Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарысулық өрендер сенімді ақтайды

Сарысулық өрендер сенімді ақтайды
Автор
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қай салаға болсын оңай соққан жоқ. Бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы байланыстар үзіліп, әр ел өзіндік даму бағдарын айқындауға тырысты. Қазақстан да «әуелі экономика, сонан соң саясат» ұстанымымен ұзақ мерзімді стратегия қабылдап, сол бағытта алға жылжыды. Рас, терең тоқырауды еңсеру өте қиын болды. Дегенмен нақты мақсаттар аясында түйткілдердің түйіні бірте-бірте тарқатыла бастады. Барлық салалармен бірге адами капиталды дамытуға, оның ішінде жастарға жан-жақты жағдай жасауға баса назар аударылды. Экономикалық дағдарыс құрсауынан толық шыға қоймаған кезеңнің өзінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасының қабылдануы – осы сөзіміздің бір дәлелі.

Егемендік жылдары елімізде санасы азат, ойы сергек тұтас бір жаңа буын қалыптасып, өсіп жетілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ еліміздегі жастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Жастар саясатын іске асыру мақсатында елімізде жастар кеңесі, жастар ұйымдары, жастар саясатымен айналысатын қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыстар жүргізе бастады.

2000 жылдардың басында өскелең ұрпақтың ертеңі үшін мемлекет тарапынан маңызды шешімдер қабылданып, тың бастамалар қолға алынды.  

Осы жерде айту керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент  ретінде өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас  буынға ерекше көңіл бөліп келеді. Әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты қолдау тетіктері қарастырылды.

Мәселен, мемлекет  тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақмерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шаралары қолға алынды.

2019 жылдың 23 наурызы күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ел ішіндегі ең алғашқы жұмыс сапарын Түркістан облысынан бастап, Түркістан қаласында жұртшылықпен кездескені белгілі. Сол кездесуде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы  Қазақстандағы Жастар жылын өткізу ­барысына ерекше екпін беріп: «Біз жастар үшін жаңа мүмкіндік беруіміз керек. Соның ішінде олардың бизнеспен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына, табыс табуына жол ашу қажет. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында» деп атап көрсеткен болатын.

Бұл тұрғыда жастардың табысты әлеуметтенуі және әртүрлі шешімдерді қабылдауға толық қатысуы маңызды рөл атқарады.

Жастар – қай  заманда     болмасын,  асқақ арман мен үміттің,  ар мен намыстың символы, болашақтың жарқын айнасы. Кез-келген елдің болашағын оның негізгі қозғаушы күші саналатын, құнды стратегиялық және кадрлық ресурсы ретінде әрекет ететін жастар айқындайды.  

Сондықтан Қазақстанда жастар саясаты мемлекеттің маңызды міндеттерінің қатарына жатады.

Ел Президентінің өскелең ұрпаққа қатысты ой-пікірлерін,  әсіресе, жастарды білімді, білікті, еңбекқор, ең бастысы отаншыл болуға, заман талабына сай жаңа дағдылар мен мамандықтарды игеруге шақыруы уақыт талабын дәл баса отырып айтылған  тұжырым деуге  болады.

«Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралып жатыр.   Осындай жағдайда  жаңа   кәсіби дағдыларды меңгеруге  және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті   жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады.     Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек», -деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  атап өткендей, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жаңашылдық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік - нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар.  

Бүгінде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне араласуына, отандық патриотизм сезімін нығайту жолында       еңбек           етуіне           мүмкіндік   берілген. Сондай-ақ, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту мен денсаулық сақтау назардан тыс қалмаған. Жастар әрқашан тың идеялар мен жобалардың көш басында жүріп, елімізге септігін тигізетін берекелі істердің жаршысы болуда.

Өткенге көз жүгіртсек, мемлекеттік жастар саясатын толыққанды іске асыру мақсатында республика және облыс көлемінде, сондай-ақ, аудандарда бюджеттен қаржыландырылатын «Жастар орталықтарын» ашу туралы бастамалар көтерілді. Алдымен Астана, Алматы қалаларында, одан кейін облыстарда жастар саясатымен айналысатын «Жастар орталығы» мекемелері құрыла бастады.

Жамбыл облысында «Жастар орталығын» ашқан алғашқы аймақтардың қатарында  Сарысу ауданы да бар еді.  

2006 жылы арнайы қаулы негізінде құрылған коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны осы уақытқа дейінгі аралықта ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда белсенді жұмыс жасап, аудан жастарының  басын бір арнаға тоғыстырған іргелі орталыққа, жастардың ұйытқысына айналған.

Алғашқыда Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Сарысу жастары» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны деген атаумен ашылған орталық қазіргі таңда Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталады.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, психологиялық, құқықтық кеңес беру, NEET санатындағы уақытша жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізу – аудандағы жастар ресурстық орталығының басты міндетіне айналған. Бүгінгі таңда Сарысу ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы  12382 жас бар. Бұл аудан халқының 28 пайызын құрайды.  Оның ішінде Жаңатас қаласында жастар саны  6906 болса, ауылдық округтерде 5476  өрен тұрып жатыр.

Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы Сарысу ауданында да жүйелі жүзеге асуда. Осы орайда Сарысу аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жыл басынан бері бірқатар игі істерге ұйытқы болып келеді.

Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері 11 (рухани-адамгершілік, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық, экологиялық, этносаралық, әскери–патриоттық, жастарға кеңес беру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу) бағыт бойынша 633 іс-шара ұйымдастырылып, 10122 жас қамтылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына сарысулық жастар да белсене қатысуда. «Жасыл ел» еңбек жасағы,  Жаңатас қаласы мен ауылдық округтердің жастары елді мекендерде көгалдандыру, көгеріштендіру және тазалық жұмыстарын тұрақты өткізіп келеді.  Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық орындарды, аудан мешіттерінің айналасын, көпқабатты тұрғын үйлердің ойын алаңшаларын ретке келтіру мақсатында  сенбіліктер ұйымдастырылып тұрады.  

Даналықтың кілті болып табыла­тын  ата-әжелеріміздің өскелең ұрпаққа берері мол. Еліміздің алтын діңгегі саналатын қарттарымызды құр­меттеу - әрбір азаматтың басты мін­деті. Үлкенге құрмет көрсетуде сарысулық жастар да жолынан жаңылған емес.

«Қарттарымызды құрметтеу, олардың қажеттіліктеріне жарай білу - біздің парызымыз» дейтін сарысулық жастар мерекелер қарсаңында, бос уақытында ерікті түрде қарт кісілерге, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді.

Бүгінгі таңда, «Janatas jastary» мен «Біз Сарысуданбыз» атты волонтерлік қозғалысының ерікті жастары белсенді түрде жұмыстарын жүргізуде. Олар «Тегін такси», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» атты қайырымдылық шараларын, сондай-ақ, «Ардагерлерді ардақтайық!», «Саулық», «Қамқор» атты акцияларын ұйымдастырып, тыл ардагерлеріне, жалғызбасты қариялар мен көп­ба­лалы аналарға қолғабыс тигізуде.  

Жастардың көмегі қарт кісілердің көңілін көтеріп, күш беріп қана қоймай ертеңгі күнге деген сенімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.

– Ауданда жастардың бойына тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіре отырып, жастар және  кәмелетке жасы толмағандар арасында тәртіп орнату, сыбайластықтың алдын алу мен сақтық шараларын қалыптастыру бағыттары бойынша көптеген  іс-шаралар белсенді өткізіліп келеді. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын көтеру және мәдениетін арттыру мақсатында қала және ауылдық округтердегі колледждер мен мектептерде түсіндірме жұмыстары, кеңес берулер, кездесулер мен «дөңгелек үстел» жиындары  ұйымдастырылды. Орталықтың жыл басында бекіткен жоспарына сай, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жасөспірімдердің ата-аналарының және заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі сағат 22:00-ден, таңғы сағат 06:00-ге дейін ойын-сауық орталықтарында және түнгі уақытта қала көшелерінде жүрмеуін қадағалауға байланысты рейдтік  іс-шаралар  жүргізіліп отырады. Пробация есебінде тұрған жастарды «Мансап орталығының филиалы» арқылы қоғамдық жұмысқа орналастыру,  сондай-ақ, жұмыссыз жастардың шағын кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында «Бастау бизнес» жобасы арқылы 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қайтарымсыз грант алуы үшін бағыт-бағдар беріп отыру да жастар ресурстық орталығының назарынан тыс қалған емес. Жастар арасында жұмыссыздықты жою, жастарды жұмыспен қамту, әсіресе NEET cанатындағы жастарды жұмысқа орналастыру бойынша аудан әкімдігінің еңбепен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, кеңес беру алаңдары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жасөспірімдердің мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру мақсатында  «Мамандық таңдау – маңызды іс» жобасы әзірленіп, түрлі маман иелерінің қатысуымен аудандағы мектептердің жоғары сынып оқушыларымен мотивациялық кездесулер өткізілді. Уақытша жұмыссыз жастар санының өзгеріп отыруына байланысты, олардың  ай сайын тұрақты мекенжайын анықтау жұмыстары жүргізіліп тұрады, – деді  орталық директоры Мәдина Қайрат.   

Аудандық жастар ресурстық орталығы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырудың да ұйытқысы.

7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне арналған «Сапта жүріп ән айту» байқауы, аудан мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары мен колледж білімгерлері арасындағы түрлі әскери-патриоттық жарыстар, мемлекеттік мерекелер мен даталы күндерге арналған кездесулер, акциялар, тақырыптық «дөңгелек үстел» жиындары осы сөзімізді нықтай түседі. Сонымен қатар жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Әскерге бару - азаматтық парызың» тақырыбында Жуалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне  және Б.Момышұлының 115 жылдығына орай Жуалы ауданындағы батырдың мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.

Орталықтың  аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе өткізіп келе жатқан түрлі спорттық сайыстары жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, облыстық, республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерде өз нәтижесін беруде. Сарысулық спортшылар түрлі жарыстардан жүлдемен оралып, ауданның абыройын асқақтатып жүр.

Сондай-ақ жасөспірімдердің жазғы мезгілдегі демалысын  тиімді өткізу  мақсатында спорттық және сергіту ойындары да жаз бойы тұрақты өткізіліпті.

– Орталықтың маңызды міндеттерінің бірі әрі басты мақсаты – дарынды жастардың  шығармашылығын дамыту және оларды қоғамдық өмірге кеңінен тарту. Осы орайда ерекше атап өтерлік жобалар бар.  Солардың бірі – «Махаббат - мәңгі ертегі» атты лирикалық кеш. Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу күніне орай ұйымдастырылған бұл шара жас буынға рухани тәрбие беріп, өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Және де бұл шара ұлттық музыка мен поэзияны ұштастыра отырып, жастардың сезім әлемін байытуға жол ашты. Бұл бастама  ауылдық округтерде де өз жалғасын тапты. Бұдан бөлек Абай Құнанбайұлының 180 жыл толуына арналған «Көзімнің қарасы»,   Мағжан Жұмабаевтың туған күніне орай  Арыстанды ауылында өткен «Сен сұлу»,  Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясындағы «Ән аға»,  «Әнім сен едің» атты кештер көпшіліктің көңілінен шықты.  Саудакент ауылында өткен «Өткен күннің әуенімен» атты іс-шарада ретро әндер шырқалды. Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл шараларға тек қана жастар емес, тұрғындар да атсалысып, қариялар батасын беріп, қолдау білдіріп жатты. Ашық аспан астында елді ерекше әсерге бөлеген кештер жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерді кеңінен тануға мүмкіндік берді. Жергілікті өнерпаздар мен жас белсенділер осы алаңда өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай жастардың кәсіптік шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік аспаз - 2025» аспаздар байқауы мен «Профи-2025» және «Еңбекші елдің епті жастары» атты спартакиада және кәсіби байқаулары олардың еңбекке деген ынтасын оятып, болашақ мамандық таңдауына септігін тигізді. Бұл жобалар арқылы жастар өз қабілеттерін танытып қана қоймай, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды, – дейді мекеме директоры.

Шынында да, Сарысу ауданында жастар саясатын іске арысу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әр бағыт бойынша жаңа жобалардың қолға алынғаны қуантады. Мысалы, жастардың білімін арттыру мақсатында жоғары сынып оқушылары арасында өткен «Ойлы болсаң озып көр» атты аудандық интеллектуалды сайысты ерекше атап өтуге болады. Бұдан бөлек  Жайылма ауылында «Өнегелі ана, өнерлі қыз» сайысы, Ұзақбай Сыздықбайұлы ауылында «Fashion show» ұлттық киімдер байқауы ұйымдастырылған.  Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Әшір Бүркітбаев ауылында  «Алғысым шексіз қасиетті Қазақ еліне» атты этнос өкілдері арасында өнер байқауы өтсе, Ұлыстың Ұлы күніне орай аудан жастарының қатысумен «Алтыбақан» аясында  салт-дәстүрді насихаттайтын көріністер көрсетіліпті.

Сонымен қатар, ауданда ұлттық өнерімізді ұлықтап, жастар арасында күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Күй -құдірет,  күй -кие» атты аудандық жас күйшілер байқауы өткізілді.

Бүгінде «Жайдарман» ойыны да жастардың сүйіп көретін және сүйсіне ойнайтын әзіл алаңына айналған. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Сарысу ауданы әкімінің кубогі үшін «Жайдарман» ойыны тұрақты өткізіліп келеді. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты. Жастар арасында шығармашылықты, достықты және белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға, оларды ұйымшылдыққа баулу және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған дәстүрлі кубок биыл  Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналыпты. Қызықты сайысқа Тараз қаласы мен облыс аудандарынан 12 команда қатысып, өзара бақ сынады әрі өнерлерін көрсетті.

Сарысу ауданында әр салада қызмет етіп жүрген белсенді жастар жетерлік. Олар өзінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен еліміз­дің дамуы мен гүлденуіне өз үлес­терін қосып жүр. Аудан жастары қоғамдық, саяси және мәдени іс-шараларда да белсенді. Білімнің биігін бағындырып, спортта да елімізді әлемге та­ны­тып келеді.

Аудандық жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да жастардың әлеуметтік, мәдени және кәсіби дамуына бағытталған тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.  Мекеменің атқарған жұмыстары - тек жастар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін үлкен үлгі әрі пайдасы мол шаралар.

Жастар қай кезде де өз дәуірінің жалаугері, өз заманының жауапкершілігін арқалаушы негізгі күш. Жаңа дәуір ең әуелі қоғамдық ой-сананың оянуынан басталады. Бұл тұрғыдан келгенде, аға буынға қарағанда жастардың ой-санасы қағілез ­болатыны белгілі. Олар жаңа идеялар мен тың тұжырымдамаларды оңай қабылдайды, сөйтіп, өз дәуіріндегі ерте оянған топқа айналады.

Мемлекет басшысы 2019 жылы 10 желтоқсанда  Жастар жылының жабылуы және Волонтерлар жылының басталуына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету - қазіргі ұрпақтың қасиетті ­борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі - өздеріңіз! Бүгінгі ­жастар - еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәр­тебесі. Ұрпағын аялай білген халық ір­гелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз хал­қы­мызды әлемге танытқан ең асыл қасиет­терді сіздердің бойларыңыздан көргі­міз келеді» деп атап көрсеткен еді.  

Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының маңызды пайымы мен алғаусыз үміті, қазақ жастарының саяси мәртебесін ерекше жоғары бағалауы және жастарға деген шексіз сенімі.

Сарысулық жастар да қоғамның бір бөлшегі ретінде Мемлекет басшысы артқан сенімді ақтауға лайық болады деп сенеміз.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар