Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық ғалымдар тәжірибе алмасып қайтты

Жамбылдық ғалымдар тәжірибе алмасып қайтты
Автор
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғалымдары 21-24 қыркүйек аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына ғылыми іссапар жасады. Сапар Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті гранттық қаржыландыруы аясындағы №AP23485390 «Практикалық философия: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудағы интегралды білім беру мен дизайн-ойлау тұжырымдамалық метамоделі» атты жобасы аясында жүзеге асты.

Іссапар құрамында жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлхан Нұрадин, жоба орындаушысы, филология ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі, доцент Дина Көлбаева және ғылыми қызметкер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Саяси философия» білім беру бағдарламасының 3-курс докторанты Асия Аққулиева болды.

Бастаманың негізгі мақсаты – Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық байланыс орнатып, практикалық философия саласында тәжірибе алмасу. Сондай-ақ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бағытында бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу және ортақ жарияланымдар дайындау мүмкіндіктерін қарастыру. Қазақстандық ғалымдар сапар аясында «Alfraganus University», Өзбекстан Республикасы Құқық қорғау академиясы және Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінде кездесулер өткізіп, ғылыми-әдістемелік мәселелерді талқылады.

Кездесулер барысында философияны оқытудағы заманауи тәсілдер, практикалық философияны білім беру жүйесіне енгізу, гуманитарлық пәндерді жаңа тұрғыда дамыту жолдары жайлы пікір алмасты. Өзбекстандық әріптестер қазақстандық жобаның мазмұнына айрықша қызығушылық танытып, болашақта бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізу және халықаралық ғылыми журналдарда ортақ мақалалар жариялау жөнінде келісімге келді.

– Жаңа тәжірибенің әр қатысушы үшін маңызы зор болды. Ең алдымен Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарындағы әріптестерімізбен жүздесіп, олардың тәжірибесімен тікелей танысу үлкен әсер қалдырды. Әр кездесуде біз тек ғылыми мәселелерді талқылап қана қоймай, сонымен бірге философияны оқытудағы жаңа әдістемелерді, гуманитарлық ғылымдарды заманауи тұрғыдан дамыту жолдарын қарастырдық. Өзбекстандық әріптестердің ынтасы мен қызығушылығы бізді қанаттандырды, ортақ ғылыми мақсаттарға жетуге деген сенімімізді арттырды. Сапар барысында екі ел ғалымдарының арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың қаншалықты маңызды екенін айқын сезіндім. Бұл тек кәсіби байланыстар емес, сонымен бірге мәдениетаралық диалогтың да жаңа арнасы болды. Өзбекстандағы әріптестеріміздің жылы қабылдауы мен ықыласы бізге шынайы достықтың құндылығын көрсетті. Мен бұл сапардың нәтижесі алдағы уақыттағы бірлескен зерттеулерге, халықаралық журналдарда жарияланатын мақалаларға және ортақ жобаларға үлкен серпін беретініне сенімдімін, – дейді Г.Нұрадин.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар