
Қара домбыра күмбірлесе қазақтың жүрегі сөйлейді. Ал сол жүрек сөзін аруақты жырмен, салмақты сатирамен, өрелі оймен өрнектеп жеткізген даралар болады. Солардың бірі емес бірегейі, Талас өңірінің талантты түлегі, халқымыздың суырыпсалма сөз өнерінде өзіндік өрнегін қалдырған ақиық ақын Шорабек Айдаров. Ол - тек айтыс сахнасында жарқ еткен жүйрік емес, жыр арқылы жұрттың жүрегіне жол тапқан шын шебер, сөзбен сурет салған сұңғыла өнер иесі.
Биыл сол Шорабек ақын жетпіс деген жастың асқарына шығып отыр. Бұл — тек бір адамның мерейлі белесі ғана емес, қазақ айтысының, Талас жұртының, тіпті тұтас ұлт руханиятының тойы. Өйткені ол — өнерге тек өзі келіп қана қоймаған, соңынан шоғыр шәкірт ерткен, әр сөзінде елдің мұңын, халықтың күлкісін, ар-намысын арқалаған, әзілмен ақиқатты астастырған айтыскер. Оның айтысына куә болған әрбір тыңдаушының жүрегінде өзгеше бір тылсым сезім оянады. Кейде кеңк еткізер күлкімен, кейде – жүрек шымырлатар шындықпен, кейде нәзік иірімді назбен. Шорабектің домбырасынан күмбірлеген жыр - елдің тағдыры, халықтың үні.
Шорабек Айдаровтың айтыс сахнасына келуі - кездейсоқтық емес, тағдырдың жазуы. Талас бойының тума таланты бала күнінен сөзге құмар, домбыраға еліккіш болып өседі. Сөз бен сазға, шындық пен шеберлікке толы ауыл арасының той-томалағы, дау-дамайда төрелік айтатын көнекөз қариялардың өнегесі оның табиғи болмысына туа біткен суырыпсалма қасиетті сіңіріп өсірді.
Айтыста ақындық тек ғана ұйқаспен емес, айтар ойыңның тереңдігімен, ұлттық мүддені сөз ету қабілетімен, қарсыласыңды құрметтей отырып сөз табу шеберлігімен бағаланатынын Шорабек ерте ұғынды. Сөйтіп, біртіндеп ауыл арасынан аудандық, облыстық айтыстарға дейін көтеріле келіп, республикалық деңгейде жарқ етіп көрінді. Оның әрбір жыры тыңдаушының жандүниесін баурап, халықтық сарынмен үндесіп жататын.
Әр адамның тағдыр жолы - өзіне ғана тән сүрлеу. Ал кей жолдарда жырмен өрілген тағдырлар тоғысып, тағылымға айналады. Шорабек Айдаровтың айтыс өнеріне келу соқпағы да дәл осындай сырлы кездесулер мен шынайы шабыттардан бастау алған.
Өткен ғасырдың 80-жылдары. Алматының асқақ та сергек студенттік өмірі. Қазақ журналистикасының қара шаңырағы — ҚазҰУ-дың қабырғасында, болашақ қаламгерлер қатарында Шорабек те сырттай білім алып жүрген еді. Сол жылдары тағдыр оны Алматы облысының өрелі ақыны Есенқұл Жақыпбековпен табыстырады. Бұл кездесу жай ғана таныстық емес, тұтас бір өнердің тұмарына айналған үлкен рухани серпілістің басы болатын.
Алғашқы таныстықтан-ақ екеуінің арасында сөз жарасымы орнап, өнерге деген ортақ ықылас өрбіді. Сол бір әңгіме үстінде Есенқұл өзінің айтыскер екенін айтқанда, Шорабек те шын қызығушылығын жасыра алмады. Алматы облысында ақындар айтысы қанат жайып, жыр додасы қызып жатқанда, Жамбыл облысында мұндай дәстүрдің әлі де жолға қойылмағанын айтуы Шорабектің ішкі аңсарын аңғартып тұрғандай еді.
Баспасөзден оқып жүрген, қызығып жүрген айтыс өлеңдерінің бірі есіне түсіп, Есенқұлдан:
«Білмеймін, жақпай қалдым осы күнде,
Төрде емес, тұрдым айтыс есігінде...» — деп басталатын шумақты кім айтқанын сұрағанда, Есенқұл жымиып тұрып: «Оны мен айтқанмын», — дегені Шорабектің жүрегіндегі жыр шоғын тұтатып жіберді.
Содан бастап, Есенқұл ұстаз, Шорабек шәкірт болып, айтыстың алқабына бірге қадам басты. Кейде екеуі өзара жырмен шарпысып, әзіл мен астар аралас сөз сайысына түсіп те жүрді. Осылайша, Шорабек бойындағы суырыпсалмалық қабілетін ұштап, өзін ақындар айтысының өрелі көшіне лайық екенін сезіне бастайды. Бұл Шорабек үшін жәй ғана қызығушылық емес, өмір жолын айқындаған үлкен бетбұрыс еді.
Айтыстағы алғашқы қадамы туралы Шөкең өзі былай деп еске алады: «1983 жылдың желтоқсан айында Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетіне бас сұқтым. Тілші хаттар бөлімінің меңгерушісі Нарша Қашағанов мені өте жылы шыраймен қарсы алып: «Келгенің жақсы болды, сен секілді біреуді іздеп жатыр едік» - деді. Сөйтті де, алдындағы телефонның құлағын бұрап, әлдекіммен хабарласа бастады. «Көшербек аға, мен таптым, ақынды» - деп, менің аты-жөнімді атап жатты. Сонан соң: «Қазір сізге барады» - деп телефон трубкасын орнына қойды да, маған қарап: «Мен қазір аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Көшербек Жұманқұловпен сөйлестім. Ол кісі: «облыстық айтысқа қатыс» - деп мені қинап жатыр еді. Мен өз орныма сені өткізіп жібердім. Сол кісіге жолық» - деді».
Міне, тағдырдың тосын сыйы деген осы! Сол күнге дейін шопан болып еңбек еткен Шорабек үшін бұл сөз күтпеген шешім болса да, кеудесінде бұрқ еткен от өнерге деген құштарлық еді. Ол көп ұзамай Жамбыл облыстық ақындар айтысына қатысып, алғашқы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, жүлделі үшінші орынға ие болады. Бұл жеңіс оның ақындық жолындағы алғашқы белес еді. Шорабек үшін бұл – тек сахнадағы табыс емес, ағалардың сенімін ақтау, елдің үмітін өтеу, өнер жолындағы алғашқы қадамының сәтті басылуы болды.
Айтыстағы осы алғашқы сәт оның бағытын біржолата өзгертіп, өмірінің өзегіне айналды. Сол жеңістен кейін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Оразбеков оны мәдениет қызметіне шақырып, бірден өз қарамағына жұмысқа алады. Сөйтіп, сегіз жыл бойы шопан болып еңбек еткен Шорабек енді ел руханиятының алдыңғы шебінде қызмет ете бастады.
Бұл – жай ғана қызметтің ауысуы емес, шынайы өнер жолына бетбұрыс жасау, жүректегі жырды сахнаға шығару, сөз киесіне адалдық таныту сәті еді. Шорабектің айтысқа келуі осылайша тосыннан басталғанмен, оның таланты мен табандылығы арқасында үлкен өнер жолына айналды.
1980 жылдардың соңы Жамбыл облысында айтыс өнері қайта жанданып, дүркірей өте бастаған тұс еді. Осы тұста Шорабек Айдаров Есенқұл Жақыпбековтен үйренген әдіс-тәсілдерін шебер қолдана отырып, жыр додасында ә дегеннен-ақ көрерменнің ықыласына бөленіп, танымалдығы арта түсті. Бастапқыда ол Талас ауданы, Қаратау ауылынан шыққан айтыскер Несіпбай Жүсіповпен бірге облыстық айтыстарға қатысып жүрді. Алайда, Несіпбай кейіннен имамдық жолды таңдап, айтысты мүлде доғарды. Осы сәттен бастап Шорабек сахнада жалғыз қалғанын сезінді. Бұл жағдай оны шәкірт тәрбиелеу туралы терең ойға жетеледі.
Алғашқы болып Бостандық ауылынан шыққан жас талапкер Жанбайбек Түгеловті қанатының астына алып, үлкен сахнаға шығаруға барын салды. Ақыры 1988 жылы Жүрсін Ерман ұйымдастырған республикалық телевизиялық айтысқа екеуі қатар қатысты. Бұл – Шорабектің шын мәніндегі жыр шебері екенін мойындата бастаған кезең еді. Жанбайбек болса, Алматыға барған сәтте ұстазынан бөлектеніп, өз бетінше дайындалуға бел буды. Алайда, жанында бағыт-бағдар көрсететін тәжірибелі жетекші болмаған соң, жыр бәсекесінде толықтай ашылып, жарқ ете алмады.
Шорабек Айдаровтың өнер жолында алғашқы жұлдызы жарқырап жанған сәті 1988 жылғы республикалық айтыста Кенжебай есімді қарсыласымен болған сөз сайысында айқын көрінді. Өзі де қой бағып, маңдайын күн сүйген қара жұмыс адамы болғандықтан, Шығыс Қазақстаннан келген зоотехник қарсыласының да шаруа адам екенін бірден танып, айтысты ортақ тағдырмен, астарлы әзілмен бастап жіберді:
«Құрдасым, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,
Қосылдық екі ақ маңдай шам жаққандай.
Жарқырап ай мен күндей боп отырмыз,
Вагонға көмір артқан солдаттардай», – деп халық әнінің әуезіне орайлас әзілмен төгіп жібергенінде, халық ду күліп, дүркірете қол соқты. Міне, осы бір тапқырлық пен табиғи шеберлік оның өнер жолындағы алғашқы елеулі табысына айналды.
Айтыс өнерінің аламанында шашасына шаң жұқпаған жүйрік ақын Шорабек Айдаров өңірлік додада талай мәрте топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Оның алғашқы ірі жеңістерінің бірі — Ақкөлде өткен Ұлбике айтысында бас бәйгеге тігілген арғымақты ұтып алуы. Бұл жеңіс Шорабектің айтыс сахнасындағы өрелі өнерін танытқан тұңғыш жарқын сәттердің бірі ретінде ел есінде сақталды. Ал 1994 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында өткен, Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыста Шорабек өнері тағы да оза шауып, бас бәйгеге тігілген темір тұлпарды жеңіп алды. Бұл жеңіс оны тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де танылған, айтыс сахнасының беделді ақыны ретінде танытты.
1991 жылы Ойық ауылында Бөлтірік шешен Әлменұлына арналған республикалық деңгейдегі айтыс ұйымдастырылды. Бұл шараға облыс пен республикадан танымал ақындар шақырылып, олардың арасында Есенқұл Жақыпбеков, Ермек Жұматаев, Айтақын Бұлғақов, Бекарыс Шойбеков сияқты өнер иелері болды. Мұхамеджанның белгілі себептермен қатыспағанына қарамастан, Шорабек осы айтыстың ұйымдастыруын өз мойнына алып, Тараздан келген ақын Аңсар Жұмабековтың үйін штаб ретінде белгілеп, шараның сәтті өтуіне барынша жауапкершілікпен қарады. Ол ақындарды шақырып, күтіп, шығарып салуды абыроймен атқарды. Бұл оқиға оның айтыс өнерін дамытуға қосқан маңызды үлестерінің бірі ретінде есте қалды.
Шорабек Айдаров үшін айтыс — жеке өнер ғана емес, ұрпаққа мирас болатын ұлы мұра еді. Ол суырыпсалмалық өнерді жалғап, ұлттық рухты жас ұрпақтың жүрегіне ұялатуды өмірлік мақсат санады. Шәкірт тәрбиелеуді жауапты іс деп білген Шорабек өнерге бейімі бар жастарды тап басып танып, олардың бойындағы талантты ұштауға ерекше көңіл бөлді.
Үшарал ауылынан шыққан табиғи талант иесі, ақын қыз Үміт Битенова мен оның өмірлік серігі, суырыпсалма айтыстың саңлағы Ербол Қамбатыров, сондай-ақ ән мен термені бойына сіңірген Басқанбек Раев сынды өнерлі жастар ұстаздың алдын көріп, өнер үйренді. Осы үш шәкірт туа біткен қабілетімен, өнерге деген шынайы ықыласымен ерекшеленіп, Шорабектің сенімін ақтап, сөз өнерінің көкжиегін кеңейтті.
Шөкең— атадан балаға үзілмей келе жатқан айтыс сынды асыл өнердің киесін бала кезден сезініп өскен жан. Бірде ол ақын Күләш Ахметованың «Ұлбике» атты өлеңіне көзі түсіп, іле-шала осы ақын жайлы іздене бастайды. Зерттей келе, Ұлбике Жангелдіқызының Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ сынды дала дүлдүлдерімен тең сөз қағыстырып, ешбірінен есе жібермеген, өткір де өрелі ақын болғанын аңғарды. Сол сәттен бастап Ұлбике тағдырына деген ынта-ықыласы артып, аудандық «Талас тынысы» газетіне арнайы мақала жариялайды.
Көп ұзамай Ұлбике ақынның туғанына 165 жыл толатыны белгілі болды. Бұл сәтті құр жіберуге болмайтынын түсінген Шорабек бірден іске кірісіп, аудандық басылым бетінде «Үшаралда Ұлбике күнін өткізу керек» деген көлемді ұсыныс мақаласын жариялайды. Бұл бастаманы сол кездегі газет редакторы Әбдірахман Әбдірәсілов қолдап, қос қанаттай бірге жұмыс істейді.
Осылайша, Үшаралда Ұлбике күні белгіленіп, оның басты шарасы — аудандық ақындар айтысы болады деп ұйғарылады. Алайда аудан көлемінде 4-5-ақ ақын бар еді. Бұл жағдай Шорабек пен Әбдірахманды қол қусырып қарап отырғызбай, екеуі ауыл-ауылды аралап, тасада жатқан таланттарды іздеуге кіріседі. Еңбектері зая кетпей, айтысқа қатысатын ақындар саны 26-ға жетеді.
Үшаралдағы айтыс шын мәнінде дүбірлі думанға айналып, елдің рухани өмірінде өшпес із қалдырды. Ұмыт бола бастаған Ұлбике есімі қайта жаңғырып, Кеңес заманында көлеңкеде қалған ақынмен халық қайта қауышты. Талай жас ақынның жұлдызы жанды. Солардың ішінде Аққұмнан Қарсан Батаев, Бостандықтан Бегімбет Дәулетов, Тамдыдан Бақытжан Мақашев, Амангелдіден Гүлнәр Тұрбаеваның есімдері ерекше аталды. Бас бәйге Үміт Битеноваға бұйырған еді.
Ұлбике күні арқылы Талас өңірінде айтыс өнері жаңа биікке көтерілді. Жырсүйер жұрттың көкейіндегі шөл қанып, көңіл көкжиегі кеңіді. Ұлбике Жангелдіқызының әдеби мұрасын насихаттау ісі де нақ осы күннен басталды. Кейін бұл үрдіс жалғасын тауып, аудан орталығында Ұлбике атындағы облыстық ақындар айтысы өтеді. Бас бәйгеге тігілген арғымақ атты Шорабектің өзі қанжығалайды. Бұл додаға Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров, Асқарбек Айдаров және осы жолдардың авторы - Бақытжан Мақашев сынды шәкірттері де қатысып, ұстаз жолын жалғай білді.
Ұстаздық - ұлы қасиет. Ал жырдың ұстазы болу — одан да ауыр жүк. Шорабек Айдаров бұл жолда да елеулі еңбек сіңірді. Тек өзі ғана сахнада жарқырап қоймай, артынан шәкірт ертіп, айтыс әлеміне жаңаша леп әкелді.
Талас өңірінен түлеген жас ақындардың біразы — осы Шорабектің мектебінен өткен. Ол шәкірттеріне тек сөз саптау мен ұйқастың ғана емес, азаматтықтың, шындықты жеткізудің, қарсыласты құрметтеудің, халықпен үндесудің өнегесін көрсетті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс — әкенің балаға аманатындай, ұлт рухының бір буыннан екінші буынға өтуі іспетті еді.
Жас ақындармен ауыл-ауылды аралап, түрлі додаға дайындап, олардың бойынан ұлттық рухты оятуға тер төккен ұстаздың еңбегі бүгінде ел аузында аңызға айналды. Кейбір шәкірттері қазіргі таңда айтыстың жарық жұлдыздарына айналып отыр. Олжас Отаров, Бекен Досалиев, Есет Досалиев, Біржан Сөктаев, Райхан Мәселбекова, Нұрым Сырғабаев, Шырынбек Қойлыбаев сынды көптеген жас ақындардың қабілетін ұштап, қайратын шыңдауға көп уақытын арнады.
Ол шәкірттерін туған бауырынан кем көрмей, бар білгенін үйретуге тырысты. Шәкірттері де оны ардақты ұстаз тұтып, жиі үйіне келіп, кеңесін тыңдайтын. Сол күндерді бүгінде сағынышпен еске алу — үлкен бір дәуірдің жылуын аңсау секілді...
Шорабек Айдаровты өзгелерден даралап тұратын ең айрықша қасиеттерінің бірі — оның тумысынан біткен тапқырлығы мен сатираға бейім зердесі. Ол айтыс үстінде қарсыласының кем-кетігін емес, кісілік келбетін, қоғамның сыртқы ақауын емес, ішкі ақиқатын нысанаға алып сөйлейтін. Осылайша, күлкіні қаруға, шындықты қалқанға айналдырып, екеуін әдемі өрген алтын көпір сала білді. Шорабектің сөзі – елдің көкейіндегі мұң мен үмітті астарлап жеткізетін көркемдік шешім еді. Ол айтыс сахнасына әзілдің шырайын, шындықтың шырағданын қосып алып шықты. Оның шумақтарында уақыт шындығы мен ел тіршілігі қатар өрілетін.
Ол - күлдіре отырып ойландырған, сынай отырып сүйіндірген ақын. Сатира мен сыр, шындық пен шеберлік қатар өрілген оның жырларында көркемдік те бар, әлеуметтік салмақ та бар. Әзілді шындықпен ұштастыра алуы — Шорабектің суырыпсалмалық дарынының дара тұстарының бірі. Оның осындай ерекшелігі айтысқа жаңа леп, жаңа мазмұн әкеліп, халықпен етене жақын, өміршең өнердің өрісін кеңейтті.
Қарапайым ауылдың топырағынан түлеп ұшып, сан түрлі сын мен сүргіннен өтіп, суырыпсалмалықтың шыңына жетуі - тек жеке тағдыр сүрлеуі ғана емес, көпке өнеге, өнерін өміріне айналдырған ақиқат мұраттың айқын көрінісі. Ол жүрген жол– парасат пен пайымның, табандылық пен талғамның сабақтастығын танытқан тағылымды тағдыр.
Бүгін жыр бәйгесінде жетпіс атты асуға ат шалдырған ақын - өнер аспанындағы биік шынар. Айтыс өнері үшін төккен тері, ел руханиятына қосқан еңбегі, жүректен туған жырлары — халқымыздың мәдени қазынасы. Талас даласының кеңдігі мен тереңдігіндей, Шорабектің де жыр әлемі кең құлашты, рухани биігі жоғары.
Ол - халқына арнап сөз сөйлеп, өнер үшін табанды еңбек еткен ақын. Оның әрбір өлеңі – санаға сәуле, ойға қозғау салатын шындықтың үні. Өмір жолы — өнеге, өнері — елге қуаныш. Туған жерінің төрінде өз үнін қалыптастырған Шорабек Айдаровқа зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілейміз! Жырмен көмкерілген өмірі ел есінде жаңғырып, келер буынға тәлім болары сөзсіз.
Бақытжан Мақашев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы