
Облыстық «Aq jol» газеті ауыл-ауылға аптасына үш мәрте тарауда. Оның үстіне ел күнделікті жаңалықтарды күн сайын теледидардан көріп, радиодан естіп отыр емес пе? Әйтсе де 2000 жылдардың басында Жамбылда елге ерекше бір басылымның қажет болып жүргені анық еді. Өзінің ерекше стилімен, жаңашылдығымен, көзқарасының дәлдігімен, ойының тереңдігімен оқырманды баурап алатын, негізгі күшті рухани, мәдени дүниелерге салатын газет қажет болды.
Міне, осыдан 20 жыл бұрын «Ар-Ай» жастар газетін ашу кезінде осындай ойдың айтылғаны, сарапқа салынғаны анық. Мен «Ар-Ай» газеті қалыптасып, ақпарат әлемінде танылып, оқырманның алғысына бөленіп қалған кезінде бас редактор болып келдім. Сондықтан бұл газеттің дүниеге келіп, тәй-тәй басып, елге танылуында алғашқы бас редактор Болат Бекжановтың еңбегі өте орасан деп ойлаймын. Қашанда үлкен бір тірлікті бастау, жолға қою, тыңнан түрен салу өте қиын ғой.
Менің бас редактор болуымның басы былай басталды... Республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүргенде «Ар-Ай» газетіне бас редактор болу туралы ұсыныс түсті. Бірден келісе қойған жоқпын. Өйткені мені екі нәрсе қинады. Біріншісі -«Жас Алаш» газетінің дүрілдеп тұрған кезі. Былайша айтқанда, ханға әрең сәлем беретін кезіміз ғой. Өзіңмен өзің, еркінсің, таңертең жұмысқа барып, кешке дейін тапжылмай отырудың қажеті жоқ. «Жас Алаштың» әр нөміріне бір сын мақалам шығып, ертеңінде бүкіл облыс дүрлігіп жатқан кез. Осы еркіндігімнен, батылдығымнан айрылып қаламын ба деп қорықтым. Екінші нәрсе – «Ар-Ай» газетінің бұған дейінгі бас редакторы Болат ағамызбен сәлеміміз түзу еді. Сол сыйлас ағамның қызметін тартып алып жатқандай сезіндім.
Бірақ бұдан Болат ағамның өзі құтқарды.
Бір күні Болат ағамның өзі телефон шалып, редакцияға шақырды. Бардым. Кабинетінде отырып сөйлестік. Ол кісі әңгіменің ашығын айтты. «Оралхан інім, маған басқа қызмет беріп жатыр. «Ар-Ай»-дың бас редакторлығынан мені бәрібір кетіреді. Ол қызметті саған ұсыныпты деп естідім. Менің айтар ақылым, бұл қызметтен бас тартпа, келіс. Сен келмесең де бұл орынға басқа біреуді тағайындайды. Ұжымды, газет жұмысын жақсы білесің, сондықтан сенің келгенің дұрыс деп ойлаймын»,- деді.
Енді «Жас Алаштың» бас редакторы Рысбек Сәрсенбаймен сөйлестім. Шынымды айтсам, келіспейді, жібермейді, тіпті, «осындай ұсыныс түсіп жатыр» деп әңгімені бастағаннан-ақ ашуланатын шығар деп ойладым. Бірақ, олай болмады. Қанша дегенмен, Рысбек аға көпті көрген, салиқалы, тәжірибелі басшы ғой. «Айналайын, Оралхан, бұл «Жас Алаштан» талай бас редакторлар шыққан. Әрине, өзіңдей кадрды қимаймыз. Бірақ бас редактор болу екінің басына бұйырмайтын бақ. Қайда жүрсең де «Жас Алашты» ұмытпа. Қандай жетістікке жетсең де біздің «Жас Алаштың» кадры деп біз де өзіңмен мақтанып жүрейік. Бас редактор болуға ұсыныс түскен екен, бас тартпа» деп батасын беріп шығарып салды.
Сонымен 2011 жылдың қаңтар айының басында «Ар-Ай» газетінің бас редакторы қызметіне кірістім. Ал Болат Бекжанов Тараз қалалық газетінің бас редакторы болып ауысты.
Редакция Әйтиев пен Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйлердің ауласында орналасқан. Бір қабатты ескі үйдің 4-5 бөлмесіне біздің ұжым, қалған 3-4 бөлмесінде облыстық жастар орталығы жайғасқан. Ұжымда бас-аяғы 18 адам. Гүлнұр Ембердиева, Есет Досалы, Табиғат Абаилдаев, Нұрболат Әлдибек сияқты жас та болса жазуымен тәп-тәуір танылып қалған журналистер бар. Кейін Қамар Қарасаева, марқұм Телғара Үсенбаев қосылды. Жауапты хатшы – атақты Шолпан Бөгенбаева. Айтпақшы, тілші Дәулет Төленді Болат ағасының артынан сол редакцияға ауысатын болып, мен қызметке кіріскен күні жұмысынан босату туралы өтінішін жазып алып келіпті. Ары-бері әңгімелесіп едім, «Болат ағаға уәде беріп қойғам, сол жаққа ауыспасам болмайды» деп кесіп айтты. Сонымен алғашқы бұйрықпен Дәулетті жұмыстан босаттым.
Сол кездегі журналистиканың құдіретіне, ықпалына, абыройына таң қалмасқа амал жоқ. «Жас Алашта» жүргенде бір аудандағы мектептің директоры туралы сын мақала жазамын ғой деп фактілерін жинап жүрген болатынмын. Мектеп басшысы төңірегіне өңкей туған-туыс, жекжаттарын жинап алған екен. Бірақ «Жас Алашқа» беруге үлгермей сол мақаламды «Ар-Айға» бас редактор болғаннан кейін бірінші беттен бастап бердім. Әлі есімде, «Бекзаттарым-ай, жекжаттарым-ай...» деген тақырыппен жарияланған сол мақалаға жергілікті билік бірден назар аударып, әжептәуір әңгіме болып, артынша-ақ әлгі директорды жұмысынан алып тастады. Кейін ол директор білім бөлімі мен редакцияны сотқа берді. Біраз уақыт соттастық. Ақырында «Ар-Ай» газетіне қояр кінәм жоқ» деп арызын қайта алды.
Міне, «Ар-Ай» газетіндегі алғашқы күндерім осылай басталды...
Жұмысқа кіріскеннен кейін барып білдім, редакция бірнеше миллион теңге қарыз екен. Бірақ бұл бұрынғы басшылардың кінәсінен емес. Сол жылдары редакциялар қосымша құн салығын төлеуді білмей, арада біраз жыл өткенде кірістер департаменті бір күнде газеттердің мойнына миллиондап салық үйіп тастаған ғой. Бірден төлеп тастау мүмкін емес. Бухгалтер Бақыт Төлегенова екеуміз осы қарыздардан құтылудың жолын іздедік. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен облыстық кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсенбаевтың атына хат жазып, екеуіне де кіріп мәселені түсіндіріп, ақырында қарызды төлеу үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлгізуге қол жеткіздік. Сөйтіп редакция жылды табыспен аяқтап, жылдың соңында жап-жаңа қызметтік көлік алып, мәре-сәре болдық.
Тағы бір есімде қалған оқиға... 2012 жылдың ерте көктемінде Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Осы науқанға қатысқан тілші Табиғат Абаилдаев Т. Рысқұлов аудандық мәслихатына сайлау кезінде орын алған бір келеңсіз жәйтты жазып келді. Жазғанда «Нұр Отан» партиясының белден басқанын нақты фактілермен келтірген. Әрине, «Ар-Ай» облыстық бюджеттен қаржы алатындықтан биліктің газеті саналады. Былайша айтқанда мемлекетің газеті. Ал биліктің газеті биліктің партиясын сынауы мүмкін емес.
Бірақ жергілікті билік сайлау кезінде «Нұр Отан» партиясының үміткеріне қолдау көрсетеміз деп біраз дүниелерді белден басқан екен. Тілші сайлау кезінде болған былық-шылықтарды өткір жазыпты. Журналистің батылдығы да, мақалада келтірген фактілері де ұнады. Сонымен қысқасы, «тәуекел» деп мақаланы газетке сол күйінде басып кеп жібердік қой.
Ертеңінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы телефон шалып: «Мемлекет басшысының өзі басқарып отырған бас партияны қалай сынап отырсыңдар?» деп біраз ұрысты. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепбергеннің өзі де журналист болған, бұл саланың жұмысын жетік білетіп азамат қой. Өте сабырлы кісі еді. Ол телефон шалып, әңгімені орағытып бастап, біраз сілкілеп алды. Сол күні облыстық әкімдікте өткен үлкен жиында «Ар-Ай» газетінде шыққан мақаладағы фактілер талқыланды. Оған облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың өзі де қатысты.
Әлі есімде... Жиыннан кейін Мейрамбек аға қайтадан телефон шалды. «Оралхан, бағың бар екен. Құдай сақтап қалды. Газетте жазылған нәрселер өз дәлелін тапқандықтан ғана сендерге ештеңе дей алмай отырмыз. Әйтпесе өзіміз қаржыландырып отырған газет биліктің партиясын сынап жаза ма? Әрине, жастық жігер, батылдыққа сілтей салуға болады. Бірақ алдағы уақытта абай бол, бәрін ақылмен істе. Батылдықтың да шегі болады. Сен биліктің газетін басқарып отырсың» деп біраз ақылын айтты.
«Ар-Ай» – жастар газеті ғой. Мен бұған дейін жұмыс істеген «Жас Алаш» та бір кездері жастардың басылымы болған. Екі ұжымның аурасы бір-біріне қатты ұқсайды. Екеуі де еркін, ұйымшыл, ынтымақ-бірлігі мол ұжым. «Жас Алаш» газетінің ұжымы жаздың нағыз ортасында бүкіл жұмысты жинап қойып, 4-5 күн үзіліс жариялап, Ыстықкөлге демалуға кететіні бар. Қаншама жылдан бері осы жағдай дәстүрге еніп кеткен. Сол дәстүрді «Ар-Айға» да енгізгім келді. Ұжыммен келісіп, Ыстықкөлге демалуға баруға келістік. Бірақ облыстық ішкі саясат басқармасынан рұқсат сұрау керек екен. Өйткені сейсенбі күні газет шығарып, түнде жолға шығып кетсек, сәрсенбіден бастап аптаның соңына дейін жұмыста болмайын деп тұрмыз. Шет жағасын айтып, рұқсат сұрап едік «Бұл мемлекеттік газет, жұмыс күні қызметкерлер редакцияда отыруы керек, жоғары жақтан іздеп қалады, демалысқа сенбі-жексенбі күні барыңдар» деді ол жақтағы басшыларымыз.
Осы күні ойласам, жалындап, шиыршық атып тұрған кезіміз екен ғой. Сейсенбі күні кешке газетті баспаханаға жібердік те сол күні түнде ұжымды бастап Ыстықкөлге шығып кеттім. Бүкіл жауапкершілікті өз мойныма алдым. Қырғыз елінде бәрібір ұялы телефон алмайды. Яғни, басшылар таба алмайды. Сонымен аптаның аяғына дейін ұжыммен Ыстықкөлде алаңсыз демалдық. Келгеннен кейін демалыс кезінде түскен әдемі суреттерімізді газетке бір ауыз сөзбен бір бет қылып бердік. Ішкі саясаттағы басшыларымыз «Редакцияға телефон соқсақ бір адам жоқ, ешкім көтермейді» деп біраз сызданды, зілденді. Бірақ газеттегі суреттерімізді көргеннен кейін райынан қайтып, тіпті өздері де қызығып, «Барғандарың дұрыс болған екен, керемет демалыс болыпты» деп жібіп сала берді.
«Ар-Ай» газетінде 1,5 жыл бас редактор болдым. Басшы ретінде нағыз қызықты да жемісті күндерім осы басылымда өтті. 2012 жылдың мамыр айында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы меншікті тілшісі болып ауысып кеттім.
Әлі есімде... Шымкентке кетердің алдында Дәулет Төленді келіп қайтадан «Ар-Ай»-ға келу ойында бар екенін айтты. Бірден қолдадым. Сонымен соңғы бұйрығыммен Дәулетті жұмысқа алдым. Сол Дәулет Төленді кейін «Ар-Ай» газетінің бас редакторы қызметін де абыроймен атқарды.
Бүгінде «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы «Ар-Ай» газетін қолыма алған сайын заманға сай жаңарып, келбеттеніп, өркендеп келе жатқанын байқаймын. «Ар-Айдың» әр саны оқырманның бір апталық азығы. Тілші боламын деген талапты жастың ең бірінші аяқ тірер баспалдағы. Иә, бұл басылым қаншама жастың белін буып, қаламын ұштап, шығармашылықтың биік шыңдарына жетеледі. Сондықтан да қадірлі. Жас та болса қазыналы басылым.
Арада қаншама уақыт өтіп, заман ауысып, жүйе өзгеріп жатса да «Ар-Ай» өз ұстанымынан айныған емес. Менен кейін бұл ұжымға Гүлнұр Ембердиева басшылық жасады, Масат Берік ағамның да, Біржан Сөктай бауырымның да бас редактор ретінде қолтаңбасы қалды. Қазір Тұрсынбек Сұлтанбеков бастаған ұжым жасқа тән жігерімен, жаңашылдығымен, турашылдығымен, өткірлігімен танылуда.
«Ар-Ай»-дың жиырма жылдық мерейтойы құтты болсын! Бұл асудан «Ар-Ай» үлкен абыроймен асып отыр. Осы жылдар ішінде көптеген жұмыстар жасалды. Лайым, сол берекелі тірліктер жалғасын таба берсін!
Оралхан ДӘУІТ,
облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы