
Жақында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова журналистермен кездесіп, оқу орнының алдағы басты міндеттері мен даму жоспарларын таныстырды.
– Бүгінде республика аумағында 5 923 гидротехникалық нысан бар. Оған каналдар, шлюздер және басқа да құрылымдар жатады. Барлығы кеңес дәуірінде салынған. Бұл нысандарға жай ғана бақылау емес, уақытылы жөндеу, жаңғырту қажет, сонымен қатар жаңа гидротехникалық құрылыстар да салынуы тиіс, – деген Кәмшат Маратқызы соңғы бір жыл ішінде университет халықаралық байланыстарды күшейтіп, білім беру сапасын арттыруға және ғылымды дамытуға белсене кіріскенін жеткізді.
Кездесу барысында Кәмшат Түсіпова шетелдік оқу орындарында студенттердің өз елінен тыс жерде бір семестр немесе бір оқу жылын оқуы қалыпты тәжірибе екенін атап өтті. Ал Қазақстанда бұл тәжірибе әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Осыған байланысты ректор шетелдік университеттермен келісімдер жүргізіп, студенттердің шет елдерде білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.
Мәселен, Венгриядағы Обуда университетімен келісім аясында 400 студент тегін оқуға мүмкіндік алыпты. Жаңа оқу жылының өзінде алғашқы 45 студент шетелге аттанған. Сондай-ақ Венгрияның «Corvinus» университетімен бірлесіп, «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясы» мамандығы бойынша қос дипломды магистратура бағдарламасы ашылыпты. Оған қазірдің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің 29 қызметкері құжат тапсырған.
– Сонымен қатар оқу орнында алғашқы рет «Су ресурстарын басқару» бағыты бойынша PhD-докторантура бағдарламасы іске қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл бағдарламаға тек министрлік пен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері қабылданады. Мұның басты мақсаты – мемлекеттік деңгейде ғылыми негізделген басқару және су дипломатиясы тәсілдерін меңгерген мамандар даярлау. Сонымен қатар университет «Erasmus Design Measures» грантын жеңіп алды. Жоба аясында жаңа қос дипломды бағдарламалар әзірленіп, Су дипломатиясы орталығы құрылады. Жеті елдің университеттері қатысатын дипломатия орталығының алғашқы халықаралық кездесуі 29-31 қазанда Будапешт қаласында өтеді деп жоспарланған. Университет сондай-ақ құны 3 миллиард теңге болатын жасанды интеллект хабын құру жобасын әзірледі. Сол секілді Қытайдың Су ресурстары және электр энергетикасы солтүстік университетімен бірлескен зертхана ашу жөнінде меморандумға қол қойылды. Жаңа зертхана гидрологиялық және жерасты суларының модельдеуін дамыту, су қауіпсіздігі мәселелерін зерттеу және су ресурстарын басқаруға жасанды интеллект енгізу жұмыстарымен айналыспақ, – деді К.Түсіпова.
Кездесу барысында ректор журналистерге білімнің бірыңғай еуропалық жүйесі «Болон процессі» туралы да түсіндіріп өтті. Кейінгі 30 жылда кеңестік білім беру тәжірибесінің орнына енген бұл жүйе кезінде талай сынға қалған еді. Әсіресе, студенттерді «бір салаға ғана бейімделген маман қылып шығарады» деген пікірлер болған.
– Кеңестік білім беру жүйесі өзінің пайда болған кезеңінде, яғни өткен ғасырдың 30–50 жылдары үшін тиімді болды. Алайда ХХ ғасырдың соңына қарай қоғамның дамуы, техниканың өсуі, ақпарат ағынының ұлғайғаны соншалық, мұғалімдерге де, студенттерге де барлық қажетті білімді толық қабылдап талдау оңайға соқпады. Ал Болон үдерісінің мақсаты – нақты бір саланың ғана мамандарын даярлау емес. Оның басты артықшылығы – жаһандану жағдайында халықаралық білім стандарттарын біріздендіру, жоғары білімнің қолжетімді әрі қамтушы болуын қамтамасыз ету, студенттер мен оқытушылардың, зерттеушілер мен басқарушылардың еркін алмасуына жол ашу. Сондай-ақ әркім өз қабілеті мен қызығушылығына қарай жеке оқу жоспарын құрып, білімін даралап ала алады, – деді Кәмшат Маратқызы.
Ректор университеттің бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан қалған материалдық базасын да жаңғыртуға кіріскенін айтты. Қазіргі кезде демеушілердің қолдауымен мелиоративтік-әдістемелік кешеннің құрылысы басталыпты, заманауи зертханалар ашылуда. Университеттің кең аумағы мен әртүрлі мақсаттағы ғимараттарының болуы да үлкен артықшылық.
Сонымен бірге ректор Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке алғысын білдірді. Тараз қаласы әкімдігі алдағы екі жылда университет аумағын абаттандыруға 1,5 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ