Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ ертегілері жасанды интеллектпен қайта түрленді

Қазақ ертегілері жасанды интеллектпен қайта түрленді
Алтынбек Қартабай
Облыстық «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын пайдалану арқылы қазақ халық ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі. Ұлттық болмыс пен заманауи цифрлық мүмкіндіктерді ұштастырған бұл бастама көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болуда.

Жаңа телеөнімнің жабық көрсетілімі Тараз қаласындағы «Оқушылар сарайында» өтіп, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар мультфильмдердің мазмұны мен техникалық сапасына оң пікір білдірді. ЖИ арқылы жасалған анимациялық туындылардың саны 12-ге жетіп, жалпы ұзақтығы жиырма минутты құрайды. Топтамаға халық арасында кең таралған «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна», «Арыстан мен тышқан», «Алдаркөсенің хикаялары» сынды ертегілермен қатар, балаларға ой саларлық «Әбіш пен Абайдың хикаясы» сияқты тәрбиелік мәні терең туындылар енгізілген. Әр мультфильм соңында берілетін қысқа ой-толғамдар балалардың санасына сіңімді болатындай етіп жасалған.

Облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да жаңа жобалар телеарна көрермендеріне жол тартатынын жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды барлық салаға енгізу қажеттігін атап өтті. Біз бұл бағытты медиа саласына бейімдей отырып, ұлттық мазмұнмен толықтырдық. Қазіргі балаларға ақпаратты визуалды түрде беру – ең тиімді тәсіл. Ал қазақ ертегілері – тәрбиенің алтын арнасы. Осы екі мүмкіндікті біріктіре отырып, балаларға көркем әрі мағыналы өнім ұсынуды мақсат еттік. Бұл – жай ғана мультфильм емес, бұл – санамен сіңетін тәрбиелік құрал. Сонымен қатар, бұл бастама – аймақтық арналардың да үлкен жобаларға қабілетті екенін көрсетеді. Мультфильмдердің дыбысталуына «Balapan» телеарнасы қолдау көрсетті. Топтаманы эфирден бөлек, балабақшалар мен мектептерге де таратамыз. Тәрбиелік мәні зор осындай жобалар көбейе беруі керек, – деді телеарна басшысы.

Жаңа туындылар балалардың ерекше ықыласына бөленді. Тараз қаласының кішкентай тұрғыны Айбек Мыңжасар мультфильмнен ерекше әсер алғанын айтады.

– Мультфильмдер өте ұнады. Кейбір ертегілерді кітаптан оқысақ та, оларды экраннан көру, кейіпкерлердің сөйлегенін есту, бәрі басқаша әсер қалдырады. Осындай дүниелер ғаламторда да қолжетімді болса екен дейміз. Маған әсіресе «Әбіш пен Абай» туралы ертегі қатты ұнады.

Достарымызбен бірге мултфильмдерді тапжылмай отырып көрдім. Оларға да ерекше әсер сыйлады, – дейді ол.

Мультфильмдердің ішіндегі Тараз қаласына арналған арнайы шығарылым көрермендердің қызығушылығын ерекше оятты. Онда көне шаһардың көшелері, «Шахристан» кешені, тарихи нысандар мен қазіргі заман келбеті жасанды интеллект көмегімен көркем бейнеленген. Көзтартар көріністер мен шынайы көркемдеу жұмысы арқылы Тараз тарихы мен мәдениеті балаларға жаңа қырынан таныстырылып отыр.

Алдағы уақытта бұл топтама тек телеарна эфирімен шектелмей, «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар