
Айта кету керек, бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттары тізбесіне енгізілген автомобиль жолдары бойынша халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде ауыр салмақты және ірі габаритті көлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсаттарды тіркеу және беру тәртібін жеңілдету бойынша бірлескен жұмысты қолға алған болатын. Негізінде өткен жылдың соңында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында Еуразия көлік дәліздері бойынша ауыр салмақты және ірі габаритті көлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсаттарды тіркеу және беру рәсімдерін үйлестіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Қабылданған жоспар 5 негізгі бағытты жүзеге асыруды көздейді екен. Атап айтқанда, оның бірі арнайы рұқсаттарды берудің мүмкін болатын ең жоғары келісілген мерзімін анықтауға, алдын ала өтініш берудің мүмкін болатын ең жоғары келісілген, яғни жоспарланған сапардың басталу күніне дейінгі мерзімін анықтауға, арнайы рұқсаттың қолданылу мерзімін анықтауға қатысты мәселе. Сондай-ақ мұның қатарында үлгі өтініш формасын анықтау, арнайы рұқсат алу үшін ұсынылатын мәліметтер мен құжаттардың ең аз тізбесіне қойылатын талаптарды жақындастыру секілді бағыттар да бар. Жалпы бұл шаруа арнайы рұқсаттарды алу үдерісін жеңілдету және жеделдету, оны ашық, болжамды және халықаралық тасымалдауға қатысушылар үшін ыңғайлы ету қамымен жүзеге асырылуда. Соның арқасында тіркеудің нақты мерзімдерін белгілеу ЕАЭО елдерінің тасымалдаушыларына бағыттарды алдын ала жоспарлауға және ұзақ күтіп қалмауға мүмкіндік беруде. Одан бөлек, міндетті ақпараттың ең аз көлемімен өтініштің жеңілдетілген форматы әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жедел тапсыруға ықпал етуде. Мысалы, тараптар сол кезде арнайы рұқсаттарды берудің тиісті мерзімдері туралы келіскен болатын. Бұл ретте мәселе маршрутты келісу қажеттілігі болмаса, жұмыс уақытының 24 сағаты ішінде, маршрутты келісу қажет болған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде, төтенше жағдайда – 3 сағат ішінде шешіледі. Ал арнайы рұқсаттың қолданылу мерзімі 135 күнтізбелік күннен аспайды. Қазір осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және оның нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының тиісті ұсынымдары қабылданбақ.
Тұтастай алғанда, қабылданған шешімдер бизнесті қолдауға, халықаралық тасымалдау процедураларын жеңілдетуге және ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін ЕАЭО-ның бірыңғай көлік кеңістігін қалыптастыру жолындағы тағы бір оңды іс болып есептеледі. Осы секілді сауда саласында тиімді тетіктер және ел экономикасына нұқсан келтірмейтін әрекеттер жүйеге біртіндеп енгізілуде. Оның ішінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің атқарып отырған жұмысы ауқымды. Мысалы, тек өзіміздің елге қатысты әңгімені сөз етсек, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан елге кейбір тауар түрлерін әкелуге және сатуға бақылау күшейтілгенін де айтуға болады. Мәселен, өткен айдың ортасында тауық жұмыртқасын заңсыз әкелуге және оны ішкі нарыққа сатуға қарсы күрес біршама күшейтілді. Бұл ретте аталған істі жүзеге асыруда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Техникалық реттеу және метрология және аумақтық бақылау комитеті, Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті секілді тиісті органдар мүдделі екенін айта кетуіміз керек.
Негізінде қандай өнім түрлері болсын, оны елге заңсыз әкелу фактілеріне ден қоюдың тиімді және жедел тетіктері әзірленуі керек. Сонымен қатар шекаралық бақылауды күшейту, ішкі нарықта тауық жұмыртқасын сатуда заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелері күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ішкі нарықты контрабандалық жолмен әкелінетін тауардан қорғау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар жүйелі шаралар кешенін жүзеге асырып отырғаны белгілі. Соның арқасында және Құс өсірушілер одағымен өзара іс-қимыл нәтижесінде ішкі нарыққа тауық жұмыртқасын заңсыз әкелді деген күдікпен 6 факт анықталған екен. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 3 жағдайда қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес шаралар қабылданыпты. Қазіргі уақытта 1 іс бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатса, 2 жағдай бойынша заңбұзушылықтар дәлелденбеген көрінеді.
– Тауық жұмыртқасының заңсыз әкелінуі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сонымен қатар бәсекелестік ортаны бұзады және мемлекет қабылдап жатқан шараларға деген сенімді әлсіретеді, – дейді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.
Жыл басында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Құс өсірушілер одағымен, Жұмыртқа өндірушілердің салалық қауымдастығымен және бөлшек сауда желілері одағымен бірлесіп, тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру бойынша келісілген іс-шараларды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюының сыры осында жатыр. Ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау шаралары аясында 6 ай мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынған болатын. Бұл тыйым Ауылшаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген. Алайда соған қарамастан кесімді мерзім ішінде жоғарыда сөз етілгендей деректердің анықталуы әлі де істі ширату қажеттігін көрсетіп берді. Сондықтан да үйлестірілген жұмыс және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігі әлі де бар деген тұжырым жасалып отыр. Қабылданған шаралар тұтыну нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғауға және елдегі азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға оң әсер беретіні айтпаса да түсінікті.
Бір айта кетер жайт, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоюда, нарықты бақылауда ұстауға тауарларды таңбалау арқылы да қол жеткізуге болады. Бұл ретте Сауда және интеграция министрлігі тиісті реформаларды жүзеге асырып жатқаны белгілі. Ашып айтсақ, Қазақстан көлеңкелі экономикамен күрес және заңсыз тауар айналымының алдын алу бағытында бұрыннан жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтің сөзіне сүйенсек, заманауи аналитиканың маңызы зор. Себебі бүгінде аналитика басқарушылық тиімді шешімдер қабылдаудағы басты құралдардың біріне айналған. Ол тәуекелдерді бағалап, дәлелді мемлекеттік саясат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында еліміз нақты әрі сенімді деректерге сүйеніп, цифрлық жаңашылдықтарды жүйеге дер кезінде енгізіп келеді. Соның бірі – елімізде жүзеге асып жатқан негізгі бастама болып есептелетін – міндетті цифрлық таңбалау. Бұл тәсіл заңсыз өнім айналымын анықтауда өз тиімділігін көрсеткен. Мәселен, 2024 жылы анықталған заңсыз өнім көлемі 12,8 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 5,4 есе артқан екен. Сонымен қатар салық тәртібі де айтарлықтай жақсарған. Темекі өнімдері бойынша салық төлеушілер саны 32,5 пайызға, ал аяқ киім бойынша 77,7 пайызға көбейген. 2021 жылмен салыстырғанда аяқ киім импорты 40 пайызға азайып, нарықтағы контрафактілік өнімдердің үлесі айтарлықтай қысқарған көрінеді.
Осы орайда техникалық реттеу саласындағы цифрлық трансформация жайына да тоқтала кеткен жөн. Қазір зертханаларға цифрлық паспорттар енгізіліп, олардың аккредитация салалары өнім топтамаларының классификаторларымен сәйкестендіріліп жатса керек. Сауда, сатып алу және кеден платформаларымен интеграция жүргізіліп, мемлекеттік органдар арасында автоматтандырылған дерек алмасу жолға қойылыпты. Бұл шаралар өнім сапасы мен қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, тұтынушы құқықтарын қорғауға және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпалын тигізуде.
Бұдан бөлек, «Деректер» ұлттық аналитикалық платформасының да тиімділігі мол. Жүйе электронды шот-фактуралар, фискалдық чектер, ресми статистика және өзге ақпарат көздеріндегі деректерді біріктіріп, сауда айналымына кешенді талдау жасауға мүмкіндік береді. Ол сәйкестік сертификаттарының қолданылуын бақылап, өңірлік баға динамикасын саралап, нарықтағы бұрмалаушылықтар мен заңсыз схемаларды анықтауға бағытталған.
Заңсыз тауар айналымымен күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы да зор. Қазақстан үшін аналитика тиісті ведомствоға тиесілі құрал бола отырып, алдағы уақытта бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ортақ шешімдерді қабылдаудың негізі болуы қажет. Осы ретте Ұлттық ғылыми құзыреттер орталығының ортақ стандарттар мен әдістемелерді әзірлеудегі рөлі ерекше екенін атап өтуіміз керек. Бұл ретте бірлескен цифрлық тетіктерді әзірлеу, ортақ әдістемелік база қалыптастыру және аналитика саласында сенімді әріптестік орнату ең қажетті шаруаның бірі. Демек, аналитиканы тиімді мемлекеттік басқарудың тұрақты элементіне айналдыру – барлық елдер үшін ортақ мақсат болуы шарт.
Тағы бір атап өтер жайт, Қазақстанда тауарларды бақылаудың үш деңгейлі моделі іске қосылып, ол таңбалаудан бастап талдауға дейінгі қызметті жеңілдетуде. «Бұл қандай модель және ол қалай жұмыс істейді?» деген мәселеге келсек, оның бірі жоғарғы деңгей. Яғни бұл санаттар сақталатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы жіктеуішісі (мысалы, «кеңсе тауарлары» санаты). Орташа деңгей – бұл кеңсе тауарларына кіретін заттар (мәселен, қалам, оған бірегей NTIN коды беріледі және сәйкесінше картада қалам, өндіруші туралы және тағы басқа ақпарат болады). Төменгі деңгейге белгілі бір партия таңбаланатын тауарлардың белгілі бір түрлері бойынша таңбалау (мысалы, қаламдар саны) жатады.
– Әрбір тауардың өзіндік айналым кезеңі болады. Мысалы, ол не шетелден біздің елге әкелінеді, не Қазақстанның ішінде өндіріледі. Тиісінше, әрбір тауарға кеденде немесе Қазақстан ішінде NTIN беріледі. Егер шетелден әкелінсе, GTIN-мен интеграция бар. Бұл ақпараттың барлығы мемлекеттік деректер базасында жинақталады, содан кейін барлық салаларда қолданылады. Мысалы, мемлекеттік сатып алуларда, шот-фактураларда, чектерде көрсетіледі, – дейді ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Каталог қазірдің өзінде фискалдық деректер операторларымен байланыстырылған. Қазіргі уақытта базада 15 миллион тауар бар. Күн сайын интеграцияланған операторлардан 10 миллион чек туралы мәліметтер келіп түседі екен. Бизнеспен интеграциялау үшін 11 API қызметі іске асырылыпты.
Ә.Тұрысовтың айтуынша, бұл тауар айналымының ашықтығын, сапа мен жарамдылық мерзімін бақылауды, контрафактіге қарсы күресті қамтамасыз етеді.
Бүгінде әлемдік саудада электронды сауданың да көрігі қызып тұрғанын айта кетуіміз керек. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейрбаеваның айтуынша, цифрлық сауда саласында қол жеткізілген негізгі нәтижелер баршылық. Қазақстан кейбір елдерге қарағанда цифрлық сауданы дамытуда, экономиканы жаңғыртуда, экспорттық әлеуетті кеңейту және өңірлік интеграцияны күшейтуде стратегиялық басымдыққа ие елдің бірі көрінеді. Жасанды интеллект пен виртуалды ассистенттерді қоса алғанда, цифрлық жаңашылдықтарды енгізу сыртқы сауда операцияларының тиімділігін айтарлықтай арттыруға және клиенттік сервистің сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
– Қазақстан e-commerce секторында айтарлықтай өсім көрсетті. Соңғы бес жылда электронды сауда көлемі жеті есеге ұлғайып, 3,2 триллион теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауданың барлық көлемінің 14,1 пайызын құрады.
Саланың әрі қарай өсу, өркендеу әлеуеті зор. Бізде жоғары цифрлық қолжетімділік, дамыған финтех-инфрақұрылым және 8 миллионнан астам белсенді пайдаланушылар, яғни жастар бар. Біз 5 жылдан кейін әрбір бесінші сатып алу онлайн режимінде жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін осы жылдың наурыз айында электронды сауданы дамыту жоспары бекітілген болатын. Басымдықтардың қатарында заңнаманы жетілдіру, халық үшін білім беру бастамаларын іске қосу, кәсіпкерлер үшін қаржылық қолдау шараларын енгізу және заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар, – дейді Ғалия-Бану Мейрбаева.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасау да өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте Қазақстан халықаралық алаңдарда, яғни Дүниежүзілік сауда ұйымы, Біріккен ұлттар ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ секілді ұйымдар арасында трансшекаралық сауданы оңайлату және қолайлы цифрлық орта құру бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Мемлекетіміз бүгінде кейбір елдермен тәжірибе алмасу және бірлескен құжат әзірлеу ісін де қатар жүргізіп жатыр. Осы арқылы неғұрлым орнықты, инклюзивті және өзара байланысты өңірлік сауда архитектурасын қалыптастыруда. ҚР Сауда және интеграция министрлігі экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында ашықтыққа, технологиялық прогреске және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бейім ел.
Жалпы сауда саласы Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарының бірі екені анық. Осы арқылы елімізде жалпы ішкі өнімнің шамамен 19 пайызын сауда саласы құрап, 1,5 миллионнан астам адамның жұмыспен қамтылуына ықпал етуде. Бүгінде аталған салада еліміз бойынша 748 545 кәсіпкерлік субъектісі, 626 базар мен 142 мыңнан астам бөлшек сауда нысаны жұмыс істейді екен. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сауда саласында тұрақты оң динамика байқалған. Сауданың нақты көлем индексі жоспарланған 8 пайыздың орнына 8,4 пайызды құраған. Сауда көлемі номиналды мәнде 31,4 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде көтерме сауданың нақты көлем индексі 109,2 пайыз немесе 21,2 триллион теңге, бөлшек сауданың нақты көлем индексі 106,6 пайыз немесе 10,1 триллион теңге болған. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкескезеңінен едәуір жоғары. Еліміздің барлық өңірлері өсім көрсетіп, сауда саласының тұрақтылығы мен тартымдылығын дәлелденіпті.
Шикізаттық емес экспортты дамыту да министрліктің басты басымдықтарының бірі. Жылдың алғашқы айларында өңдеу өнеркәсібі секторындағы тауар айналымы 25 миллиард АҚШ долларын, оның ішінде экспорт көлемі 7,8 миллиард АҚШ долларын құрапты. Аталған кезеңде күнбағыс майы 69,5 пайызға, жануарларға арналған азық өнімдері 2,5 есеге, өңделмеген және жартылай өңделген алтын экспорты 52,7 пайызға артқан екен. Қазақстандық өнімдердің негізгі экспорт нарығы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Нидерланд, Франция және Жапония елдеріне бағытталуда. Осы кезеңде Тегеран (Иран), Будапешт (Венгрия), Сиань және Чунцин (Қытай), Кабул (Ауғанстан) қалаларында сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырылыпты. Оған 100-ден астам отандық экспорттаушы қатысып, азық-түлік, агроөнеркәсіп, металлургия, химия, құрылыс, медицина және логистика салаларындағы өнімдерін ұсынған. Нәтижесінде жалпы сомасы 333 миллион АҚШ доллары және 15 миллион еуро болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылып, шетелдік серіктестердің қазақстандық тауарларға деген жоғары қызығушылығы артқан.
Министрлік экспорттық акселерация бағдарламасын сәтті іске асыруда. Қазіргі таңда 120 компания экспорттық қызметін жедел дамытуда. Бұл ретте оларға кеңес беру, сүйемелдеу және шығындарды өтеу түрінде кешенді қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар отандық бизнестің халықаралық сауда-көрме іс-шараларына, оның ішінде қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына шығаруға жол ашатын Шанхай импорттық көрмесіне қатысу да үлкен жетістік. Экспортты қолдаудың қолданыстағы шаралары да үздіксіз жетілдірілуде. Бұл – жаңа экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға және олардың халықаралық нарықтарда табысты бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізуде.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы алты айында комитет пен оның аумақтық бөлімшелеріне 27 889 өтініш түсіпті. Нәтижесінде тұтынушылардың құқығы толық қорғалып, 881,4 миллион теңге қайтарылған. Ал облыста тұтынушылардың құқығын қорғау жұмыстары айтарлықтай күшейтіліпті. Бұл жөнінде облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасынбековпен тілдесу барысында білдік.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – әділ сауда қатынастарының, сапалы қызмет көрсетудің және халықтың әлеуметтік сенімінің басты кепілі. Әр азамат өз құқығын білуге және оны қорғауға құқылы. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін уәкілетті органдар тұрақты түрде бақылау жүргізіп, тұрғындардың өтініш-шағымдарын қарастырады. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 614 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 531 өтініш тікелей тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына қатысты болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 172 өтінішке артық. 2024 жылдың жеті айында 359 өтініш тіркелсе, биыл олардың саны 48 пайызға көбейіп отыр. Сауда қызметі саласы бойынша 83 жазбаша өтініш қабылданды.
Келіп түскен өтініштердің жалпы санының ішінде 344-і жазбаша нұсқада түссе, азаматтарды қабылдау барысында 72 тұрғын мамандардан кеңес алды. Департамент басшысының жеке қабылдауында 2 тұтынушы болды. Сондай-ақ сенім телефонына 185 өтініш түссе, телеграм-бот арқылы тағы 11 өтініш тіркелді.
Шағымдардың негізгі бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі. Бұл бағытта 244 шағым түсіп, жалпы шағымдар көлемнің 46 пайызын құрады. Олардың басым көпшілігі сапасыз тауарды айырбастау немесе қайтарудан бас тартуға байланысты болып отыр. Тұтынушылардың бір бөлігі күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды қайтару құқығының бұзылуына шағымданған.
Электрондық сауда саласындағы шағымдар да артып келеді. 2024 жылдың жеті айында 60 өтініш тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 89-ға жетіп, 48 пайызға өскен. Нәтижесінде онлайн саудаға байланысты шағымдар тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өтініштерден асып түсіп, екінші орынға шықты. Барлық түскен 556 өтініштің 372-сі қанағаттандырылды. Бұл жалпы көлемнің 67 пайызын құрайды. Нәтижесінде тұтынушыларға 14,7 миллион теңге қайтарылды. 183 азамат сұрақтарына түсініктеме алды. Сонымен қатар 53 өтініш құзыреттілігі бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолданды, ал 6 өтініш қаралу үстінде.
Осы кезеңде департамент бизнес субъектілеріне тұтынушылардың арызы негізінде жоспардан тыс 77 тексеру жүргізді. Оның 56-сы сауда саласында болса, 21-і тұтынушылардың құқықтарын қорғауға байланысты болды. Сауда саласындағы тексерістерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме бағаны шектен тыс көтеру фактілері анықталды.
Жалпы 58 заңбұзушылық тіркеліп, 45 ұйғарым енгізілді. Құқық бұзушыларға 52 әкімшілік жаза ескерту түрінде қолданылса, 6 жағдайда жалпы сомасы 544 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 7 субъектіге тексеріссіз айыппұл салынып, олардың жалпы көлемі 1,5 миллион теңгеден асты. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 4 тексеру тараптардың келісімімен аяқталды, – дейді С.Қасынбеков.
Аталған департамент тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Әлеуметтік желілерде 1193 материал жарияланып, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 53 мақала жарық көріпті. Қызметкерлер облыстық телеарналарда 4 рет, радио эфирінде 4 рет сөз сөйлеген. Бұған қоса, Тараз қаласының қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе отырып, 6 «Ашық есік» күні, 14 қоғамдық қабылдау өткізіліпті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында 7 брифинг ұйымдастырылған екен. Бұл іс-шаралар «Тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын қайтсек арттырамыз?» деген мәселенің қамымен жүзеге асырылып отырғаны анық. Осы арқылы, яғни халықты БАҚ арқылы ақпараттандырудың қоғамның бизнес құрылымдарға деген сенімін нығайтуда да алатын орны ерекше.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ