Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынына шетелден қанша турист келеді?
- author AR-AY
- 29 қыркүйек, 2025
- 111
Бұл туралы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев мәлімдеді.
Комитет төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, матчқа келетін туристер саны арнайы квота бойынша 4 мыңнан астам адамды құрайды. Ойын өткеннен кейін олардың қай елдерден келгені нақтыланады.
«Алдын ала болжам бойынша, шетелдік туристерден бюджетке 2-3 млрд теңге қаражат түседі деп күтілуде», – деді Кәріпбаев.
Стадионға билеттер толық сатылған. Алматының инфрақұрылымы мен қонақүйлері туристерді қабылдауға толығымен әзір.
Сонымен қатар Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Қайрат» стадионының УЕФА-ның 4-санатты стандартына сай екенін атап өткен еді.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда 30 мың орындық жаңа стадион салынатынын жеткізді. Бұдан бөлек, еліміздің 7 өңірінде стадион құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
«Биыл күзде, қыркүйек айында, УЕФА-ның 3-санатты алғашқы стадионы Қызылордада пайдалануға беріледі. Қалған 5 өңірде жер учаскелерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар міндетті түрде жүзеге асады», – деді Е. Мырзабосынов.
Министр туристердің келуі УЕФА стандарттарымен реттелетінін, сондықтан әрбір адам еркін келе алмайтынын, арнайы квота бар екенін тағы да растады.




