Қазақстандық ғалымдар ауызсуды тазартатын көпфункционалды құрылғы ойлап тапты
- author AR-AY
- Бүгін, 11:16
- 13

Сәтбаев университетінің ғалымдары ауызсуды бір мезгілде тазартып, белсендіретін әрі зарарсыздандыратын көпфункционалды құрылғыны әзірледі. Қазіргі таңда судың өнеркәсіптік өндіріске дайын тәжірибелік үлгісі ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судың маңызына ерекше тоқталып:
«Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды», – деген болатын.
Жаңа қондырғы елдегі су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Инженер-эколог, PhD докторы Үмбетәлі Сарсембиннің жетекшілігімен жасалған бұл құрылғы «АкваКөз» деп аталады.
Құрылғының ерекшелігі – судың табиғи минералдық құрамын сақтай отырып тазартуында. Сонымен қатар ол судың биоактивтілігін арттырып, pH деңгейін 7,4 көрсеткішінде тұрақтандырады.
Үмбетәлі Сарсембиннің айтуынша, қондырғы үш сатылы жүйеге негізделген:
Фильтрация мен сорбция – механикалық және органикалық қоспаларды жояды.
Озондау процесі – микроағзаларды жойып, суға антиоксиданттық қасиет береді.
Қорытынды тазарту – ауыр металдар мен қалған ластаушы заттар алынады.
Осылайша су вирустардан, бактериялардан және зиянды қоспалардан толық тазарады.
Жоба ҚР Ғылым қоры мен бизнес қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылды. Жаңа құрылғыны тұрғын үйлерде, ауылдық елді мекендерде, медициналық мекемелерде, тамақ өнеркәсібінде және төтенше жағдайларда қолдануға болады.