
Жолдау жасанды интелекті дәуірінде экономиканы әртараптандыру, цифрландыру жүйесін жетілдіру мен инвестициялық ахуалды арттыруға бағытталған маңызды міндеттерді айқындап берді.
Ел келешегін айқындаған маңызды жиында еңбек адамдарына айрықша мән берілді. Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Президентіміз атап өткендей, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Бүгінде энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау еліміздің басым бағыттарының бірі болып отыр. Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты. Сондықтан адал еңбектің үнемі жоғары бағаланатынын ел жастары естен шығармауы тиіс.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!
Әлібек САТҚАНБАЕВ,
«Қазфосфат» ЖШС
Қаратау тау-кен байыту кешенінің техник-технологы.