
Дегенмен қалада тазалық мәселесіне қатысты шешімін күткен мәселелер де аз емес. Саябақтарда орналасқан шағын суайдындарының бетін кейде балдыр басып, суы лайланып жатады. Ағын су болмағандықтан көлшік суының реңі өзгеріп, одан шіріген иіс шығады. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс саябаққа серуендеуге келген жұртшылықты ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Бір мезет сейіл құрған тұрғындар су маңында ұзақ отыра алмай, таза ауада серуендеймін деген ниеті жүзеге аспай қалғанына налиды. Тазаланбаған саябақтар, шашылып жатқан қоқыстар тек қаланың сәнін кетіріп қана қоймай, экологиялық ахуалға да кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ саябақ ішіндегі ағаштардың қурап, күтім көрмеуі де қынжылтады. Жасыл желек қаланың тынысы, ал ағаштардың жағдайы табиғатты қорғауға деген көзқарасымызды көрсетеді. Осы ретте қала тазалығын сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысу мақсатында «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Талғат Торғаевқа хабарласқан едік.
– Қазіргі таңда «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінде 600-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Қызметкерлердің арасында көлік жүргізушілері, гүл мен тал егушілер, абаттандырушы жұмысшылар, шөп шабушылар, көгал күтушілер және тағы басқа мамандар бар. Мекемеде қоқыс таситын, жүк тиегіш, су шашатын, ағаш кесетін және көгал суаратын әртүрлі техникалар бар.
Көзді ашып-жұмғанша жаз өте шығып, күз келіп, қалада тазалық жұмыстары қарқын алуда. Күз айларында жұмыстың ауыр кезеңі басталады. Жапырақтар қалың түсіп, желмен бірге жан-жаққа тарайды. Сол себепті көше тазалау, сыпыру, қоқыс шығару, арықтарды қоқыстан арылту жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Сонымен қатар қураған талдарды кесу, рұқсат бойынша тал-дарақты бұтау жұмыстары да қолға алынды. Қосымша күш ретінде «Мансап» орталығы арқылы мекемеге 250 қоғамдық жұмысшы тартылды. Жұмысшылар аудан-аймақтарға бөлініп, тұрақты жұмысшыларға көмек көрсетуде.
Тұңғыш Президент саябағының ішіндегі шағын көлшіктен жағымсыз иіс шығатын кездері болатынын жасырмаймыз. Аптасына бір рет көлдің суы тазаланып, үстіне жаңа су құйылады. Көлдің бетіндегі балдырлар тазаланады, қоқыс жиналады. Жаз маусымы аяқталғаннан кейін ол уақытша жабылып, келесі маусымға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ал саябақтың аумағында тазалық жұмыстары күн сайын жүргізіледі.
Күн сайын жолдар мен аллеялар сыпырылады, қоқыстар шығарылады, гүлзарлар күтіледі, көгалдарға су құйылады. Қала бойынша күніне шамамен 528 текше метр қоқыс арнайы орындарға шығарылатынын айта кеткен жөн.
Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы тазалыққа да ерекше назар аударылуда. Саябақтағы қоқыстар күн сайын жиналып, аллеялар мен жолдар тазаланады. Әсіресе ондағы су бетіндегі балдырларды тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырады. 2025 жылы суайдынды толықтай екі рет тазалау жұмыстары іске асырылды. Судағы қоқысты, балдырларды сүзу, тазалау барысында көл суы төмендетіліп, орнына жаңа, таза су құйылды.
Алдағы уақытта күз айларына арналған тазалық жұмыстары күшейтіледі. Қала көшелері мен аулаларда күн сайын жапырақтар жиналып, арнайы техникамен шығарылып отырады. Жол жиектеріндегі топырақ пен қоқыстар тазаланады, судың арықтармен еркін ағуына жағдай жасалады. Сонымен қатар саябақтардағы шағын көлшіктер мен суайдындары да тазартылып, балдырлардан арылтылмақ. Бұл жұмыстар қала тұрғындары үшін қолайлы әрі әсем орта қалыптастыруды көздейді.
Тазалықпен қатар көгалдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. «Жасыл белдеу» жобасы аясында биыл «Қызыл Абад» алқабына 4 000 түп ағаш егу жоспарлануда. Қала тазалығы бір күндік іс емес, үздіксіз атқарылатын жауапты жұмыс. «Жасыл Ел – Тараз» мекемесі күн сайын мыңдаған адамның еңбек күші мен жүздеген техниканың көмегі арқылы қаланың ажарын ашып келеді. Дегенмен ең басты мәселені атап өтер болсақ, қаланы таза ұстау әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты. Егер әр тұрғын қоқысын кез келген жерге тастамай, тазалықты сақтауға үлес қосса, біздің қаламыздың көркі одан әрі арта түсетіні анық, – дейді Талғат Болатұлы.
Қала тазалығын сақтау тек тазалық мекемелеріне ғана емес, қала тұрғындарына да артылған міндет десек артық айтпаймыз. Әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін таза ұстап, қоқысты арнайы белгіленген орынға тастауы тиіс. Мәселен, аты-жөнін айтуды құп көрмеген қоғамдық қызметкер қала тұрғындарының тазалыққа немқұрайды қарайтынын айтты.
– Аты-жөнімді айтпауымның өзіндік сыры бар. Балаларым намыстана ма деп ойлаймын. Балаларым маған үнемі жанашырлықпен қарайды, қолынан келсе барлығы да арқалап жүруге дайын. Олар «Жаныңызды қинамай үйде отырсаңыз да болады, енді сізді біз бағып-қағуымыз керек» дегенді бұрыннан айтады. Алайда біріншіден менің тапқаным артық болмайды. Екіншіден, зейнетке дейін ел қатарлы еңбек етуім қажет, үшіншіден бұрын мұндай жұмыс істеп қалған адам үйде отырса денсаулығы сыр беруі мүмкін.
Негізі 1990 жылдардан бері аула сыпырушысы болып еңбек етіп келемін. Бір қарағанда қарапайым көрінген жұмыстың көзге көрінбейтін машақаты да көп. Таң ата күнмен бірге таласа тұрып, қолымызға сыпырғы, тырма, күрек алып, қала көшелерін, саябақтарды, ескерткіштердің айналасын тазалаймыз. Қалада тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілмесе, шаһарымыздың келбеті бұзылып, қоқыс пен шаңға көміліп кетері анық.
Жұмысымыздың маусымдық ерекшеліктері бар. Әсіресе күз бен көктем айларында жұмысымыздың қарқыны күшейеді. Күзде айналаның барлығы жапыраққа толып, жел ұйытқығанда маңайдың боз-боранын шығарады. Шөп өсіп, топырақ пен тас, құрылыс қалдықтары көбейеді. Осының барлығы сырт көзге ұсақ-түйек болып көрінгенімен, құрылыс жұмыстарынан кейін қалған қалдықтарды жинау үшін көп күш жұмсаймыз. Ал көктемде арықтарды тазалау, көгалдарды ретке келтіру, ағаш отырғызу, гүл егу секілді жұмыстармен айналысамыз. Кейде ауа райы бұзылып, қатты жел соққанда ағаштардағы қураған бұтақтар сынып, ол да шашылып жатады. Соларды кесіп, тиеп, қала сыртындағы арнайы қоқыс алаңына апару да бізге жүктеледі.
Біз істейтін жұмыстың ішінде ер, әйел деп талғанбайтын еңбек түрі көп. Атап айтсақ, ол жұмыстар қоқыс теру, көше сыпыру, ағаш пен бұталарды тасу, арық қазу, шөп жұлу деген секілді жалғаса береді. Жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай, бәрін бірдей атқаруға міндеттіміз. Бірақ, шынын айту керек, біздің еңбегіміздің өтеуі мардымсыз. Жалақымыз жылдар бойы бір деңгейде қалып келеді. Еңбегімізді бағалап, айлықақымызды өсірсе деген арманымыз бар, – деді ол.
Аула сыпырушы болып еңбек етіп жүргендер әртүрлі жастағы адамдар. Көбісі отбасының қамын ойлап жүрген әйелдер. Таңнан қара кешке дейін ер-азаматқа бергісіз жұмыс атқаратын әйелдерді көргенде, еріксіз таңғаласың. Жұмыс тапсырылған соң әркім өз міндетін бірдей орындайды. Көбінесе тұрақты жұмыс істейтіндер жасы егде тартқан адамдар. Ал жастардың көпшілігі мұндай іске шыдамай, 1-2 күннен кейін жұмыстан шығып кетеді екен.
Жұмыс күні таңғы сағат 07.00-де басталатын көрінеді. Көше тазалықшылары әуелі көшелерді сыпырып, қоқыс жинайды, содан соң көгалдарға су құяды. Қала орталығындағы гүлзарлар мен саябақтар әрқашан тап-таза тұруы үшін олар бір жерді күн сайын бірнеше мәрте қайта тазалайтын көрінеді. Кейде тіпті түнгі мезгілге дейін саябақтарды тазалап кететін сәттер де болады екен.
– Реті келгенде айта кетсек, жастар мен ересектер арасында қоқыс тастамаудың орнына, әдейілеп бізді келемеждеп, қасымызда тұрып қоқыс лақтырып кететіндер бар. Автобус аялдамаларында, алаңдарда да дәл осындай көріністер жиі кездеседі. Жерге түкіріп, балмұздақ пен сусын төгіп кететіндер қаншама. Дегенмен барлық жастарды кінәлауға болмайды. Тәрбиелі, әдепті, мәдениетті жастар да баршылық. Олар қолындағы керексіз затын қоқыс жәшігіне тастап, өздері отырған орнын жинап кетеді. Осындай жастарды көргенде, еңбегіміздің бос кетпегеніне қуанамыз.
Біздің жұмыс істеудегі мақсатымыз – біріншіден нан табу, одан кейін өз ісіңді адал атқару. Сол арқылы қаланың ажарын ашу, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру. Егер әрбір тұрғын өзінің ауласын, көшесін таза ұстаса, бізге әлдеқайда жеңіл болар еді. Біз қанша тазаласақ та, артынан қайта-қайта қоқыс тастай берсе, еңбегіміздің нәтижесі азаяды. Сондықтан да әрбір тұрғын қала тазалығы тек қана коммуналдық мекеменің емес, баршамыздың ортақ ісіміз екенін түсініп, табиғатқа жанашырлықпен қараса екен дейміз. Көшеге қоқыс тастамау мәдениеттің белгісі. Әр тұрғын өзінен бастап тазалық сақтаса, біз де қуана еңбектеніп, қаламыздың сұлулығын еселей түсуге талмай әрекет етер едік, – дейді қоғамдық қызметкер.
Тұрғындардың белсенділігі қала тазалау барысында аса маңызды. Қоқысты қоқыс жәшігіне тастау, ауланы таза ұстау, ағаш отырғызу, гүл егу – мұның бәрі үлкен еңбекті талап етпейді, бірақ қаланың ажарына айтарлықтай әсер етеді. Сенбіліктерге қатысу арқылы адамдар тек табиғатты қорғап қана қоймай, ұрпаққа үлгі болады. «Үйіңнің ауласы таза болса, көшең де көркейеді» деген халық даналығы бар. Қала тазалауға, сенбіліктерде ерікті түрде атсалысатын шаһар тұрғыны Аслан Сапарғали да өз ойын айтып өтті.
– Қала тазалығы тек қана коммуналдық мекемелердің міндеті емес. Шаһарды көркейту мен тазалау барысында арнайы техника мен қызметкерлер еңбек еткенімен, тұрғындардың қолдауы мен белсенділігі болмаса, нәтиже көңіл көншітерлік болмасы анық. Әсіресе сенбілік кезінде қала жұртшылығының ұйымшылдығы айқын көрінеді. Қала тұрғындарымен бірге тазалық жұмытарын қолға алғанда ғана үлкен істерді тындырып, ортақ үйімізді таза ұстауға болады.
Шаһарды таза ұстау бәрімізге ортақ міндет. Үйімізді қалай таза ұстасақ, солай қала тазалығын, көше, аулаларды, саябақтарды таза ұстау қала тұрғыны ретіндегі парызымыз. Өз ауламыздан басталатын тазалық ертеңгі күні жас жеткіншектерге де үлгі болары анық. Ұрпағымыз жауапкершілігі мол, тәртіпті болып өссін десек, тазалықты да кішкентайынан бала бойына сіңіру қажет.
Бүгінде байқар болсақ, кейбір тұрғындар көпқабатты үйден шыға сала қолындағы қоқыс салынған полиэтилен пакетті есік алдындағы орындық маңында орналасқан шағын қоқыс жәшігіне тықпалап жатады. Қайта сол қоқыс жәшігін таза ұстаудың орнына бір емес, екі емес, біресе баклашка, біресі целофан қалта секілді басқа да тұрмыстық қатты қалдықтарды әлгі жәшікке сала бергеннен кейін, ондағы қоқыс жәшік аузы-мұрнынан шығып, ақтарылып жатады. Осыны көрген бала қайда барады? Ол да соны істейді. Тағы бір ата-ана қоқыс төгуге қарғадай баласын жұмсайды. Ойын баласы болғаннан кейін ол достарын көргенде қолындағы қоқыс салынған қалтаны лақтырып кетпесе де «сәлден соң төгемін» деп бір жерге қоя тұрып, ұмытып кетуі мүмкін. Кейін сол қоқыс қалтаны қаңғыған иттер тіміскілеп, ақтарып, шашып кетеді. Сондықтан баланы жұмсағаннан кейін, оның іс-әрекетін міндетті түрде бақылауымыз керек. Кейбір тұрғын қоқыс контейнеріне дейін барып, қолындағы қоқыс қалтаны айдалада тұрып, лақтырып жібереді. Онысы діттеген жерге жетпей қалып, қоқыс жәшігінің айналасы бопырап жатады.
Жасыратыны жоқ көпшілігіміз мұндай жағдайға көз жұма қараймыз. Алайда әрбір ата-ана баласына кішкентайынан «Қоқысты тастауға болмайды, тасталған қоқысты басқа біреудің анасы немесе әкесі жинайды» деп түсіндірсе, бала ойына әбден сіңіріп алады. Осылайша ол өсе келе қоғамдық орындарға құрметпен қарап, жауапкершілігі мол азамат болып қалыптасады.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін қоғам болып атсалысуымыз қажет. Мектеп қабырғасында өткізілетін экологиялық тәрбие сағаттары, сенбіліктер, «Таза қала», «Жасыл аймақ» секілді акциялар балалардың санасына үлкен әсер етеді. Осындай игі істерге қатысқан бала табиғаттың қадірін түсінеді, туған жерін аялауды үйренеді.
Қоқыс тастамау ұсақ-түйек іс секілді көрінгенімен, шын мәнінде үлкен мәдениеттің бастауы. Егер әрбір тұрғын өзінен бастап тазалықты сақтаса, бір ғана қала емес, бүкіл елдің келбеті өзгереді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлығымыз бірлесе еңбек еткенде ғана шаһарымыздың шырайы артып, көркі кіре түсер еді, – дейді қала тұрғыны Аслан Қозыбаев.
Тазалық – сананың көрсеткіші, ал оны сақтап қалу – ортақ парыз. Қаланың көркеюі тек коммуналдық қызметтің емес, әр тұрғынның жауапкершілігінен басталады. Күннің суығына, аптап ыстығына қарамай, таңсәріден жұмысқа кірісетін тазалықшылардың еңбегін елеп, олардың маңдай терін құрметтеу – көшені шашпай, қаланы таза ұстаудан көрінуі керек. Бұл – бүгінгі ғана емес, ертеңгі ұрпаққа да қалдырар мәдениетіміз.
Сымбат ҚУАНЫШ