
Тұрғындар қауіпсіздік ережесін сақтамай, қатерге тап болып, құтқарушылар көмегіне жиі жүгінетін орынның бірі – теміржол. Өкінішке қарай, жыл сайын бұл аумақта жазатайым оқиғалар орын алып, кейбір жағдайларда қайғылы оқиғамен аяқталуда.
Осы олқылықтың алдын алу мақсатында «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2025 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қыркүйегіне дейін «Шара қолдан – адам өмірін сақтап қал!» атты акция өткізілуде.
Акция аясында рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар теміржол маңында орналасқан мектептердің оқушыларына арнайы түсіндіру сабақтары өткізіліп, қауіпті аймақта жүрмеу жөнінде жадынамалар таратылуда. Өткелдер мен ескерту белгілері жаңартылып, тұрғындардың назарын қауіпсіздікке аудару жұмыстары күшейтілді.
Жазатайым оқиғалардың басты себептері – алкоголь өнімдерін тұтыну, вагондардың астынан өту, жүріп келе жатқан пойыздың алдынан жүгіріп шығу.
«Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» Тараз стансасында 2020-2025 жылдар аралығында 22 бөгде адам жарақат алып, оның 18-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Деректер теміржолдағы қауіпсіздік ережесін елемеудің қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді.
Сондықтан әрбір азамат теміржолдан тек арнайы өткелдер арқылы өтіп, белгіленген нұсқауларды қатаң сақтауы тиіс. Пойыздың бірден тоқтамайтынын есте сақтау, дыбыстық белгілерге құлақ түру – өмір қауіпсіздігінің кепілі. Вагондардың үстіне шығуға, астынан өтуге, қозғалыстағы пойызға мінуге немесе түсуге қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ теміржолдағы электр тоғының қаупі де жоғары, түйіспе желілеріне немесе үзілген сымдарға жақындау өлімге әкелуі мүмкін.
Тағы бір айта кетерлік жайт, теміржолды кесіп өтемін деп жарақат алып жатқандардың басым көпшілігі жеке бас қауіпсіздігін сақтамағандар, ішімдік ішкен соң мас күйінде қауіпті аймақта жүргендер. Осы ретте қандай жағдай болмасын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек екенін еске саламыз. Біріншіден, шеткі рельстен 5 метрден кем емес жермен жүру керек. Екіншіден, арнайы жолаушы өтетін жолды, көпірді немесе туннельді пайдаланған жөн. Үшіншіден, теміржолдың бойымен жүрмеңіз, таяп қалған пойыздың алдын кесіп өтпеңіз. Төртіншіден, теміржол өткелдері жабылып немесе өткел бағдаршамының қызыл түсі жанып тұрса, теміржолды кесіп өтпеңіз, бағыттама бұрмалардың үстімен, вагонның немесе автоматты қосқыштың астымен жүрмеңіз. Бесіншіден, рельстің үстінде отырмау немесе мініп тұрмау, алтыншыдан, теміржол бойына бөгде зат тастамау, лақтырмау ережелерін қолдану қажет.
Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындап, темір жолдың қауіпті аймақ екенін әрқашан есте сақтаңыздар.
Дархан ЕСЕНҒАЛИ,
«Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы
«ЖТ Жамбыл бөлімшесі» Тараз стансасының бастығы