Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа маусымның жаңалығы көп

Жаңа маусымның жаңалығы көп
Автор
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры өзінің 90-маусымының шымылдығын түрді. Бұл – өңір мәдениеті үшін ғана емес, қазақ өнерінің тарихы үшін де айтулы күн. Себебі биыл қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақстанның Халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толып отыр.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай арнайы қатысып, театр ұжымын айтулы белеспен құттықтады.

– Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының 90- маусымының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл театр – қазақ сахна өнерінің қарашаңырағы, тамыры тереңде жатқан руханияттың ордасы. Биылғы мерейтойға орай қазан айында республикалық театр фестивалін өткіземіз. Сонымен қатар, бұл жыл қазақ театр өнерінің классигі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығымен тұспа-тұс келді. Жаңа маусым Мұқағали Мақатаевтың поэтикалық драмасымен ашылды. Театр ұжымына шығармашылық шабыт тілеймін, – деді Ерлан Нұрманұлы.

Мұнан кейін театр әртістері көрерменге арнайы дайындалған қысқаша театрландырылған көріністі ұсынып, сахнаның сиқырлы әлеміне жетеледі. Бұл шағын сахналық композиция өнердің тылсым қуаты мен адам жанына әсері жайлы философиялық ой тудырды.

Салтанатты рәсім барысында сахна саңлақтары – театрдың ардагер әртістері қызыл кілеммен жүріп өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Маусымның ашылуымен қатар Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Онда алдағы уақытта жоспарланған маңызды жобалар мен премьералар туралы мәлімет берілді.

– Келесі аптада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, өнертану профессоры Дариға Тұранқұлованы арнайы шақырып, 22-28 қыркүйек аралығында актерлерге сахна тілі бойынша шеберлік-класс өткіземіз. Сонымен қатар, былтыр «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алған қырғызстандық режиссер Шамиль Дыйканбаевтың режиссерлігімен Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» повесінің желісі бойынша «Бақтығұл» драмасын сахналаудамыз. Оның премьерасы 1-2 қазан күндеріне жоспарланған. Ал 21-24 қазан аралығында театрдың 90 жылдығы мен Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі өтеді. 15 театрдан өтінім түсіп, сараптама комиссиясы 5 театрды таңдады. Бұл – қазақ театры үшін елеулі оқиға болмақ, – деді театр директоры.

Кештің ең басты сәті – Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» атты поэтикалық драмасының премьерасы болды. Ақынның драмалық шығармасы сахнада жаңа серпінмен, заманауи мәнерде, терең поэзиямен өрілген қойылым ретінде көрерменге жол тартты.

Қойылымда үлкен қалада бір-бірін тапқан қос ғашық – болашақ композитор Бағдат пен болашақ мұғалім Банудың нәзік сезімі, тағдырлы жолы баяндалады. Екеуінің арасындағы шынайы махаббат – замана мен орта, әлеуметтік қысым мен ішкі сенімсіздіктің сынағына түседі. Бағдат – тағдырдан таяқ жеген, жаны жалғыз жігіт. Бану – аңғал, арманшыл, сезімге адал қыз. Алайда олардың кіршіксіз махаббаты өтірік пен өсек, қызғаныш пен қызбалық алдында әлсіздік танытады. Ақырында Бану өз таңдауы үшін Бағдатпен қош айтысуға мәжбүр болады.

Сахна үш перде арқылы бөлініп, оқиға желісі тереңірек ашылды. Алғашқы екі перде Бағдат пен Банудың жақындасуына арналып, олардың ішкі сезімдерін, кіршіксіз махаббатын көрерменге жеткізді. Осы перделердің арасындағы байланыстың буылуы – екі жастың сезімінің байланысы іспетті берілді. Үшінші перде – Асанның бейнесі арқылы мүлде басқа кеңістікке ауыстырды. Бұл шешім – сахналық композиция тұрғысынан өте ұтымды болған. Бір сәт көрермен сахнадағы буылған перделер үшін уайымдап, сол перденің тағдырын күтіп отырғандай күй кешті. Ақыры Бану бейнелеген перде ажырап, Асанның пердесіне жалғанды. Бұл – өмірдің шындығы, кейде сезімдер асқақтап, кейде үзіліп, өзге бір жолға бет алатынын білдіргендей болды.

«Қош, махаббат» спектаклінде театрдың жас буын актерлері өнер көрсеткенін айта кеткеніміз жөн. Бұл – шығармашылық шеберліктің жаңа тынысы, сахнаның жас толқынының дебюті іспеттес болды.

Бағдат рөлін – Бауыржан Құлмамыр, Бану бейнесін – Қымбат Жамаш сомдады. Екеуінің сахнадағы тандемі сезімнің шынайылығын жеткізе білді. Асан рөлінде – Бексұлтан Әлекешов, Сәлима рөлінде – Зарина Асан, ал Айша бейнесінде Назерке Құлмамыр ойнады. Жас актерлердің сенімді ойыны, кейіпкерлердің ішкі жандүниесін ашудағы шеберлігі – көрермен ықыласына бөленді.

Жас көрермендерге жақын болу үшін қойылымда заманауи хит әндер, жастар арасындағы өзекті әзілдер де шебер үйлестірілген. Бұл – бүгінгі буынның қабылдауына икемделген батыл шешім болды.

Айбардың бейнесі сахнада нақты болмаса да, шығарманың өзегінде Мұқағалидың өзі жүргендей әсер қалдырды. Ақынның ізі, жан тебіренісі, нәзік болмысы қойылымның әр диалогында, әр өлең жолында көрініс тапты. Қойылым бойы Мұқағалидың танымал өлеңдері шебер қолданылып, музыкалық сүйемелмен үндесіп отырды.

Көрермен қауым жас актерлердің өнеріне ерекше ықыласпен қол соқты. Олар махаббат пен сенім, жоғалту мен үміт, қоғам мен тұлға арасындағы мәңгілік тақырыптарды шынайы жеткізе білді. Жағымсыз кейіпкерлер арқылы қоғамдағы материалдық мүдде, екіжүзділік секілді ащы шындықтар да сахнадан тыс қалмады.

Осылайша, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры жаңа маусымының шымылдығын ерекше қойылыммен ашты. «Қош, махаббат» – махаббаттың мәңгілік екенін, бірақ оны қорғау мен сақтаудың қиын екенін көрсеткен, көрерменнің жүрегіне жол тапқан туынды болды. Осылайша театр репертуары тағы бір мазмұнды шығармамен толықты.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар