«Титаниктің» әнін жазған композитор Қазақстанға алғаш рет келді
- author AR-AY
- Бүгін, 17:45
- 18

Ол Түркістанда өткен халықаралық «Voice Beyond Horizon» музыкалық жобасына қатысты.
Жобаны Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan Broadcasting System арнасымен бірлесе ұйымдастыруда. Түсірілімдер Әзірет Сұлтан кесенесі, Отырар қалашығы, Karavansaray туристік кешені және этноауылда өтті.
Музыкалық бағдарламаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген орындаушылар қатысып, өнерлерін халықаралық сарапшылар бағалады. Қазылар құрамында «Титаник» фильміндегі әйгілі My Heart Will Go On әнінің продюсері Уолтер Афанасьефф болды.
– Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Алған әсерім ерекше. Мұнда тұрып, өмір сүргің келеді. Бұл – мен барған ең сүйікті қалалардың бірі, – деді композитор.
Жоба түсірілімдері Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астанада жалғасады. Финалдық кезең ел астанасында өтеді.
Hunan Broadcasting System арнасын күн сайын 210 миллионнан астам көрермен көреді. Осы жобаның арқасында шетелдік аудитория Қазақстанның туристік әлеуетімен танысатын болады.