Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Инвестиция – ел дамуының берік тірегі

Инвестиция – ел дамуының берік тірегі
Автор
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында елдің келешегіне қатысты маңызды ойлар айтылды. Онда көтерілген бастамалар қоғамды дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға және мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол ашады.

Мемлекет басшысы аталған Жолдауда Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту жөнінде нақты тапсырма жүктеді. Бұл қадам елдің экономикалық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Инвестиция тарту – қаржы көлемін арттыру ғана емес, жаңа технология әкелу, заманауи өндіріс қалыптастыру, халықты сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету деген сөз.

Расында да қазіргі жаһандық бәсекелестік жағдайында инвесторлар үшін күрес күннен-күнге күшейіп келеді. Сондықтан инвестициялық саясат тек капитал тартуға ғана емес, сонымен бірге технология, ноу-хау және сапалы жұмыс орындарын әкелуге бағытталуы тиіс. Бұл үшін елімізде инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсартатын, бизнеске ыңғайлы, ашық әрі болжамды орта қалыптастыру қажет.

Президенттің тапсырмасы осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге серпін береді. Инвесторлармен жұмысты жүйелендіру, рұқсат беру және реттеу рәсімдерін оңайлату, құқықтық кепілдіктерді күшейту, сонымен қатар өңірлік инвестициялық экожүйені дамыту алдағы реформалардың негізгі бағыттары болуға тиіс.

Сонымен қатар Президент Жолдауда елдің егемендігін, жердің тұтастығын сақтау ең басты міндет екені айрықша атап өтті. Бұл ой әрбір азаматтың жүрегіне жетеді. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық болса ғана біз кез келген қиындықты еңсереміз.

Бүгінгі жастардың отаншылдықты жаңа қырынан түсінуі – қоғамдағы өзгерістің белгісі. Жастар үшін елге деген сүйіспеншілік тек дәстүрлі құндылықтармен өлшенбейді, олар білімге, ғылымға, технологияға ұмтылып, жаңа іс бастауды нағыз патриотизм деп біледі. Бұл – Қазақстанды дамыған елге айналдыруға бағытталған ұмтылыс.

Президенттің жастарға сенім артуы – үлкен қолдау. Өскелең ұрпақтың бойындағы білімге құштарлық, жасампаздық пен жаңашылдық елді алға бастайтыны сөзсіз. Жасанды интеллект дәуірінде бейімделе білген жастардың күші – болашақтың кепілі.

Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзі Жолдауда қайта жаңғырып, өзектілігін айқындады. Әділ заң, білікті билік және саналы азаматтар бар жерде мемлекет те мықты болады.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,

Тараз қалалық жастар ресурстық

орталығының директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар