
Соңғы жылдары өңірде жалпы құны 289 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде 2023 жылы 13 өндіріс орны ашылып, 577 жаңа жұмыс орны құрылды. 2024 жылы 35 кәсіпорын іске қосылып, 1 453 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ірі жобалардың қатарында «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы, «KORCEM» цемент зауыты, «Karatau Chemicals» кәсіпорны бар.
Биыл жыл қорытындысымен жалпы құны 175,2 миллиард теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 301,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 48,1 пайызға артты. Тараз қаласындағы индустриалды аймақ толық инфрақұрылыммен қамтылып, алдағы жылы мұнда шағын өнеркәсіптік аймақ ашылады. Онда есік шығару, шыны өндіру, тамшылатып суару жүйелері, құрғақ құрылыс қоспалары мен бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылады. Сонымен қатар аудандарда Талас, Сарысу-1, Сарысу-2, Меркі және Құлан субаймақтары құрылуда.
Қайта жаңғырған «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы бүгінде ірі жобалар жүзеге асырылып жатқан Орта Азиядағы бірегей өндірістік алаңдардың біріне айналуда.
АЭА аумағы 805 гектарға ұлғайып, қосымша 400 гектар алаңда субаймағы құрылды. Мұнда жел генераторларына арналған зауыттың алғашқы кешені іске қосылды. Сондай-ақ өндірістік кремний зауыты, жүгеріні терең өңдейтін Орта Азиядағы ірі кәсіпорын (биыл жүгеріні қабылдай бастайды), жылына 3 миллион тонна темір бұйымдарын шығаратын металлургиялық зауыт, сутегі асқын тотығы өндірісі, желатин зауыты, мототехника өндірісі, натрий цианиді өндірісі және басқа да жобалар қолға алынған.
2025 жылдың қараша айында қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы «Еврохим Қаратау» ЖШС-нің ірі өндірісінің алғашқы кезеңі іске қосылады.
Жамбыл облысында атқарылып жатқан бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсеткендей, өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аймақтың өнеркәсіптік әлеуеті едәуір артып, облыс экономикасына тың серпін бермек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі