Президент Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысын қабылдады
- author AR-AY
- Бүгін, 15:35
- 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келген Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.
Президент ұйым басшысының бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалап, Қазақстанның діндер арасындағы диалог пен мәдениетаралық келісімді нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, 22 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан діндер съезі жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор ықпал етіп отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Иса Астанадағы съезді адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін бірегей алаң ретінде бағалап, Қазақстан халқына табыс тіледі.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлемдегі конфессияаралық келісімді нығайтуға және ислам өркениетін танытуға қосқан еңбегі үшін Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысын I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.