Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өндірісі өркендеген өңір

Өндірісі өркендеген өңір
Автор
Сексеуіл, жүзген, ақтаспа, қарабарақ секілді тал-дарақтан бастап, еркек шөп, бетеге, изен, сырттан секілді шөптесін өсімдіктердің неше түрі өсетін Мойынқұм өңірі - сан түрлі аң-құстың да мекені. Бұйығып жатқан бұйрат-бұйрат құмы Бетбақдаланың ұланғайыр жазығымен астасып, Қарағанды, Алматы облыстарымен шектесетін, Балқаш көлімен тоғысатын Мойынқұмның қойнауына талай қазына жасырынған.

Гранит тастарына сұраныс жоғары

Облыстағы ең шалғай әрі жер көлемі жағынан ең үлкен аудан саналатын бұл өңірдің бір қарағанда табиғаты тек малшаруашылығына бейім секілді көрінетіні рас. Әйтсе де жердің асты-үстіндегі байлықты игеруде аудан өзінің әлеуетінің зор екенін әлдеқашан дәлелдеген. Әсіресе қазба байлықты игеруге келгенде, мойынқұмдықтардың бұрыннан қалыптасқан өзіндік үрдісі, кен өндіру, өңдеу ісінде бай тәжірибесі бар. Соның арқасында мұндағы өнеркәсіп саласының табысы жылдан-жылға артып келеді. Биылғы қаңтар-мамыр айларының өзінде өндіріс көлемі 59,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен едәуір жоғары көрсеткіш тіркеліпті. Қазба байлықты игеру ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, алтын мен күміс өндірісі ұлғайып, цемент, әктас, барит сынды құрылыс материалдарының көлемі өскен. Нақты айтқанда, өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиард теңгеге артқан. Аталған салада биыл мамыр айына дейін 784 келі алтын, 145 келі күміс, 557,9 мың тонна цемент, 358,4 мың тонна әктас, 26,5 мың тонна барит рудасы мен концентраты өніріліпті. Сонымен қатар 17,5 мың шаршы метр қаптау плиталары, 33 тонна балық, 7,7 мың текше метр гранит өнімі нарыққа жол тартқан. «Мойынқұмда жердің астында да, үстінде де байлық жетеді» деуімізге төрт түліктен алынатын өнімді айтпағанда, құрылысқа қажетті гранит пен қаптау плиталарынан бастап, Балқаштың балығына дейін халық игілігіне жаратылып жатқаны арқау болып отыр. Мәселен, Мирный ауылындағы гранит тасын өндіретін «ОРГСТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Оның жылдық өнім өндіру қуаттылығы 10 мың текшеметрді құрайды. Алайда әлеуетті серіктестік былтыр 33 280 текше метр гранит тасын өңдеп, оны сату арқылы 471 миллион теңге табыс тауыпты. Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі басшысы Қайып Еркінбек алдағы жылы тағы бір зауытты іске қосып, жұмыс қарқынын үдеткелі отырғанын айтады.

– Зауыттың құрылғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Содан бері елімізді отандық гранит өнімімен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді салып келеміз. Қазіргі таңда зауытта гранит тастар көптеп өндіріліп жатыр. Өйткені сұраныс жоғары, биыл тағы бір зауыт саламыз деген жоспарымыз бар еді, ол ойымыз келесі жылы жүзеге асатын болды. Өнімді еліміздің барлық өңіріне жеткіземіз, оның ішінде Астана қаласындағы құрылыс компанияларына тауар бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жөнелтілуде. Одан бөлек,  Түркістан қаласы облыс орталығы болып құрылғалы бері ол жақтан түскен сұраныстарды да дер кезінде қанағаттандырып отырмыз. Сонымен қатар теміржол арқылы да бірқатар ТМД елдеріне тауарларымыз экспортталып жатыр.

Зауыттан 60-90 шақырымға дейінгі қашықта орналасқан үш кен орны бар.  Осында сол жерден гранит тастар блок күйінде жеткізіледі де, түскен тапсырысқа қарай әртүрлі өлшемде кесіліп, өңделіп, дайындалып, одан кейін барып дайын тауар тапсырыс берушіге жеткізіледі. Әрбір кен орнындағы гранит тастар өзінің қасиетіне, тасының қызыл, көк секілді түстеріне қарай бөлінеді. Осыған сай бағасы да әртүрлі болады. Дайындалған брусчатка, плита сынды тастөсемелер мен қаптамалардың бір шаршы метрі 20-30 мың теңгеге дейін барады.

Бір айта кетер жайт, құрылғы, тхника, станоктар шетелдікі болғаннан кейін бізде оның тілін білетін мамандар жоқ. Соған байланысты кәсіпорында былтыр 30 шетелдік еңбек етсе, қазіргі уақытта олардың саны 50-ге жетті. Алдағы уақытта жаңа зауыт салсақ, бізге жаңа техникалар алынатыны айдан анық. Сол кезде техниканың, технологияның тілін білетін шетелдік мамандарға тағы да сұраныс артуы мүмкін. Осы ретте тағы бір мәселенің басын ашып, айта кеткенді жөн көріп отырмын. Ол тұрақты жұмыс күшінің болмауына қатысты жайт. Анығын айтсақ, жастардың шалғай ауылда жұмыс істеуге құлқы жоқ. Әйтпесе мұнда орташа еңбекақы көлемі 300 мың теңгені құрайды. Егер жұмысшы белсенді болып, көзге түссе, өз міндетін талапқа сай атқарса, айлықақысы еселене түседі. Оның үстіне мерзімді жұмыс болған соң жыл сайын жұмысшыларды қайта жасақтаймыз. Жалпы жұмысшылар саны 150-ден асады, – деді ол.

Мойынқұмдағы өндіріс орнында тәулік бойы жұмыс қызып тұр. Ауысым басшысы Еркін Омашевтың айтуынша, жүк тиеу бөлімі тапсырыс берушілердің талабын дер кезінде орындауды басты міндет санайды.

– Қаптамалар желісі екі лента арқылы қатар жұмыс істейді. Шамамен 40-45  минутта екі вагон қаптама дайын болып шығады. Күндізгі ауысымның өзінде жиырма вагоннан артық жөнелте аламыз. Бір ауысымда отызға жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорында еңбектің өнімділігіне қарай ынталандыру жүйесі де бар. Мәселен, бір күнде бес вагоннан артық тиеген жұмысшыларға қосымша бонус төленеді. Күн сайын орта есеппен он сегіз-жиырма вагон шығады. Түнгі ауысымды қосқанда тәулігіне қырық вагонға дейін өнім жөнелтеміз. Мұнда жұмыс бір сәтке де тоқтамайды, тек түскі асқа бір сағат үзіліс беріледі. Бір сағат үзілісті қосқанда таңғы сағат 7.00-ден кешкі 19.00-ге  дейін еңбек етеміз. Қазіргі таңда өнім Қырғыз Республикасына жөнелтіліп жатыр. Өз елімізге келсек, күн салқындауына байланысты солтүстік өңірлер тапсырысты азайтқанымен, оңтүстікте сұраныс әлі де жоғары. Мұнда біз 15 күн жұмыс істесек, 15 күн үйде демаламыз, – дейді Еркін Омашев.

 

Мыңаралдың мүмкіндігі мол

Мойынқұмның Қарағанды облысымен шектесетін Мыңарал ауылдық округіне Мыңарал ауылы, Мыңарал және Қашқантеңіз стансалары қарайды. Ауылдық округ әкімі Тілеш Аманжолов жыл өткен сайын ауылдық округтегі елді мекендердің ажары ашылып келе жатқанын, халықтың дені «Компания Мың-Арал» және «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында, теміржол саласында еңбек ететінін айтады. Жалпы ауылдық округ бойынша 1 343 тұрғын, 336 үй бар болса, оның ішінде округ орталығы – Мыңарал ауылындағы адам саны 683-ті құрайды, ал түтін саны – 161.

– Бұрын үш елді мекенде де мектеп болған. Бірақ оның ішінде Қашқантеңіз стансасындағы бір бастауыш мектеп бала саны жетіспеуіне байланысты өз жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда Мыңарал ауылдық округіндегі 120 орындық Кенесары Қасымов атындағы және тағы осыншама балаға арналған Мыңарал стансасындағы Мыңарал орта мектебі жұмыс істеп тұр. Оның бірі 2013 жылы салынса, тағы бірі жақында пайдалануға берілді. Ауылдық округ бойынша бір шағын орталық пен «Нұрай» балабақшасы округтегі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтуда. Мұны сөз етіп отырған себебім, біздің ауылда тұрғындардың 65 пайызын жастар құрайды, осыдан-ақ ауылдың болашағы жарқын екенін аңғаруға болады. Себебі халықтың негізгі үлесін жастар құраған жерде өсім де, өркендеу де болады. Ауылдағы өрендердің ішінде студенттер мен әскер қатарында жүргендерден басқасы туған жерде қалып, еңбек етуде. Жастардың кейбірі өз бетінше рұқсат қағаз алып, балық аулап, табыс тауып жүр.

Негізінде тұрғындардың табыс көзі ауылдық округтегі әкімдіктің аппараты, мектеп, медициналық пункт, балабақша секілді мекемелермен шектелмейді. Темір жол мен екі іргелі зауыттың өзі көптеген адамды жұмыспен қамтып отырса, жалпы жұртшылықтың дені қорасында мал ұстайды. Мысалы, ауылдық округ бойынша, 450 сиыр, 900 уақ мал, 107 жылқы, 157 тұйе бар, бұл мыңаралдықтардың атакәсіптен алыстамағанын көрсетеді, – дейді Тілеш Есімұлы.

Ауыл әкімі ауылдық округке қысы-жазы жұмыс істейтін бір спорт кешені қажет екенін айтады. Ауыл жастары футбол ойынынан аудандық, облыстық жарыстарда ылғи бас жүлде алып жүр екен. Тіпті, Қарағанды облысына барып та талай жүлдені жұлып әкелген көрінеді.

– Ауыл жастары спортқа құмар. Бір ғана тілегіміз бар, ол біздің де ауылымыздан бір спорт кешені бой көтерсе, біздің де ауылдық округтен елге белгілі спорт саңлақтары шықса деген ниет. Спорт кешені мәселесі жөнінде аудан әкіміне де өтініш жасағанбыз.

Мұндағы ауылдық елді мекендердің әлеуеті, келбет-кескіні, халықтың тұрмыс жағдайы мақтануға тұрарлық. Мыңарал ауылындағы С.Сейфуллин, Р.Садықов, Бұқарбай көшелеріне жол салынып, жарықтандырылған. Мыңарал стансасындағы Теміржолшы, Абай, көшелері де асфальтталып, жарық орнатылған. Тек мұндағы Мөлтек көшесіне жақында су құбыры тартылады, асфальт содан кейін ғана төселеді. Дегенмен жарық мәселесі шешілген.

Қашқантеңіз стансасындағы бір көшеге биыл демеуші көмегімен шағал төселді. Анығын айтқанда, Алматы-Астана бағытында жол салып жатқан түріктің «Сине Мидас Строй» компаниясы осы өтінішімізді орындап, халықтың алғысына бөленіп отыр. Одан бөлек, осы компания құны 8 жарым миллион теңге болатын балалар ойын алаңын салып берді. Алдағы уақытта Р.Садықов көшесінің бұрылысына 600 метр асфальт жамылғысын төсеп бермекші. Тұрғындардың аталған құрылыс компаниясының басшысы Емрулла Будакқа айтар алғысы шексіз, – дейді Т.Аманжолов.

Бұл ауылдық округке жергілікті жердегі кәсіпорындар да қарайласып тұрады екен. Мысалы, «Компания Мың-Арал» ЖШС ауылдықтар үшін сахна орнатып беріпті. Бұдан бөлек  жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын да созатын көрінеді. Мерекелік жиындарда ауыл халқымен бірге атсалысып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосады. Мемлекет тарапынан Мыңаралда электр желілері жаңғырып, жол, ауызсу мәселесі шешімін тауып жатса, қалған жоқ-жітік ірі компаниялардың көмегімен түгенделуде. Бұл жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін ауыл әкімінің белсенді жұмыс атқаруының нәтижесі екені анық.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, біздің облыста балық шаруашылығы кенжелеп қалғанын жасыруға болмайды. Оны Әулиеата өңірінің әлі күнге дейін шикі балыққа да, өңделген дайын тауар күйінде де сыртқы нарыққа тәуелді болып отырғанынан аңғаруға болады. Ашығын айтқанда, балықты тереңдетіп өңдеу, одан килки, шпрот, консерв секілді өнімдер шығару өңірде әлі жолға қойылмай келеді. Балық және одан алынатын өнімге қатысты облыстың экспорттық әлеуетін айтпағанда, бізге алдымен ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету мәселесі күйіп тұр. Мысалы, Билікөл, Ақкөл секілді кез келген суайдынын алып қарасақ, балық шаруашылықтары тек көлдегі су жәндіктерін сүзіп алып, оны сатумен айналысып отыр. Балық шаруашылықтары суайдындарына шабақ жіберіп жататынын талай көргенбіз. Бұл енді табиғатқа жаны ашыса да, ашымаса да кез келген шаруашылық үшін орындалуы тиіс міндеттеме екені белгілі. Ал балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқысы келген іскер азаматтар балықты судан сүзіп алумен шектелмей, оның санын молайтып әрі қайта өңдеумен айналысуы керек. Мысалы, «Компания Мың-Арал» балық зауытының ауланған балықты кептіріп, тұздап, филе, фарш, тушонка сынды дайын тағамдық тауарлар шығаруы әйтеуір көңілге медет. Балқашта балық қоры жеткілікті, бірақ оны тиімді пайдалану, қайта өңдеу ісі жолға толық қойылса, консервіленген өнім нарыққа жол тартса, салада тың серпіліс пайда болар еді-ау деген де ой бар көкейде. Десе де салаға жаңа технология енгізіп, өндірісті жаңғыртпай, балық шаруашылығын алға бастыру қиын-ақ. Сондықтан да облыста балық аулаумен бірге, қайта өңдеу ісін жүйелі жолға қою қазіргі уақыттың талабы болып отыр.

Ішкі-сыртқы нарықты бағындыру, өз өніміңді сұранысқа сай ұсыну оңай емес. Десе де «Қимылдаған қыр асадыны» жадыдан шығармай, қолдан келгенін жасап бағу да елеуге тұрарлық іс. Бұл тұрғыда Мыңарал ауылындағы «Компания Мың-Арал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз әлеуеті деңгейінде дайын өнім өндіріп, аудан экономикасының өркендеуіне  шама-шарқынша үлес қосып келе жатқаны шындық. Өндіріс орны 2014 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылып, содан бері балық шаруашылығы саласында үздіксіз жұмыс істеуде. Қазіргі таңда кәсіпорынды Сергей Ни басқарып отыр. Оның айтуынша, зауыттың негізгі бағыты – Балқаш көлінен балық аулау, қабылдау және толық өңдеу. Кәсіпорында сексенге жуық адам тұрақты жұмыс істейді, олардың барлығы дерлік ауыл тұрғындары. Бұдан бөлек, он бес шақты маман вахталық әдіспен еңбек етеді.

Зауыт жылына 500 тонна балық аулауға квота алған. Дегенмен кәсіпорын қуаттылығы жылына 1500-2000 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Қосымша шикізатты өзге фирмалардан сатып алып, жергілікті тұрғындардың аулаған балығын да қабылдайды. Сатып алу бағасы нарыққа байланысты әртүрлі, кейде мың теңге, кейде алты жүз теңге шамасында белгіленетін көрінеді. Балқаш көлінде сазан, сом, жыланбас, жерих, вобла, лещ, қарабалық секілді сан түрлі балық кездеседі. Солардың барлығы зауытта терең өңдеуден өтеді. Өнімнің бір бөлігі ішкі нарыққа ұсынылса, негізгі бөлігі сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Кәсіпорын Қытай, Германия, АҚШ және Еуропаның өзге де елдеріне өнімін өткізіп отыр екен. Алайда кәсіпорынның алдында тұрған белгілі бір қиындықтар да жоқ емес. Негізгі мәселе балық аулайтын учаскенің болмауы. Егер толыққанды учаске берілсе, зауыттың жылына бірнеше есе артық өнім өндіруге шамасы бар. Соған қарамастан өндіріс тоқтаусыз жүріп, маңайдағы тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

– Кәсіпорын балықты мұздату және өңдеумен айналысады. Жылдық қуаттылығы – 1,5 мың тонна өнімді құрайды. Өндіріс басында, нақты айтқанда дәл қазір 61 адам еңбек етуде, оның 88,5 пайызы мойынқұмдықтар. Одан бөлек, Балқаш көліндегі балықтарды біздің балықшылар аулайды, ауыл тұрғындары да ұстаған балығын бізге әкеліп өткізеді. Осылай қомақты табыс тауып жүрген ауылдық азаматтар бар. Бүгінгі күні сұранысқа сай өнім Германия, Қытай, Америкаға дейін жөнелтіліп жатыр. Дәл қазір өндіріс өз қуаттылығынан бәсең болып тұр. Өйткені, суайдындағы учаскеміз тар. Бізді алаңдатып отырған басты мәселе осы. Егер осы мәселе шешілсе, балық саны көбейіп, шығарылатын өнім көлемі де артар еді, – дейді Сергей Ни.

Аудандағы өнеркәсіп саласының өркендеуіне Мыңаралдағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС да зор үлес қосып отыр. Кәсіпорын жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіреді. Осылайша ел көлемінде құрылыс материалына деген сұранысты өтеуге күш салады. Ал биылдың өзінде  727,7 мың тонна цемент өндіріп үлгерген.

 

Барит – бағалы  өнім

Сонымен қатар аудандағы «Эврика-Барит» ЖШС елімізде барит өндірісі – бойынша сұранысқа ие жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті өнімдерді бірнеше мемлекетке экспорттап отыр.

«Эврика-Барит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Негізгі бағытымыз – монобарит өндіру. Бүгінде кәсіпорын екі ірі өндірістік кешенге сүйенеді. Атап айтқанда, байыту фабрикасында жылына 120 мың тоннаға дейін өнім дайындалады. Ал ұнтақтау кешенінде жылына 60 мың тонна барит ұнтақталып, қаптарға салынып шығарылады. Бұл өнімдер келісімшарт негізінде шетелдік серіктестерге жөнелтіледі. Негізінен Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне және Каспий өңіріндегі шекаралас елдерге экспортталады.

Монобарит – өте ауыр минерал. Өндіру барысында ол бірнеше кезеңнен өтеді. Әуелі байыту фабрикасында іріктеліп, кесектелген күйінде алынады. Кейіннен ірі, орташа және ұсақ бөліктерге бөлініп, ұнтақтау кешеніне жеткізіледі. Мұнда толықтай өңделген өнім дайындалып, қойма алаңына шығарылады. Өндірістік процестің барлығы қатаң бақылауда жүзеге асады. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген жұмысшыларға барлық әлеуметтік пакет қарастырылған. Білікті, іс басындағы мамандардың еңбекақысы жарты миллион теңгеге дейін жетсе, қарапайым жұмысшылар айына орта есеппен 120 мың теңге алады. Жалақы әр айдың онына дейін уақытылы беріледі. Бұл кәсіпорынның еңбек ұжымына деген құрметінің, заңдылықты сақтауының көрінісі.

Бүгінгі таңда «Эврика-Бариттің» негізгі шикізат көзі Шығанақ және Үлкенсай кен орындары болып есептеледі. Шығанақтағы қор шамамен 8 миллион тоннаны құраса, соның 1 миллион тоннасы игеріліп үлгерді. Қазір жерасты қабатындағы қорды игеру кезеңі жүріп жатыр. Ал Үлкенсай кен орнының жалпы қоры 489 мың тонна болса, оның 400 мың тоннаға жуығы әлі қазылып алынған жоқ. Үлкенсай кен орны кәсіпорыннан 20 шақырым жерде орналасқан. Оның жалпы аумағы 20,8 шаршы метрді құраса, Шығанақ кен орнының көлемі 70 мың шаршы метрге тең.

Кәсіпорында еңбек етіп жүргендердің 70 пайызы Мойынқұм және Шу аудандарының тұрғындары. Жастарды өндіріс ісіне баулу, кәсіби біліктілігін арттыру біздің басты мақсатымыздың бірі ретінде қарастырылған. Бүгінде өзіміз тәрбиелеген, тәжірибесін шыңдаған мамандардың қатарында бас идеологымыз Елубай Шахраман, зертхана меңгерушісі Гүлжан Ноғайбекова, бас маркшейдер Әділбай Сұлтан сынды азаматтар бар. Олар өз ісіне адал, еңбекқор, кәсібилігімен танылған мамандар.

«Былтырғыға қарағанда биыл өнімді көп өндірдік, алдағы уақытта пәлен мың тонна кен өңдейміз» деп біз айта алмаймыз. Өйткені кәсіпорынның жұмысы сұраныс пен келісімшартқа байланысты жүргізіледі. Атқарылатын жұмыс, қазылатын кен көлемі нарықтағы қажеттілікке қарай белгіленеді. Сол себепті біз тек жоспарлы әрі нақты бағытта еңбек етеміз, – дейді бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Әмірхан Тойболдинов.

Бір айта кетерлігі, кәсіпорын шетелдік инвесторлардың қатысуымен жұмыс істеп тұр. Серіктестіктің басшысы шетелдік азамат болғанымен, жергілікті ұжым Әмірхан Сәдуақасұлы секілді іскер азаматтардың өз міндетін жауапкершілікпен атқаруының арқасында абырой биігінен көрініп келеді. Ол мұнда 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді екен. Алматыдағы политехникалық институтты 1983 жылы тәмамдап, кәсіби жолын осы өндіріс саласына арнапты. Қазіргі таңда Мойынқұмның өркендеуіне өз үлесін қосып, өндіріс пен жергілікті тұрғындардың тұрмысына пайдасын тигізіп отырған жайы бар.

Аталған кәсіпорын құрамындағы қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға жететін байыту фабрикасы мен заманауи жабдықталған ұнтақтау кешені, өнім сапасын жедел талдауға мүмкіндік беретін заманауи зертхана жұмысы үдеден шығып тұр.

Қорыта айтқанда, Мойынқұмдағы өндірістік әлеует бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Мұндағы кен өндіру саласы жүйелі жолға қойылған. Кейбір өндіріс орындарында жастардың тәжірибе жинап, білікті маманға айналуы да көңіл қуантады.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Мойынқұм ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар