Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұңғыш нөмір біздің үйде жасалды

Тұңғыш нөмір біздің үйде жасалды
Автор
Қандай істі болса да бастау қиын. Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің де қалыптасу кезеңдерінің өзіндік тарихы бар. Мұнда алғашқы бас редактор Болат Бекжанов ағаның талантынан бөлек табандылығы, төзімділігі, ұйымдастырушылық қабілеті шешуші рөл атқарды. Ол кісі «Қайтсек жақсы газет шығарамыз?» деген оймен жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн-түн демей ізденіс үстінде жүрді. Біздің маңдайымызға осы бір бастапқы кезеңдерде еңбек ету бақыты бұйырған екен. Дегенмен ол шақтағы қарбалас жұмыстарды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ол уақытта редакцияның ғимараты да болған жоқ. Штаттық бірлік те санаулы еді. Мен дизайнер-беттеуші болып жұмысқа орналасқанмын. Газет беттерін көркемдеу, мәтін мен суреттерді үйлестру, оқырманға тартымды қылып жеткізу маған жүктелген. Бірақ жұмыс орнымыз болмағандықтан, алғашқы номерлерді біздің үйде жасауға тура келді. 

Бас редактор Болат Бекжанов, орынбасары Бақытжан Оспанов, тілші Телғара Үсенбайұлы ағалар азанымен біздің үйге келіп, жұмысымызды бастайтынбыз. Марат Құлибаев жауапты хатшы болғанымен әрі тілші, әрі теруші болып кететін. Өйткені адам аз. Содан бөле сіңілім Динараны жұмысқа алғанбыз. Ол сіңілімнің жасы сол кезде небәрі 16-да   еді. Бірақ бәріміз күліп ойнап,  жұмысымыздың қалай біткенін білмей қалатынбыз.

Авторлар кейде материалды соңғы сәтте әкелетін.  Біз түн ортасына дейін отырып беттеу жасайтынбыз. Шаршағанымызбен, шыққан газетті қолға алғандағы қуаныш бәрін ұмыттырып жіберетін.

Біздің жұмыс жасаған әрбір уақытымыз қызыққа толы болатын. Сондай қызық оқиғалардың бірін баяндап берейін.  Әдеттегідей үйдегі тыныш күндердің бірі еді.  Жауапты хатшы Марат аға ішкі бөлмеде терең ойға батып, компьютерге мәтін теріп  отырған. Сол сәтте сырттан інім Дәулет келіп қалады. Ол Марат ағаны Динара сіңлім деп ойлап, оны қорқытпақшы болып ішкі бөлмеге жасырын кіреді ғой. Сөйтіп есікті жәйлап ашып, біртүрлі қимылмен секіріп шыға келгенде Марат ағаның жалт қарап, шошып кеткені бар.  Дәулет те абдырап қалып, «Ойбай, қателестім»  деп қаша жөнелген еді.  Бөлме ішін күлкіге толтырған сол сәт редакцияның ұмытылмас естеліктерінің бірі болып қалды.

Сол уақытта қызықты оқиғалар көп болған еді. Жұмыс арасында шай ішіп отырып, әріптестермен болған әңгімелер  әлі күнге дейін есімде. Газет редакциясы мен үшін тек жұмыс емес, үлкен отбасындай болды.

Асыл Қартабаева,
Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар
газетінің алғашқы дизайнері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар