
Президент Алматы маңында салынатын Алатау қаласы (Alatau City) еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығына айналуы тиіс екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлініп, бастапқы жоспарлау мен инфрақұрылымдық желілердің тартылғанын айтты. Сонымен бірге Қытай сапары барысында құны миллиардтаған долларлық келісімдер жасалып, Шэньчжэнь технополисін салуға қатысқан компанияның Alatau City жобасына атсалысатынын хабарлады.
Президент қаланы Үкіметке тікелей бағынатын етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты 10 күн ішінде әзірлеуді, ал жарты жыл ішінде жеке заң қабылдауды тапсырды.
Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала болмақ. Онда Smart City технологиялары енгізіліп, тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтар қолданылмақ.
«Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеу мен қолайлы өмір сүру үйлесім табуы қажет», – деді Президент.