Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тоғызкентте өрт сөндіру бекеті ашылды

Тоғызкентте өрт сөндіру бекеті ашылды
Автор
Соңғы жылдары әрбір ауылдық округте ерікті құтқарушы жасақтары құрылып, жергілікті жерде алғашқы көмек көрсететін құрылымдар күшейтілуде. Мұның айқын дәлелі – Сарысу ауылында жақында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеті. Игі бастаманың жалғасы ретінде Тоғызкент ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру пункті іске қосылды.

Жаңа нысан республикалық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр. Сонымен бірге «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен де үндесіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне қызмет етпек. Сондықтан да бұл оқиға жергілікті халық үшін үлкен қуаныш.

Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы келіп, елге жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Бүгінгі күні біздің алдымыздағы басты міндет – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдай болған сәтте уақыт жоғалтпай әрекет ету. Әр ауылда мұндай өрт сөндіру бекеттерінің салынуы – мемлекеттің халыққа жақын болуының, қауіпсіздікке деген жауапкершіліктің нақты көрінісі, – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Сондай-ақ ол жаңа пункттің ашылуы ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның қауіпсіздігіне оң ықпал ететінін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек те көпшілікке құттықтауын жеткізді. Қанатбек Қайшыбекұлы өз сөзінде: «Мемлекет басшысы ауылдың дамуына, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне ерекше назар аударып отыр. Бүгінгі ашылып отырған нысан – соның айғағы. Бұл пункт тек өртке қарсы қызмет қана емес, жалпы ауылдық жердің тұрақтылығы мен тыныштығына үлес қосатын маңызды мекеме болмақ. Ең бастысы енді Тоғызкент тұрғындары өздерінің қауіпсіздігі сенімді қолда екенін сезінеді», – деді.

Нысанның лентасын Шыңғыс Әрінов, Қанатбек Қайшыбекұлы және медицина саласының ардагері, Жаңатас қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев қиды.

Ауыл тұрғындары атынан Тоғызкент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Еркінов сөз алып, мемлекет пен облыс басшылығына алғысын білдірді. Т.Еркінов бата берерден бұрын: «Қауіп-қатерсіз, бейбіт өмір – әр адамның арманы. Осы жолда атқарылып жатқан жұмыс – бәріміз үшін үлкен қуаныш. Жаңа бекет ауылымыздың қорғанына, сеніміне айналсын», – деді.

Мұндай бастамалар жалғасын тауып, ерікті құтқарушылар жасақтарының жұмысы кеңейе берсе, өңірдің қауіпсіздігі де, елдің көңілінің тыныштығы да арта түспек.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар