Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Театр тірегіне айналған реквизитор

Театр тірегіне айналған реквизитор
А.Қартабай
Қандай да бір спектакль сахналанып, сәтті шығып жатса, көрермен ыстық ықыласын, қошеметін актерларға, режиссерға білдіріп жатады. Дегенмен қойылымның сәтті шығуы бүкіл ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Әсіресе әрбір қойылымға қажетті керек-жарақты әзірлеп, сахнаның сәнін кіргізетін реквизитор мамандардың еңбегін ерекше атау өтуге болады. Жуырда біз Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма тетрының реквизиторы Жалғат Айтуовмен тілдесіп, саф өнердің сахна сыртындағы сырларымен және сахна шымылдығы ашылғанға дейінгі қарбалас тіршілікпен танысып қайтқан едік.

Жалғат Айтуова 1962 жылы 16 желтоқсанда Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында дүниеге келген. 1981 жылы облыстық орыс драма театрына жұмысқа орналасып, еңбекке араласады. Осы жылы көктемде қазақ драма театрында актер болып қызмет етіп жүрген Болат Бекжановпен отау құрып, отбасылық өмірге қадам басады.

– 1983 жылы орыс драма театрынан жұмыстан шығып, Талас ауданының Ойық ауылына қоныс аудардық. Сол жерде Бөкең мәдениет үйінің директоры болды, ал мен Сейілбек ауылында клуб меңгерушісі болып еңбек еттім. Кейін Ойық ауылындағы асханада қызмет атқардым. 1990 жылы Тараз қаласына көшіп келдік. Бөкең облыстық телеарнаға редактор болып жұмысқа орналасты. Ал өзім әр салада бағымды сынап көрдім. Сөйтіп 2010 жылы қарашаңырақ Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ театрына қайта оралдым. Әуелі режиссердің көмекшісі, кейін реквизитор болып еңбек жолымды жалғастырдым. Театрға келгеннен бері өзге салаға ауысу ойымда болмады. Үлкендер «театрға бір кірген адам, қайтып шыққысы келмейді» деп жиі айтатын, сол сөздің рас екеніне көзім жетті. Жолдасым өнер адамы болғандықтан, мен де сахнаны сүйіп, театрға адалдықпен қызмет етіп келемін. Зейнетке шыққаныма екі жыл болса да, бұл ортадан алыстағым келмейді. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалпы жұмыстың оңайы жоқ. Әрқайсысының өз қиындығы болады. Сол секілді реквизитор болып жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәселен қойылым кезінде актердің сахнаға алып шығатын өз реквизиттері бар. Яғни керекті құрал-жабдықтары. Сол саймандардың көмегімен көрініс шырайы ашыла түседі. Менің жұмысым – актерлердің реквизиттерін орын-орнымен қойып, сахнаға алып шығуына дайындау. Спектакль басталмас бұрын екі сағат ерте келіп, дайындыққа кірісемін. Театрда үш буын өкілі актер болып қызмет атқарады. Аға буын, орта буын және жаңа толқын жастар. Осы үш буынның ішінде жауапкершілікті толық сезіне білетін, әр реквизитіне ұқыпты қарайтын, ештеңені естен шығармайтын аға буын өкілдері десем артық айтқаным емес. Дегенмен орта буын мен жастарды ұқыпсыз деп айтуға келмейді. Олар да өздеріне міндеттелген заттарды өз деңгейінде қолдана біледі, – дейді Жалғат Әбдірахманқызы.

Зал ішіне еніп, көрермен орынына жайғасқаннан кейін екі көзің мен бар ойың қойылымда болатыны анық. Алайда актерлердің қолындағы заттарға аса мән бере қоймаймыз. Спектакль барысында бір зат сынса, бірі істен шығады. Енді бірі өз деңгейінде қолданылмайды. Мұндай кезде реквизитордың көңіл күйі түсіп, бойы мен ойын уайым билей бастайды екен.

– Бізде қырыққа жуық спектакль бар, әрқайсысына қажетті құрал-жабдықтар алдын ала жазылып қойылады. Дегенмен олардың орындарын, санын, көлемін жаттап алуға тырысамыз. Актерлер сахнада ойнап жатқанда біз сыртта керекті заттарын дайындап тұрамыз, өйткені біз болмасақ, актерлер кей реквизиттерін таба алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар өзге қалаларға гастрольдік сапарға шыққанда да реквизиттерді түгендеп, көлікке артамыз. Қанша ұқыпты болсақ та кейде бірді-екілі зат көлікке салынбай қалуы ықтимал, ондайда такси арқылы артынан жеткіземіз. Дегенмен өзім ондай қателікке жол бермеуге тырысамын, бәрін қадағалап отырамын. Реквизит бірде сынады, бірде бұзылады, мұндай сәтте оны дер кезінде жөндетеміз. Сахна барысында ештеңе істен шықпаса деген тілекпен жұмыс істейміз. Әр актер өз реквизитімен толық әрі жақсы ойнап шықса, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Қойылымға қажетті заттарды қоюшы суретші мен бутафорлар алдын ала хабарлайды, соған қарай тізім жасалып, қойылым меңгерушісі бұйымдарды жеткізеді. Кейбір киімдер арнайы тігіледі, кей заттар қолдан жасалады, ал майда-шүйде керек-жарақ базардан сатып алынады. Мысалы, «Ромео и Джульетта» спектаклі үшін сахнаға 100 канистр су жеткізілген, мұның өзі оңай шаруа емес, – дейді Жалғат Айтуова.

Кейіпкеріміз жұмыспен қатар отбасылық өмірге де асқан жауапкершілікпен қарап, отбасы мүшелерінің арман-мақсаттарына бейжай қараған емес. Ол өмірлік серігі журналист, жазушы Болат Бекжанов жайлы да сөз қозғап, есте қалған жылы естеліктерімен бөлісті.

– Бөкең сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Онымен тұрмыс құрғанымда небәрі он сегіз жаста болатынмын. Содан бері 39 жыл бақытты да баянды ғұмыр кештік. Әрине, тағдырдың жазғанына қарсы келу мүмкін емес. Бақилық болғанымен, оның еңбегі мен жазбалары ел жадында мәңгі сақталарына сенемін. Өмірінің соңғы жылдары Бөкең Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрын басқарды. Бұл қызметі оңай болмады, талай қиындық болды. Соған қарамастан, ол үйге әрдайым көтеріңкі көңіл күймен кіріп, жұмыстағы ауыртпалықты сыртқа шығармайтын. Жарға да, досқа да, қызметіне де адал болып, еш нәрсеге салғырт қараған жоқ. Жолдасымды мен айтпасам да жұрт жақсы таниды. Ол актер де, журналист те, жазушы да болды. Кешкі тоғыздан ерте үйге келмейтін, жұмыстан кейін де жазу үстелінен бас алмайтын. Ол дүниеден өткен соң екі кітабын жарыққа шығардым. Театрды айрықша жақсы көрді, онсыз өмірін елестете алмайтын. Асқар Тоқпановтың есімін театрға беру ісіне де белсене араласып, көп еңбек сіңірді. Бірқатар драмалық шығармаларды жазып, бірнеше спектаклін сахналады. Балаларға арналған «Айболит пен қарақшы» атты ертегісі 5 жыл бойы аншлагпен өтті. Достарымыздың айтуынша, бұл қойылым қазір Астана жастар театрында сахналанып жүр. Шымкентте «Түлкі қалай зоопаркке барды?» атты пьесасы да көрермен көзайымына айналған еді. Бөкең үй шаруасына араласпайтын. Біз де оны ондай іске тартпадық, өйткені түздегі жұмысы аз емес еді. Тіпті газға шай қойып ішпейтін. «Үйдің тірлігін өзің шеш» деп жиі айтатын. Қазақта той ешқашан бітпейді ғой, сонда да той жайын сөз етсем: «Есіңде болсын, тойды ойлайтын уақытым жоқ. Бәрін өзің біл» дейтін. Жұмысына деген адалдығы осыдан-ақ аңғарылады. Екі ұлымыз бен екі қызымызға әкелік тәрбиесін толық беріп, болашақтарына азық боларлық тағылымды тәлім қалдырды. Бүгінде балаларымыздың барлығы жауапты қызметтерде жүр, – дейді Жалғат Әбдірахманқызы.

Театр сахнасының сыртында көзге көрінбейтін, бірақ тынымсыз қайнап жатқан жұмыс аз емес. Сол қыруар тірліктің басында әрдайым ерен еңбек иелері жүреді. Бүгінгі мақаламызда біз Жалғат Айтуова сияқты реквизитор мамандардың жауапты да күрделі қызметіне куә болып, олардың еңбегінің қаншалықты маңызды екенін сезіндік.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар