
Шетелдік қонақтарды Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова мен профессор-оқытушылар құрамы ресми түрде қарсы алып, достық пейілдегі естелік сыйлықтармен алмасты. Сапар аясында делегация мүшелері оқу орнының ғылыми орталықтары мен зертханаларын аралап, материалдық-техникалық базасымен және заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Кездесу барысында Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университетінің президенті, профессор Джунгуо Лью студенттер мен оқытушыларға «Су және климат: жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында дәріс оқыды. Лекция барысында ғалым жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын басқару, су үнемдеу технологияларын дамыту, табиғи негіздегі шешімдерді енгізу мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ профессор өз командасының тәжірибелік зерттеулері мен ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді.
Профессор Джунгуо Лью – халықаралық деңгейде мойындалған ғалым. Ол су ресурстары мен экожүйелерді басқару бойынша 270-тен аса ғылыми еңбек жазып, әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілетін зерттеушілердің қатарынан орын алған. Оның жұмыстары Біріккен Ұлттар Ұйымының климат жөніндегі баяндамаларына негіз болып, жаһандық шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ғалым табиғи негіздегі шешімдер арқылы өзендер мен суқоймаларын қалпына келтірудің тиімді моделін әзірлеген. Профессордың жетекшілігімен 2024 жылы Қытайда алғаш рет су ресурстарын ғарыштан бақылауға арналған арнайы NCWU-1 спутнигі ұшырылған. Құны 5 миллион АҚШ долларын құраған бұл жоба бүкіл Қытайдың ғылыми мақтанышына айналып, ауылшаруашылығынан бастап бірқатар салада кеңінен қолданылуда.
Ректор Кәмшат Түсіпованың айтуынша, әріптестік пен тәжірибе алмасу екі тарапқа да тиімді болмақ.
– Делегация құрамында ғылым және технология департаментінің директоры профессор Вэйшу Ван, Хуанхэ өзені зерттеу институтының атқарушы деканы, профессор Фуциан Ван, аталған институттың халықаралық байланыстар жөніндегі деканының орынбасары, доктор Канг Гао болды. Шетелдік әріптестеріміз оқу орнымыздағы ғылыми құрылымдармен танысып, бірлескен зертханалар құру және ортақ жобаларды жүзеге асырудың нақты тетіктерін талқылады. Келіссөздер барысында қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу, академиялық ұтқырлықты кеңейту, халықаралық ғылыми жобаларға бірлесіп қатысу және Тараз қаласында 2026 жылы өтетін халықаралық гидрология конференциясын бірлесе ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ бірлескен колледж ашу жөніндегі бастама көтерілді. Аталған жоба жүзеге асса, Қазақстан мен Қытай студенттері үшін жаңа білім беру және зерттеу мүмкіндіктері ашылып, аймақтағы сушаруашылығы ғылымы саласына тың серпін береріне сенім мол. Жалпы Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университеті – Қытайдағы сушаруашылығы, ирригация, агроинженерия және экология саласындағы жетекші оқу орны. 1951 жылы құрылған университетте бүгінде 24 факультет пен мектеп, 174 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Онда 40 мыңнан аса студент білім алса, екі мыңнан аса профессор-оқытушылар еңбек етуде. Бұл оқу орны Қытай Халық Республикасының Су ресурстары министрлігін басқарған үш бірдей министрді даярлаған. 2024 жылы іске қосылған NCWU-1 спутнигі де осы университеттің инновациялық әлеуетінің айқын дәлелі болып отыр, – деді Кәмшат Маратқызы.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, сушаруашылығы ғылымын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған стратегиялық серіктестікті нығайтуға уағдаласты.
Осылайша бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми байланыстарды жаңа белеске көтеріп, өңірдің су ресурстарын басқару саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашты.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ