Жаңа жылдық безендірусіз кеткен 8,4 млн теңге: әкім ескерту алды
- author AR-AY
- Бүгін, 16:58
- 16

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасаған бірқатар лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды.
Прокуратура органдары бюджет қаражатын жұмсау саласында заңдылықтың сақталуын қадағалау барысында мемлекеттік сатып алуда өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Есіл ауданында ТКШ бөлімінің басшысы орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойып, ауылдық елді мекендерге орнатылмаған су тазарту модульдері үшін өнім берушіге 31,3 млн теңге аударған. Қызылжар ауданында Бескөл ауылдық округінің әкімі де заңды айналып өтіп, аудан орталығын жаңа жылға безендіру жұмыстары үшін 8,4 млн теңгені негізсіз төледі.
Нәтижесінде ТКШ бөлімінің басшысы қызметінен босатылса, ауылдық округ әкіміне қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Жыл басынан бері осындай тәртіптік теріс қылықтар үшін облыста 10 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Оның біреуі жұмыстан босатылып, тоғызына қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.