Жаңа ғасырдың Қажымұқаны: әлем чемпионы Ұлттық ұлан сапында қызмет етуде
- author AR-AY
- Бүгін, 16:43
- 10

Ол Алматы қаласында орналасқан Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілген 5571 әскери бөлімінде қызмет атқаруда.
Түркістан өңірінің тумасы, қатардағы жауынгер Еркебұлан Келдібаев – гір спортынан үш мәрте әлем және Азия чемпионы, он дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері. Бала кезінен даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлігіне тәнті болған ол спортта шыңдалып, енді өз табандылығы мен жігерін әскер қатарында жалғастырып келеді.
Әскери бөлімге келген сәттен бастап Еркебұланды қарулас жолдастары ыстық ықыласпен қарсы алып, қайсар мінезі мен қарапайымдылығына риза болып, «Қажымұқан» деп атаған. Жауынгер бос уақытында да жаттығуларын үзбей жүргізеді. Өйткені шымырлық пен төзімділік әрдайым еңбек пен тәртіпті қажет етеді. Сол жігерімен ол қоғамдық тәртіпті күзетіп, қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қосып жүр.
– Ұлттық ұландағы қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімділік мектебі. Бұл спорттағы шыңдалумен үндес. Жастарға әскерге барудан қорықпауға, спортпен айналысуға үлгі болғым келеді, – дейді Еркебұлан Келдібаев.
Алдағы мақсаты – халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның туын әлемдік ареналарда биікте желбірету. Әскери бөлім басшылығы оған әскери қызмет пен спортты қатар алып жүруге толық жағдай жасап отыр.
Ұлттық ұлан әрдайым ел намысын әлемдік деңгейде қорғап жүрген жауынгерлерін қолдап келеді. Соның жарқын мысалы – қатардағы Еркебұлан Келдібаев. Ол спорт, әскери борыш және отансүйгіштікті үйлестіре алатынын өз ісімен дәлелдеп жүр.