
Университеттің Тәуелсіздік залында өткен конференцияда Тараз қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Бердалиев жастардың қоғамдық белсенділігін арттырудың маңызына тоқталып, сөз сөйледі.
– Бұл Жолдауда айтылған игі бастамалардың ішінде маған әсіресе ұнағаны бір палаталық парламенттің болатыны. Бізде бүгінде екі палаталы парламент жұмыс істеп келеді, бірақ бірін бірі қайталайды. Мысалы, бірінші палата мәжілістен өткен тақырып сенатта тағы қайталанады. Сондай-ақ, парламенттің сайлауы, одан соң сенаттың сайлауы деп, әр екі жыл сайын сайлау науқанын өткізе беретінбіз. «Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады» деді Президент, бұл өте құптарлық іс болды.
Өзім денсаулық сақтау саласында қызмет ететіндіктен, осы салаға қатысты және медицина қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға арналған іс-шаралардың толықтырылатынын тыңдап, қуандым. Қазір жедел жәрдем қызметкерлеріне және дәрігерлерге жасалып жатқан шабуылдарды да естіп жүрміз. Медицина қызметкрелері барынша адам жанын ажалдан арашалауға күш салады, сондықтан олардың қауіпсіздігі де басты назарда болуы керек, – деді Мұрат Бердалиев.
Жиынның қорытындысында қатысушылар Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда жастардың белсенділігі, жаңа бастамаларды қолдауы мен жаңашыл идеялары елдің жарқын болашағы үшін шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Қамар ҚАРАСАЕВА