
Ал, білімді тұлғаға қашан да қолдау бар. Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауынан да осыны көрдік. Мемлекет Басшысы «Бізге білікті мамандар өте қажет» деп, шетелдерде жүрген білікті азаматтарымызды ұлтына қарамастан елге қайтаруды тапсырды.
«Сапасы жоғары адами ресурстар қажет» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы жан-жақты дамыған, біліміне сай тәрбиелі тұлғаның қоғамды, елді дамытуға қосар үлесі зорын айтты. «Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орындары бос тұр» деген сөзінен кәсіби білімі бар, қолынан іс келетін адамға барлық жерден жұмыс табылатынын айғақтады. Яғни, «Жұмыс жоқ» деп бос жүргендер өзін дамыта алмағандар, бойында бар қабілетін біліммен шыңдай алмағандар. Яғни, бұл жай ғана сылтау. Сондықтан, жұмыссыз жүргендер Мемлекет тарапынан тегін оқытылатын жұмысшы мамандықтарын меңгерсе, қоғамнан өз орынын табады. Президент «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек» деп тапсырып, қарапайым еңбек адамдарын ардақтау биылғы атаулы жылмен шектеліп қалмай, жалғасатынын жеткізді.
Білім тәрбиемен бірге берілуі керегін сонау ертеде-ақ Әл-Фараби бабамыз өсиеттеп кетті. Бүгінгі Жолдауда Мемлекет Басшысы да «Заң және тәртіп бәріне ортақ» деп, қоғамдық тәртіптің сақталуына да баса көңіл бөлді. Білімді адам тәртіпті де назарда қатаң сақтайтыны сөзсіз.
Президент өз Жолдауында бүгінгі жастар елді сүю дегенді халыққа пайдасы тиестін жаңалық ашу, туған еліне қалтқысыз қызмет ету деп ұғынса, бағындырмайтын белес жоғын да айтты. Жаңалыққа бейім, білімге құштар жастарымыз мемлекетімізді өркениет биігіне жеткізері анық.
«Жастардың күш-жігеріне, олардың дарынына мен сенемін» деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін сүйетін жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, көптің көкейіндегі жарқын болашаққа деген үмітті күшейтті. Жігерлі жастар да білім іздеп, елдің игілігіне еңбек етудегі әрекеттерін ізгілікпен жалғастыра береді.
Айбек Кадралиев,
Облыстық Жастар ресурстық
орталығының диерктиоры