
Анығын айтсақ, Тараз қаласының орталық алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасы мен арнайы киімдерді табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, осы саланың жеке құрамы қатысты.
Жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген Шыңғыс Сайранұлы: «Сіздерге жаңа үлгідегі техника мен қызметтік киімнің табысталуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құтқарушыларға айрықша көңіл бөлуінің және халықтың қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоюының көрінісі. Өткен жылдан бері құтқарушыларды әлеуметтік қолдауға серпінді қадамдар жасалып келеді. Атап айтқанда, тұрғын үй төлемдері енгізіліп, қызметтік киім-кешек нысандары қайта қаралды. Осындай көмектің біріне сіздер де ие болып отырсыздар. Бұл ортақ атқарылған жұмыстардың сіздерге жеткен нәтижесі. Бірлескен күш-жігердің арқасында құтқару қызметінің сапасы артып, материалдық-техникалық мүмкіндіктеріміз нығайып келеді. Осы игі бастамаларды іске асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімі мен «Қазақстан құтқарушылар қоры» жеке қорына алғыс білдіреміз! – деді Шыңғыс Әрінов.
Сондай-ақ министр қандайда бір қауіп төне қалса халық құтқарушыларға үміт артатынын, жасалған жағдай сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Ербол Шырақпайұлы облыс халқы құтқарушыларға ерекше құрметпен қарап, еңбегін бағалайтынын атап өтті.
– Сіздер төтенше жағдайларда бірінші болып қол ұшын созатын ержүрек жауынгерсіздер. Бұл ретте батылдық пен кәсібилікті ту етіп, адам өмірін қорғау жолында тоқтаусыз еңбек етіп, шексіз жанқиярлық пен жауапкершілік үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздерге табысталатын жаңа техника мен арнайы жабдықтар қызмет сапасын арттырып, өздеріңізге жүктелген міндеттерді сенімді әрі тиімді орындауға мүмкіндік беретініне сенемін.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген даналық сөзге сай, бірлесе атқарылатын жұмыстар аймағымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтарымыздың қорғалғанын сезінуіне негіз болады. Сондықтан ынтымақтастық пен бірлік арқылы алдағы міндеттерімізді де табысты орындай берейік,– деді Е.Қарашөкеев.
Бұдан кейін Ш.Әрінов пен Е.Қарашөкеев өрт сөндіру автостансасы, өрт сөндіру автоцистернасы, жүрісі жоғары жол талғамайтын, жанар-жағармай таситын көлік секілді бас-аяғы 13 заманауи техниканың кілтін құтқарушыларға табыстады. Сондай-ақ оларға «Қазақстан құтқарушылары қоры» ұсынған 94 жиынтық формалық киім берілді.
Айта кету керек, іс-шара бөлімшелердің төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындығын арттыруға және өңірдің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ