Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шудың бойы ен тоғай...

Шудың бойы ен тоғай...
Автор
Қоқан хандығының бағынысында болып келген Әулиеата өңірі патшалық Ресейдің 1863-1864 жылдардағы басқыншылық әрекеттерінің салдарынан орыс империясының құрамына кірген. Сол заманда осы өңірлерде Сырдария және Жетісу уездері құрылып, олар Түркістан генерал губернаторына бағынған. Патша үкіметінің 1867 жылы 11 маусымда қабылданған жаңа жерлерді басқару жөніңдегі «Уақытша ережесіне» сәйкес Әулиеата уезі құрылып, ол Сырдария облысына қараған.

1917 жылы Қазан төңкерісі патшаны тақтан тайдырып, Ленин бастаған большевиктер партиясы билік басына келді. Бұл дүмпу қиянда жатқан алаңсыз қазақ жұртын дүр сілкіндірді. Сол кездері Шу өзенінің сол қапталын мекендеген ел Сырдария губерниясының Әулиеата уезіне қарайтын. Негізінен Аша болысы билік құрған. Аша болысының аталуы осы өңірдегі екі үлкен өзен - Шу мен Қорағатыға байланысты. Қырғыздың Қошқар-Тоқмақ таулы өңірлерінен бастау алған Қорағаты өзені батыс жақтан Меркі, Луговой аудандарының жерлерін басып өтіп, Мойынқұм ауданына тақай бергенде Құйған деген жерде Шу өзеніне қосылады. Осы жерге қарасаңыз, екі айрық ашаны еске түсіресіз.

 Ал өзеннің оң қапталы Жетісу губерниясының Пішпек уезіне бағынған. Қазан төңкерісінен кейін уезд 1918 жылғы 30 сәуірде құрылған автономиялық Түркістан Кеңестік социалистік республикасының құрамына енді. 1924 жылы Орта Азиядағы Ұлттық-аумақтық межелеуге байланысты уезд Сырдария облысына, кейінірек Алматы округына тиесілі болды. 1927 жылы әкімшілік-аумақтық аудандастыруға сәйкес уезд негізінде 6 аудан құрылып, олар Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Талас, Свердлов деп аталып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына кірді.

Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің 1930 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен Алматы облысында Шу ауданы құрылды. 

Өлкенің өндіргіш күштерін жеделдете дамыту және оны әлеуметтік-мәдени тұрғыдан түлету жөніндегі мәселелерді шешу мақсатында 1939 жылғы 14 қазанда өз алдына бөлек Жамбыл облысы құрылды. Оның құрамына 6 ауданнан басқа Алматы облысынан Қордай, Красногор, Шу, ал 1951 жылы Оңтүстік Қазақстаннан Жуалы ауданы бөлініп берілген.

Географиялық тұрғыдан облыс аумағы негізінен жазық болып келеді. Климаты – құрғақ және континентальды.

Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Михаил Ткаченко бекітілді. Облыстың құрамына кірген Шу ауданы комитетінің бірінші хатшысы  қызметін осы лауазымды  1938 жылдан атқарып келе жатқан Батырбек Бәкенов жалғастырды. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Шу жерінде атқарылған қым-қуыт  тірліктің бел ортасынан табылды. 1946 жылы шілде айында Б.Бәкенов Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебін бітіріп, білімін жетілдіреді. Көп ұзамай ол Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кірісті. 1947 жылдың тамыз айында кенеттен қайтыс болды.

Жаңа құрылған облыстың алдында шаруа шаш-етектен еді. Негізінен ауыл шаруашылығын дамытуға ден қойылды.

Ол заманда Шу өзені арнасынан асып-тасып жататын еді. Оның Қордай, Шу, Меркі, Луговой, Көктерек аудандарына баратын су арналары әсіресе жаз мезгілінде арнасына сыймай, аумақты суға бөктіретін. Осы мол суды ауыздықтап, соның нәтижесінде кең даланы егіске айналдыру міндеті алда тұрды. Облыстағы бастауын Қырғыз жерінен алатын Шу, Талас, Аса өзендерінің бойында аудан, ауылдарды орналастыру көзделді. Көшпелі халықты жерсіндіру, диқаншылық кәсіпке баулу күн тәртібіне қойылды. Ата-ата болып әр төбенің сайында өмір сүріп отырған ұсақ қазақ отбасыларын біріктіріп, ұжымшар болып орналастыру көзделді. 1941 жылдың желтоқсанында болған облыстық партия комитетінің пленумы 1942 жылға жаңа межелер белгіледі. Онда суармалы егіс көлемін 155 мың гектарға жеткізу, соның ішінде қант қызылшасын 22,5 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті жүктелді.  Егіс далаларына 325 мың тонна көң  шашылды. Жамбыл, Свердлов, Талас, Сарысу аудандарының колхозшылары Талас плотинасының және «Ынталы» су қоймасы суландыру жүйесі каналдарының құрылысын бастады. Егістік көлемінің жоспары 215 мың гектар болып белгіленді. 1932 жылдан бастап облыс аумағында техникалық дақылдар егіле бастаған. Соның ішінде қант қызылшасын өсіруге ден қойылды. Осы қант қызылшасы Жамбыл жеріне жерсінгені сондай, осы дақылды өсіруде облыс диқандары ерледі. Бұл іске мына төмендегі жайлар түрткі  болса керек.

1910 жылы қазіргі Қордай ауданының орталығы Георгиевка селосына келген тегі дворян, мамандығы инженер В.Васильев Шу өзенін жан-жақты зерттеп, оны игерудің жобасын жасап, патша өкіметіне ұсынды. Әрине, патша өкіметі бұратана халықтардың табиғи байлығын игеру, оны ел игілігіне пайдалану ісіне мән беруге құмарта қойған жоқ. Сондықтан патша өкіметінің жер игеру басқармасының бастығы, князь В.Масельский инженер В.Васильевтің жобасына: «Бұратана халықтар мекендеген өңірді игеру кімге керек?» деп жазып, ысырып тастай салады. Шу өзенінің өңірін игеруге құлшынып, оның жайын Ленинге бірінші жеткізген орыс ирригаторы осы В.Васильев болды. Нәтижесінде Түркістанды суландыруға 50 мың сом қаржы бөлу, Шу өзені бойынан 94 мың гектар жерді игеретіндей суландыру жүйесін салуға байланысты Кеңес өкіметі атынан 1918 жылғы 7 мамырда және 27 тамызда  арнайы Декреттерге қол қойылды.

В.Васильев  өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Бішкекте көлік апатынан қайтыс болып кетеді. Алайда күрескер, табанды азаматтың қолға алған ісі сәтімен жүзеге асса керек.

Жалпы бастауын Қырғыз жерінен алатын Шу мен Талас өзендерінің суына  деген талас  екі туысқан елдің арасында күні кешеге дейін созылып келді. Оны айта берсек ұзақ әңгіме. Осыған қоса ВКП(б) Орталық Комитеті мен КСРО Халық комииссарлар кеңесінің  1940 жылғы 17 мамырдағы «Ортатоғай су қоймасын және Үлкен Шу каналын салу шаралары туралы» қаулысы үлкен істің бастау алуына сеп болды. 1941 жылы 10 наурызда қазақ пен қырғыздың 60 мың колхозшысы партияның қаулысын жүзеге асыру мақсатында Үлкен Шу каналын салуға білек сыбана кірісті. Облыста сол жылдары ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілді. 1940 жылы әр гектардан 9,4 центнерден дәнді дақыл жиналса, 1947 жылы бұл көрсеткіш 12,9-ға жеткен. Сол сияқты облыстағы негізгі дақылдардың бірі – қант қызылшасының көлемі мен түсімін арттыруда да ілгерілеушілік болған. 1940 жылы әр гектардан 215 центнерден тәтті түбір жиналса, 1947 жылы 270 центнерден өнім алынды. Осы жылдары суармалы жердің көлемін көбейтуге баса назар аударылды.  Соғыс жылдарындағы қиыншылыққа қарамастан Тасөткел және Жамбыл су қоймалары салынды. Тасөткел суару жүйесі 1942 жылы іске қосылды. 1957 жылы бас жағы қайта жаңғыртылды. Жүйенің жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайды. Соның нәтижесінде шарушалықтардың 23 мың гектар жері суарылады. Құрылыс жұмыстарына Меркі ауданынан 984, Свердлов ауданынан 584, Жамбыл ауданынан  660, Шу ауданынан 239, Красногор ауданынан  582, Луговой ауданынан  671, Қордай ауданынан  1601, Көктөбе ауданынан  1105, барлығы 8577 адам қатысты.

Тасөткел плотинасы 1963 жылы іске қосылған. 1974 жылы қайта жөнделді. Ауданы 78 шаршы шақырым. Ал  ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Су сыйымдылығы 620 миллион текше метр. 

Сол тұста аудан орталығы саналатын Ново-Троисцкде 4567 тұрғын тұрды. Оның 2368-і колхозшылар болатын. Ол теміржол станциясынан 8, облыс орталығынан 255, ал Алматыдан 312 шақырым қашықтықта еді. Ново-Троисцк қонысын 1906 жылы орыс қоныстанушылары құраған деседі. Ол заманда бұл жерде жәрмеңке өтетін болған. Орта Азияның түкпір-түкпірінен саудагерлер бас қосып, сауданы қыздырған.

Қазіргі Шу қаласының іргесі 1928 жылы Түрксіб теміржолының төселуіне байланысты қаланған еді. Ол кезде бұл жерде шағын Тоғай ауылы ғана болатын. Тоғай ауылының орны аты айтып тұрғандай ит тұмсығы өтпейтін ну қамыс еді.  Қазіргідей шатырлы үйлер болмаған, бір-біріне жалғаса жаппа тамдар орналасқан. Қорадағы малы да, отын-суы да далада ашық-шашық жататын. Тоғайдын солтүстік жағы ашық дала, қалың жусан өсетін.

Сол уақытта жұмысшы-теміржолшылар, құрылысшылар, мамандар жан-жақтан келіп, қоныстанды. Алғашқыда олар екі осьті жүк вагондарында тұрды. Бірте-бірте темір жолдың екі жағынан тұрғын үйлер, қоғамдық, әкімшілік ғимараттар салынды. Бұрынғы НГЧ-13, қазіргі «Көмір сервис ЮиК» ЖШС аумағында кәдімгі жүк вагоны тұрды. Бұл алғашқы темір жол вокзалы еді. Негізгі вокзал 1932 жылы салынды. Ол қазіргі жаңа вокзал салынғанда ғана бұзылды.

1941 жылдың маусым айында кенеттен бұрқ ете қалған соғыс елдің еңсесін түсіріп-ақ кетті. Жер-жерде митингтер өтіп, жастар майдан қатарына аттанып жатты. Майданға аттанған тепсе темір үзетін жастардың орнын қарттар, қыз-келіншектер басты. Жас балалар буыны бекімей жатып, ауыр жұмыстарға жегілді. Соғыстың алғашқы айларында-ақ майданға киім-кешек, азық-түлік жинау науқаны басталды. Сол күндерде облыс халқы жауынгерлерге 77 вагон сыйлық жөнелтсе, олардың арасында Шу ауданының еңбекшілері өсірген алтын түстес астық мол болды.  

Партия мен үкімет “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!” деген ұранмен елді біріңғай әскер лагерге айналдыруға күш салды. Ел тірлігін соғыс жағдайына қайта бейімдеп құру басталды.

1941 жылдың тамыз айында Жамбылда 81-атты әскер дивизиясы жасақталды. Арада көп өтпей қараша айында Бас қолбасшының бұйрығымен 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы құрылды.

Енді ғана құрылған  Жамбыл облысында бір емес, екі атты дивизияны жасақтау оңайға түспеді. 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтау жөніндегі облыстық комиссия төрағалығына облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә.Жансақалов тағайындалды. Облыстық архивтің 282-қорының 1-тізіміндегі 340-ісінің 22-бумасында Жамбылда жасақталған дивизия жайлы мәлімет баршылық. Шу аудандық комиссариатынан Жамбылда жасақталып жатқан 105-атты әскер дивизиясына 1921-1922 жылдары туған Сармамбет Қоқымбаев, Мұқатай Піспекбаев, Өмеш Нұрманов, Әубәкір Рахымбаев, Жұмағұл Қасенов, Әуес Әлімжанов, Ұзақбай Босжанов, Биғазы Тоқбергенов, Жұман Дауылбаев, Жұмаш Жапаралиев, Ақылбек Тоқбергенов, Мұсахан Нәметқұлов, Қанай Нұрланов, Бәкір Абуов, Сабыр Исмаилов, Әбіш Әбдірайымов, Әмірбай Шорышбаев, Жапсарбай Терекбаев, Қосымбай Ахметбеков, Дүйсен Асанбаев, Сағи Дүйсебаев, Жолдасбай Тайшабаров, Нұртай Сембиев сынды сарбаздардың келіп қосылғаны жөнінде мәлімет бар.

Партия Қызыл әскердің қуат күшін еселеп нығайту үшін қорғаныс қорын құруға шақырды. Шу ауданының еңбекшілері де бұл үндеуді қызу қуаттады. Шу ауданының еңбекшілері аз уақыттың ішінде 458 қысқа тон, 1041 пима, 837 жылы қолғап, 1086 шұлық, 194 шұлғау, 139 көйлек, 2305 килограмм жүн, 1169 тері сияқты заттар берді. Қосқұдық сексеуіл өндірісінен 400, Шу стансасынан 900-дей адам киім жинау науқанына белсене қатысты.

Соғыстың салған зардабы зор еді. 1941 жылы бір ғана Ленинград облысынан 30 мың фин көшіріліп әкелінетіні облыс басшыларының аудандарға жолдаған хатында айтылған. Олар әр ауданға таратылып берілген. Осы күзде Ленинградтан арып ашып жеткізілген еріксіз қоныс аударушылардың 4000-ы Шу ауданына бөлінген. Ал 1944 жылы облысымызға Солтүстік Кавказдан 21 810 шешен, балқар-ингуш жер аударылып жеткізілген. Олардың дені қарттар, әйелдер мен балалар еді. 1944 жылғы мәлімет бойынша 62 197 адам көшіріліп және жер аударылған. Тумысынан бауырмал қазақтар оларды жатсынбады. Бауырына басып, бір уыс бидайды бөлісіп жеді.

«Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасау қорына Шу ауданы 1942 жылдың аяғында 2,3 миллион сом жинады. Авиаэскадрилья жасау үшін қаражат жинау да қызу жүргізілді. Бұл тұрғыда Шу ауданы 2,1 миллион сом көлемінде үлес қосты. Сондай-ақ облыс еңбекшілері мемлекеттік заемды да көптеп сатып алды.

Қызыл әскер 1943 жылдың жазында жауды  Курск иініне тықсырған кезде облыс еңбекшілері көмекті бүрынғыдан да күшейте түсті. Сөйтіп сол жылғы 15 мамырға дейін майдан қорына 18 миллион 184 мың сом қаражат берілді.

1941 жылы ауданда Калинин атындағы ұжымшар күріш плантациясының әр гектарынан 360 пұттан өнім алды. «Бірлікүстем» ұжымшары қызылшаның әр гектарынан 200 центнер,  «Красная Весна» ұжымшары картоптың әр гектарынан 100 центнер өнімге қол жеткізді.  

«Мойынқұм» ұжымшары жоспардан тыс 12000 пұт, «Белбасар» ұжымшары 3660 пұт астық тапсырды.  «Сарбұлақ», «Көктөбе», «Көкқайнар», «Үңгірлі» және Ленин атындағы ұжымшарлар да жоспарды асыра орындады.    Қант қызылшасы ауданның негізгі егісіне айнала бастады. Колхозшылар таңның атысынан күннің батысына дейін тынбастан тер төкті. Қызылша тасу науқанында еңбекшілер нормаларын екі есе артық орындады.

1941 жылы «Көктөбе» ұжымшарының звено бастығы Қарабаева Жүзімбала қызылшаның әр гектарынан 465 центнерден, Маймақ Байсақанова 437 центнерден, Керімбай Еркінбеков 400 центнерден өнім алды. Ауданда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын да өркендетуге көңіл бөлінді. Киров атындағы ұжымшардың шопаны Райхан Сиқымбаева әрбір 100 саулықтан 142-ден қозы өсірді. «Көкбастау» ұжымшарының сиыр фермасының бастығы Атамқұлов Келдібай 77 сиырдан 77 бұзау өсірді.

Ұлы Отан соғысы жылдары Шу ауданында егін бітік шықты. Соның нәтижесінде Павлодар облысына 4653, Қостанайға 80, Меркіге 1522, Жамбылға 1499, Свердловқа 200, Қордай ауданына 20 центнер астықты қарызға берген. Мәселен, 1942 жылы тамыз айында облыс колхозшылары Қызыл әскердің астық қорына 8324 центнер астық тапсырды. Мұның ішінде 3514 центнерін Шу, 1650 центнерін Талас, 1559 центнерін Луговой, 67 центнерін Меркі ауданының ұжымшарлары берген.

Соғыс жылдарында Шу ауданының малшылары стахановтық еңбектің үлгісін көрсетті. Олар КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы қызыл туын екі рет жеңіп алып, 150 мың сом мөлшеріндегі екінші ақшалай сыйлыққа ие болды.

Төрт жылға созылған қырғын соғыста шулық Саттар Естемесов майданда көрсеткен ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. Таластық Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров соғыстан кейінгі саналы ғұмырын осы ауданда өткізді. «Даңқ» орденінің толық кавалері Михаил Перепелов та ел есінде. Қос батырдың есімдері Шу ауданының орталығындағы көшелерге беріліп,  ескерткіштері орнатылған.

Облыстық мемлекеттік архивтегі «Жамбыл облысының 1941 жылдың 1 қаңтарға дейінгі қысқаша экономикалық сипаттамасы» атты құжат материалдары аудандардың сол кездегі  жағдайынан хабардар етеді.

Онда аудандағы халықтың саны 47 мың 222 адам деп көрсетілген.  Оның 26754-і қазақ ұлтынан болса, 15826-сы орыстар, 773-і кәрістер, 476-сы түріктер, 650-і немістер еді. Ауданда 47 ұжымшар болған. 13555 гектарға егін егілген. Өндіріс бойынша Қосқұдық сексеуіл дайындау участкесінде 1476, Түрксіб теміржолында 2314, Шу стансасында 22 жұмысшы еңбек етті. Жұмысшылардың үлкен бір бөлігі осылай қалыптасты.

Аудан аумағынан өтетін Түрксіб теміржолы 144 шақырымды құраса, Қосқұдық сексеуіл дайындау участкесіне 133 шақырым теміржол төселді. Ауданда Шу және Новотройцк машина-трактор стансалары жұмыс істеді. Оның алғашқысында 91, келесісінде 35 трактор болды. Олар ескі техникалар еді. «ЧТЗ» және «СТЗ» маркалы комбайндарды тізгіндейтін механизаторлар дайындалып жатты. Бұларға қоса «Коммунар», «Сталинец» маркалы 28 комбайнды жүргізу де алғашқы жылдары онай болған жоқ.

1940-1941 жылдары 7124 оқушы білім алды. Оның 4116-сы колхозшылардың отбасынан еді. 9 ұжымшарда  мектептер жұмыс істеді.

Жалпы Қазақстан теміржолы тарихында Шу теміржолының алатын орны ерекше. Жоғарыдай атйқанымдай, Түркістан-Сібір теміржолы осы Шу ауданы арқылы өткен. Алып құрылыстың алғашқы жобасы бойынша теміржол Бішкектен Қордай арқылы  тартылуы керек еді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхамеджан Тынышбаев жобаның аса қымбат және жолды ұзартып жіберетінін Мәскеуде дәлелдеп, Тұрар Рысқұловпен бірге жеңіп шығады. Бұдан мемлекет қаншама миллион қаржы үнемдеді десеңізші?! Өзі осы істің басы-қасында болып, бақылауа ұстады. Осылайша қазақтан шыққан тұңғыш теміржол маманы, кәсіби инженер бұл іске табандылықпен үлес қосты. Қазақ халқының ардақты қос ұлының еңбегінің нәтижесінде Шу өңірінде теміржол қатынасы пайда болды. Бұл сонау 1928 жылдың қоңыр күзі еді.

Қазақстанның солтүстігі мен орталық облыстарды оңтүстікпен жалғастырып, ел экономикасында аса маңызды рөл атқаратын Мойынты–Шу теміржолының құрылысы 1953 жылдың қараша айында аяқталды. Мойынты-Шу темір жолын салу бүкілхалықтық құрылыс ретінде жарияланды. Оның негізгі жұмыстары 1946 жылы басталды. Бұл тораптың ұзындығы 438 шақырымды құрайды. Бұл құрылысқа Қазақстанның барлық облыстарынан қажырлы жұмыскерлер жұмылдырылды. Дегенмен, «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей салмақтың ауыры Жамбыл облысының мойнына артылды.

Облыстық партия комитеті 1948 жылдың 25 сәуіріне дейін 6000 колхозшы мен 400 көлік жіберуді, 10 күн мерзім ішінде ұжымшарларға  жер жұмысының көлемін бекітуді, колхозшылардан құрылыс бригадаларын құруды, оларды күрек-кетпендермен, киіз үй және палаткалармен, азық-түлікпен осы жылдың 1 шілдесіне жетерліктей етіп қамтамасыз етуді міндеттеді.

Кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларына осы құрылысқа 52 ЗИС-5 автомашинасын, 6 соқалы трактор және 44 текше метр ағаш материалын бөлу, 1000 зембіл, 800 сүймен, 500 сапты күрек, 300 арба, 300 сом, 4 палатка әзірлеу тапсырылды. Сол сияқты су жеткізу үшін 100 ағаш бөшке, киім және аяқ киім жөндейтін 10 орын, 5 тігін цехын және 10 шаштараз ұйымдастыру жүктелді.

«Бірлік» жұмысшы поселкесінде поселкелік кеңес құрылып, ол Жамбыл облысындағы еңбекшілер депутаттарының Шу аудандық кеңесіне қарайтын болды.

1957 жылғы 7 желтоқсанда балаларды жалпыға бірдей міндетті түрде оқыту туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі  Президиумының жарлығы жарық көрді. Жалпыға бірдей міндетті оқыту қазақ қоғамына елеулі өзгеріс әкелді.

Қазақ КСР Оқу министрі А.Закарин «Социалистік Қазақстан» газетінде 1957 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған мақаласында «Жамбыл облысы мұғалімдері өздерінің жақында болып өткен съезінде мектеп төңірегін жасыл желекке бөлеп, миуа бағына айналдырайық деп бір ауыздан қаулы алды. Облыстың Шу ауданындағы Жамбыл ұжымшарының мүшелері өз қаржыларымен 280 орындық екі қатарлы мектеп үйін, мұғалімдерге арнап 4 пәтерлі 2 үй салып, пайдалануға берді.

Биылғы оқу жылындағы бір жаңалық мемлекеттік оқу орындары - жаңа мектеп-интернаттар ашылды» деп атап көрсетті.

Ауданның 471 мың гектар жерін мемлекеттік орман қоры аумағы алып жатыр. Оның барлығы дерлік аңшылық алқаптарға жатады. Осы аумақтағы жануарлар дүниесін қорғау мен өсімін молайтуды ұйымдастыру және оларды дұрыс пайдалануды қадағалау Қосқұдық орман қоры мемлекеттік мекемесіне жүктелген. Теміржол стансасынан біршама қашықтау жерден 1928 жылы өндірістік орман шаруашылығы құрылып, осында құмды жерден қазылған екі құдыққа байланысты өндіріс те, елді мекен де «Қосқұдық» атанып кетті. Мекеме негізінен Шу, Мойынқұм алқабынан сексеуіл дайындаумен шұғылданды. Сонау ашаршылық жылдары 1930 жылдың 1-қарашасына тұтыну кооперациялары жүйесі бойынша 23 аңшылық бригадасы ұйымдастырылды. Аң терісін дайындау бағыты бойынша 7 бригада құрылып, олармен 37823 рубльдік тапсырыс жөнінде келісімшартқа қол қойылған.

Тың игеру саясатына байланысты 1954 жылы «Шоқпар» және Далақайнар кеңшарлары  ұйымдастырылды. 1980 жылдың аяғында «Шоқпар» кеңшарында  қой басы 40 мыңға жетті. Ал Далақайнар кеңшарында егістік 1500 гектардан бастап кейін 24 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Далақайнар кеңшарының  ең бірінші директоры болып, мәскеулік Иван Урсолов тағайындалған. 1971 жылдан бастап кеңшар қант қызылшасын өсірумен шұғылданды. Оның көлемі 1980 жылдары 650 гектарға дейін ұлғайды. Кеңшарды Сары Хасенов мен Александр Конрат басқарған 1971,1973,1979 жылдары шаруашылық мемлекетке 1 миллион пұттан аса астық тапсырды.

Далақайнар орта мектебіне осы жерде туып өскен,  қазақ еліне белгілі ғалым, академик Түймебай Әшімбаевтің аты берілген.

Ауданның көпшілік жері жазық, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы таулы болып келеді. Батысын Мойынқұм алқабының құмды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары, қиыр солтүстігін Жусандала үстірті даласы алып жатыр. Шу өзенінің еліміздің аумағындағы ұзындығы  800 шақырым. Ол  Қызылорда, Түркістан облыстарының жеріндегі Ащыкөл-Ақжайын ойысына барып құяды. Ірілі-уақты 80 саласы бар өзен, негізінен, мұздық және қар суымен толығады.

Ертеректе Шу өңірінде аң мен құс жыртылып айырылатын. Жұрт аңшылықты кәсіп еткен. Оған қоса Шу өзендерінде балықтың сан түрі тіршілік ететін. Тіпті мұнда ондатр да өсірілген деседі. Ондатрдың отаны – Солтүстік Америка. Игерілмей жатқан Қазақстан суларына бұл аңды жерсіндіру 1935 жылы Сырдария және Іле өзендерінің бойына жіберумен басталса, ал Шу өзенінің төменгі бойына 1945 жылы 443 ондатр әкелініп, көлдерге жіберілген екен. Өмір сүруіне қолайлы ортаға жерсіндірілген ондатрлар тез көбейе бастапты.

1952 жылдан бастап Шу өзенінің бойында ондатр терісін дайындау көлемінің өсуіне онда аңның тіршілігіне қажетті қамыс құрақты, мол суы терең көлдердің көп болуы үлкен әсерін тигізсе керек. Жылына мұнда 16000 мыңнан 68 мыңға дейін ондатр ауланып, 1952-1958 жылдар аралығында 250 мыңға дейін ондатр терісі дайындалды. Шу өзенінің бойында бірнеше жерден су қоймаларының салынуына байланысты ондатр мекендейтін көптеген көлдер құрғап қалды. Соның салдарынан Шу өзенінің төменгі жағы 1957 жылы 67,2 ондатр терісін берсе, 1969 жылдан бұл көрсеткіш 3-4 мыңға дейін азайды.

1968 жылы өзен бойындағы Молалы және Қарабөгет мекендерінде бірден 5 мың гектар қамысты қопалар өртке оранып, олардың арасын мекендейтін бірнеше мың ондатр қырылып қалды. Мал азығы үшін деп өендердің бойындағы ну қамысты ору да үлкен зиянын тигізді. Жалаңаш қалған өзен бойында қырылған аң-құстан олардың тұқымы тұздай құрып кете жаздады.

Ондатрдың негізгі қоректері – қамыс, құрақ және қоға барлық суларда кездеседі. Сонымен бірге , қамыс-құрақты мекендер бұл аңға жақсы қорғаныс болады. Олар ит тұмсығы өтпейтін қопалардың арасында жасырынып, жаулары-жыртқыш құстардың жемі болудан аман қалады.

Оны неге айтып отырмыз? Қазіргі уақытта әлем табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуынан зардап шегіп отыр. Бұл бізге де қатысты. Арал теңізі тартылып, Балқашқа да қауіп төнді. Ірілі-ұсақты өзендеріміздің халі белгілі. Таяу жылдары қазақ даласы судан тапшылық көреді деген болжам бар. Ғалымдардың тарапынан осы қауіптің алдын алудың шаралары қазірден қолға алынып жатыр. Ағын су мәселесінде де түйінді проблемалар шешімін күтуде. Адам қарасын көргеннен ұшқан құс, жүгірген аң зәре құты қалмай қашатынды шығарды. Неге олай? Аңды атып, құсты қырғаннан не пайда таптық?!  Кешегі аң-құсы жыртылып-айырылып жататын өлкеміздің сәні қашып, қуарып бара ма, қалай? Табиғатқа жанашырлық керек, ағайын! Оның уақыты жетті.

 

                                                                                                                        Әділбек Баққараұлы, облыстық мемлекеттік архивтің архивисі,

Шу ауданы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар