Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды
- author AR-AY
- Бүгін, 10:46
- 13

Бүгін, 16 қыркүйекте Астана халықаралық әуежайында Англияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан World Boxing ұйымының алғашқы әлем чемпионатында жеңіске жеткен Қазақстан құрамасын салтанатты түрде қарсы алды. Әйелдер құрамасын Алматы әуежайынан жанкүйерлер мен туыстары ыстық ықыласпен күтіп алды.
Қазақстан боксшылары бұл додада тарихи нәтиже көрсетті: 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Чемпионатқа 68 елден 540 спортшы қатысқан еді.
Ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай финалда алтын медаль жеңіп, ел қоржынына шешуші ұпай салды. Ол Қазақстан тарихында аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы болды.
Сондай-ақ 50 келідегі Санжар Тәшкенбай мен 55 келідегі Махмұд Сабырхан 2 дүркін әлем чемпионы атанып, қазақ боксының тарихына енді.
Жалпы, Қазақстан құрамасы өз тарихындағы үздік нәтижелердің бірін тіркеді: ерлер 32 жекпе-жектің 26-ында, әйелдер 30 жекпе-жектің 23-інде жеңіске жетті.
Алдағы уақытта ұлттық құрама әлем кубогы, Азия чемпионаты және 2026 жылғы Азия ойындарына дайындалады.