 7-8 жыл болды. Иесі Жоғары сотқа шағым жасап, ол бойынша да шешім мемлекет пайдасына шыққанымен құрылысы әлі қолға алынған жоқ. Сондықтан аудан әкімдігіне шара қолдану туралы тиісті хат жолданған болатын. Қордай ауданында да жеке адамның тапсырысы бойынша салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй құрылысы көптен бері тоқтап тұр. Талас ауданы, Қаратау қаласында орналасқан бір ғимарат бойынша да сараптамалық қорытындылар алынып, қаржы мәселесі шешілмеуде, – деді А.Қарабалаев.
Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға цифрландыру ісін жеделдету, орын алған кемшіліктерді жедел жою, «сақалды» құрылыс иелерімен келіссөздер жүргізіп, құрылысты жандандыру секілді бірқатар тапсырма берді. Нақты нәтиже көрсетпегендердің жауапкершілігі жыл аяғында қолданыстағы заңға сәйкес қаралатын болды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Ұлт руханиятын байытқан көрнекті қаламгер
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда 78 мың гектар егістік уақтылы сумен қамтамасыз етілді
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2025