Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде
А.Рысмахан
Биыл қаңтар-тамыз айларында облыстың жалпы өңірлік өнімі 690,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,3 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Бұл туралы сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті ХХVI-сессиясының отырысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айтты. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізіп отырды.

Ербол Шырақпайұлы өңірде атқарылған жұмыстардың негізгі қорытындыларына тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер аясында алдағы жоспарлармен бөлісті. Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бергі қысқа мерзімді экономикалық өсім 111,4 пайыз деңгейінде тіркелген.

– Мемлекет басшысы айқындаған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту мен инвестиция тарту. Биылғы жылдың 8 айының қорытындысымен облысқа 391,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфельде жалпы құны 3,5 триллион теңгеден асатын 62 ірі жоба бар. Бұл жобалар 6,3 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Биыл құны 161 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 1,1 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 13,3 миллиард теңгеге 8 жоба пайдалануға беріліп, 184 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, «Еурохим-Қаратау» зауытының күкірт қышқылы цехы және «Fufeng Group» жүгеріні терең өңдеу жобасының алғашқы кезеңдері пайдалануға берілді. Екі жобаға 250 миллард теңге инвестиция салынды, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Биыл ауылшаруашылығы саласына 28,9 миллиард теңге субсидия бөлініп, оның 20,8 миллиард теңгесі игерілген. Сонымен қатар салаға 15,6 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Есепті кезеңде ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 214,2 миллиард теңгеге жеткен.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қазірге дейін 640 мың гектар алқаптан 3,8 миллион тоннаға жуық өнім жиналыпты. Мал басы көбейіп, ет пен сүт өндірісі де артқан. Сол секілді 91 миллион АҚШ долларына 124 мың тонна өнім экспортталған. Жалпы құны 32,8 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

– Шағын және орта бизнесті дамытуға облыстың қаржы институттарымен 26 мың кәсіпкерге 96,4 миллиард теңге несие берілді. Берілген несиелердің 29,8 миллиард теңгені құрайтын 632 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъктілерімен шығарылған өнім көлемі 6,1 пайызға артты. Өңірде тұрғын үй мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа тұрғын алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Жыл басынан бері 403,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір 2 190 пәтерлі 46 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 44-і жыл соңына дейін аяқталмақ. Әлеуметтік әлсіз топтарға 113 пәтер сатып алынып, барлығы 1 505 отбасы баспанамен қамтылмақ. «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында 140 жас отбасы баспаналы болды. Сонымен бірге «Дизайн-код» жобасы бойынша 15 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жалғасуда, – деген Ербол Шырақпайұлы облыста 337 ауылдық елді мекендегі 675,3 мың адам ауызсумен қамтылғанын айтты.

2025 жылы 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапты ауызсумен қамту көзделуде. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ауылдар мен қалаларды 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Биыл газбен қамту бойынша 14 жобаны іске асыруға 20,5 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінде 1,1 миллион адам табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Жылумен қамту да айрықша назарда. Осы жылы Қаратау қаласындағы орталық қазандық пен мазут шаруашылығы жаңартылып, Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 597,8 миллион теңгеге жылумен жабдықтаудың инженерлік желілері кеңейтіліпті.

– Биыл автожол саласын дамытуға 28 миллиард теңге бөлініп, 184 жоба аясында 17,7 шақырым көше жолдары мен 6 көпір салынуда. Сондай-ақ 8 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 466 шақырымнан астам жол орташа жөндеуден өтуде, 1 жаяу жүргінші өткелі салынуда. Әлеуметтік сала бойынша да ілкімді істер атқарылуда. Осы жылы салаға 48,4 миллиард теңге бөлініп, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 39,9 мың жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 30,3 мыңнан астам адам қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Орташа айлық жалақы 10 пайызға өсіп, 355,2 мың теңгеге жетті. Жыл соңына дейін 65,6 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 48,4 мыңы тұрақты болмақ. Осы жылы білім беру саласына 344,1 миллиард теңге бөлінді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде өңірде 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 15-ін биыл іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде 3 550 орындық 7 мектептің құрылысы аяқталса, оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған. Жыл соңына дейін тағы 8 оқу ордасы пайдалануға беріліп, апатты, үш ауысымды және орын тапшылығы бар нысандардың мәселесі шешіледі. Сондай-ақ 8 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және жастар саясаты салаларында да елеулі жетістіктер бар.

Әкімнің баяндамасынан кейін халық қалаулылары тұрғындарды мазалаған мәселелерді көтеріп, сауалдар жолдады. Әсіресе газдандыру, мектептердің алдына жаяу жүргіншілер жолағын салу және 2025 жылы басталуы тиіс су тазарту кешенінің құрылысының кешігуі негізгі тақырып болды.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының облыста іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады.

Сессияда басқа да мәселелер, атап айтқанда, мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы тыңдалып, сайлау комиссияларының құрамын толықтыру бекітілді. Сонымен қатар, тұрғындарға тегін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды қосымша беру, орман және су ресурстарын пайдалану қағидаларын бекіту, кейбір ескі шешімдердің күшін жою, жер комиссиясының ережесіне өзгерістер енгізу жайы қаралды. Сондай-ақ облыс әкімдігінің дербес құрамы мен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия құрамына толықтырулар енгізілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Көптен күткен қуаныш
Алдыңғы мақала
Көптен күткен қуаныш

Ұқсас жаңалықтар