Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шераға күнделігінде көп сыр бар

Шераға күнделігінде көп сыр бар
Автор
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жеке архивінің бір бөлігі – күнделіктері. 1949 жылы Жамбыл қаласындағы Жамбыл мектебінің соңғы сыныбында оқып жүрген Шерхан Мұртаза жұқа ғана оқушы дәптеріне күнделік жазуды бастаған. Содан кейін өмірінің соңына дейін жүрегінің түкпірінде жатқан өзіне ғана мәлім сырлары мен құпияларын қағаз бетіне түсіруден жалықпаған. Бүгінде Шерхан Мұртазаның 100-ден аса қойын дәптері барын шамалап білеміз. Соның 65-і Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында сақталған. Олар орталыққа 2021 жылы жазушының Жуалы ауданы, Талапты ауылындағы үйінен жеткізілді. Орталық қызметкерлері өз үйінде қатталып, рет-ретімен жинақталған бұл құнды архивті саралап, жазбаларының бір бөлігі автордың 90 жылдық мерейтойына орай төрт томдық кітап болып жарық көрді. Дегенмен соның ішіндегі көңілімізге ерекше қонған жазбаларын іріктеп, көзі қырағы оқырманмен бөлісуді де жөн көрдік.

24-25.ХІІ.1949 ж.

Иә, мен де ебелектей ербең етермін,

Өмірімде өзім жөнде із қалдырмай өтермін.

Еш болмаса, көргенімді, білгенімді көк қағаз,

Әлім жетті жалғыз саған, саған жазып кетейін.

***

Бұл күндері мен «Менің құрдастарым» атты романды оқып шықтым. Бұл кітапты мен бұдан бірнеше жыл бұрын да оқыған едім. Ол уақытта онша мән бермей қойғаным түсінікті ғой. Ал, қазіргі өміріме бұл кітап аз әсер еткен жоқ... енді бір неше жылдардан кейін тағы оқитын шығармын. Сол уақытта мүмкін бұл кітаптағы ойды шырмаған уақиғалар маған да кездесер. Өмір заңы. Өлмегенге солай ғой. Екіншіден біздер де интернат атты ананың қолынан түлеп, ұшқалы отырған жоқпыз ба?!

Осы айдың ішінде көрген киноларым «Александр Невский», «Возвращение с победой», «Немая баррикада».

 

2.02.1949

Сабақтан шығып, фотоларды алдым. Жөтел үдей түседі. Медсестраның берген 10 порошок дəрісін 3 сағаттың ішінде бітірдім. Сонда да баяғысы баяғы. Осындай қиын жағдайда қауіп күшейе түседі. Туған ел есіңе түседі.

 

6.02.1949

Бір жылдан бері көрмеген Бектөбеде болдым. Бұрынғы халі – хал. Тек өзгерген Қ. ғана. Таңсəріден тұрып, айтқан намазы сəскеге дейін созылды. Айтқаны зарлы, күнəлі пенденің ғазалы. Сірə, кəрілікті мойындап, келешегін ойлайтын болар.

 

31.03.1949

Рахмет, Мартым! Елге де, малға да, тау-тасқа да ақың кеткен жоқ. Енді тек қана апрельге ақыл үйретіп кетпе!

 

9.09.1952

Бұдан 3 жыл бұрын, əлі балалық мінездерден арылмаған пансиондық кезеңдерде 2-3 ай көрген-білгенді жазып жүрген күндерім болған еді. Содан бері біраз сапар шегіп соқпақтардан өтіп, өмірді шамалы түсінген сияқтымын. Жазда ауылға барғанымда сол пансиондық жазбаларымды оқып отырып, небір жылдардың ырқына беріліп, өткен күндерді көзге елестетіп, енді қайтып оралмас, өмірбақи менімен қоштасқан жастық-балалық шақ өте ыстық көрініп еді. Рас, осы уақытқа дейін көптеген оқиғаларды бастан кешіріп, оқушылық-пансиондық халден студентікке жеткенге дейін артқа онша көз жібермей, сол бір тəтті мезгілді онша еске алмай келіппін.

Енді сол 2-3 айлық өміріме айғақ жыртық-жыртық дəптерді қолыма алып оқып көргеннен кейін оның бағасының бар екенін біліп, өмірдің ең жауапты, ең қызықты белесі осы бір күндерді де аздап-аздап жазып қойып жүруді жөн көрдім. Əрине, бұл басқа ешкімді қызықтырмас. Өзім үшін.

 

12.12.53.

Кеше фотокорреспондент Галкинмен сөйлестім. Ертең келіп қазақстандықтарды суретке түсіріп алмақшы. «Қазақстан правдасына» баспақ. Жігіт, қыздарды жинауды маған тапсырды. Бимен екеуміз талай жерді аралап, талайлармен таныстық (Мәскеуде).

 

28.2.54.

Қазіргі кездерде аударманы қолға алудамын. Баспадан хат келген соң, іске шындап кірістім. Бүгін өзіміздің балалар мен қыздарды жинап, оқып көрсетіп, ортаға салдым. Шыны ма, өтірігі ме, білмедім. Жақсы дейді. Өз көңілім күдікті. Әлі де кемшілігі көп сияқты.

 

7.04.54

Түн тып-тыныш. Осындайда ойың шарықтап ұшып, көп жерді кезбеске амал қанша? Көз жұмулы, көңіл ояу, көкіректе өткен-кеткеннің көбі жаттаулы, көбі ұмытылмастай бекем сақтаулы. Сонау балалық шақ. 3-4 жасар кезден бастап, тап осы қазірге дейін шолып өту маған әдет болып кеткендей. Сүйікті туған жерімнің әрбір сай-саласы, ой-қыры, қайнар бұлағы, жадыраған жазы, қытымыр қысы түгел көз алдымда. Өнген өсіп-жетіліп, өмірді толығырақ тануға, өмірден сабақ алуға талпынады екен. Мен жол тартып, алыстағы астанаға жүріп кеттім. Мінекей, төрт жыл өтті. Бір ұмытылмас қымбатты жылдар. Тіршілік болса, бір жиырма жылдан кейін бұл кездерді сағынышпен, аса бір асқан махаббатпен еске аламын. Төрт жыл өтті... төрт жылдай бар қуатым білімге арналды. Төрт жыл бойы бір арман – зор арман соңымнан қалмады. Төрт жыл бойы махаббатқа тола болған көкірегім от жалын болып лаулады.

 

10.06.54.

Бүгін Балтағожинмен жолықтым. Штатқа екі айға қызметке алды. Аударма жақсылыққа жақын (26 мамырда мамырға келгенін, одан баспаға барғанын жазған).

 

19.06.54.

Редакторлар тауға шықтық. Мен Қалаубекті ерте бардым. Əбдікəрім Сəрсен, Жаппар – табиғат таңғажайып. Үстіде басы ақ жамылған ала құз. Омырауы сəнді шырша, қарағай. Астында сарқырап ағып жатқан тау өзені. Қасыңда белуардан көк шөп, сан түрлі иіс гүлдер...

 

1960 жыл, наурыз.

Нөсер алдындағы табиғат сақ. Əлденендей қауіптен сақтанғандай, бұғып қалғандай. Шымшықтар да шықылықтамайды. Алғашқы барлаушы тамшылар тамған кезде, аспан тұнжырай түседі. Осындай бір кездер менің жанымды қытықтады. Осындай кезді сағынамын, ол менің қайтіп келмес балалық шағымды еске түсіреді. Қазір де бала болып, балақ түріп, нөсер астымен қиқулап жүгіре жөнелгім келеді. Əрине, қазір олай істей алмаймын. Балалық батылдық қалған ғой.

 

1960 ж., маусым.

Терезе алдындағы жалаңаш ағаштардың бірен-сараң, жалғыз-жарым сарғыш жапырақтары жүдеген көбелектей дір-дір етеді. Радиодан Естайдың «Қорланын» күңірентіп жатыр. Маралды деген жер маған ертегі еліндей боп елестейді.

 

28.VI.61.

Күн жылап шықты. Таң азаннан күн бұлттанып, тұншыға шыққан жаңбыр жауды. Бүгін таңда Мұхтар қайтыс болды.

***

М.Əуезов – Абайдың тұңғыш рет ғылыми өмірбаянын жасап берген ғалым. Бұл – күрделі іс. Мұхаңның өз сөзімен айтқанда: «Алдақашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргіншінің сөніп қалған от ор нынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болғанымен бірдей еді».

 

1962 ж., маусым

Күн əлі кешін болса да, үй іші де, дала да күңгірт тартты. Аспан алып қазан. Оның ішінде буырқанған бұлт қайнап жатады. Жауайын-жауайын деп төнеді. Жауа алмай бұрқ-сарқ қайнайды. Сірə, жаңбыр жауу бұлтқа оп-оңай болмаса керек. Қазір бұлт толғатып жатқанға ұқсайды. Жаңбыр оның перзенті екен ғой. Перзенттің дүниеге келуі толғақтан басталады екен ғой.

 

8.VI.66.

Адам бейшара. Өлімнің бəрі жаман. Ал, Төлтай ағаның өлімі – қиын. Операция үстінде. Денесін алып қайтайын десе бермейді. Тексеру керек, документ дұрыс болу керек. Жауапқа қаламыз. Бюрократия. Мұнда да. Ал, шілдеде Алматыдан Жамбылға өлік жеткізу – қиямет. Онымен ісі жоқ топастардың.

 

15.VI.66.

Адам 33 жасында жүгіріп, секіріп ойнамасын деп ешкім тиым салмайды. Бірақ əуселенің өзі-ақ:– Əй, байғұс, саған не жоқ, – дейді екен. Тауға шығып, футбол ойнап, аяқты қатты ісіріп, бір аптадай ақсаңдап, азап көрдік. Осы жігіттер шет елге серуендеуге құмар. Мен ауылға барғым келеді де тұрады. Түнде түсімде ауылды көріп шығамын. Мен ауылда ылғи бала кезіммен кездесем. Мен бір өмірдің өзін екі рет, тіпті сан рет кешкендей боламын. Мен ауылды ұдайы сағынамын, əрине ауылға барамын. Сейдахмет – Англия, Кəкімжан – Болгарияға кетті.

 

19.VIІІ.66.

Мені жазушылар Одағына мүшелікке алды. Президиумді Əди Шəрипов басқарды. Əлжаппар Əбішев баяндады. Тахауи Ахтанов қоштады. Басқалары қол шапалақтады. Ал креслода шалқасынан түсіп, қара көзілдірік киіп жатқан Ғабит былқ еткен жоқ.

 

1.ХІ.66.

Қызмет пен жазушылық – жау. Біріне бірі кесір. Жазушыға жылғыздық керек. Ал, қызметтің мың тарау бəлекеті баста ұялап тұрған кезде жазушының күні құрысын.

 

29.ХІ.67.

Редакторды көрсе амандаспай, теріс айналатын ақын. Редактордың жауы көп. Достың өзі өкпешіл. Бір орынсыз тілегін орындамасаң жетіп жатыр. Потенциальный недорожелатель.

 

27.І.68.

«Қыз жібек» мыңыншы рет. Халық театрдың аузы-мұрнынан шығады. Қарттар, алпыстан асқандар ойнады. Ғажап! Əсіресе Құрманбек, əсіресе Ғарифолла, көп адам жылады. Өнер құдіреті, өтіп бара жатқан өмір, қартайған адамдардың тағдыры жылатты. Триумф!

 

4. VІ.68.

Тоқтап тұрған сағат та тəулігіне уақытты екі рет дұрыс көрсетеді

 

28.ІХ.68.

Сарыала күздің соңында азынатпа жел соқты. Асфальтты сары жапырақ қаптады. Ағаш басы сидаң тартты. Түскен жапырақ қаудырап асфальттан ық таппай, таса таппай сырғанайды.

 

15.ХІ.68.

«Л.Ж»-да осы газеттің осыдан отыз жыл бұрынғы қызметкерлерінің суреті басылды. Ішінде Саттар Ерубаев, Рахмалы Байжарасов, Несіпбай Манашев т.б. бар. Олар сол суретке түскен кезде, мен əлі тумаған екенмін. Сурет газетке жақсы шықты. Олар ол кезде ойлап па: осылай отыз алты жылдан кейін өзіміз істеген газеттің бетінде тұрамыз деп! Дүние – дастан!

 

20-22.ХІІ.68.

Жуалы. Ауыл. Алпыс см ақ қар. Қара қасқа айғыр. Түлкінің ізі. Алақұйын шабыс. Көзден парлап аққан жас. Дүние қайталанбас. Аспанды алақаныңмен сипалағың келеді. Ауыл. Шөжекүл əпкеміз жəне «Мылтықсыз майдан». Кемпірлер түсінген. Қуаныш.

***

Таңертең көшелердің бұрыш-бұрышынан ұзын-ұзын очредь көрінеді. Сонау бір соғыс жылдарында нанның кезе гінде тұрғандар сияқты көрінді алыстан. Бақытымыз бар екен. Қазір мына тұрғандар нанның очреді емес, газеттің очреді. Осындайды көргенде журналист екеніңді бір мезгіл мақтан етіп те қаласың.

Баспаға ұсынған –

Назым ҚОЖАМАР,

Ш.Мұртаза атындағы руханият

және тарихтану орталығының

бөлім меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар