Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда қалалық №10 емхана ашылады

Таразда қалалық №10 емхана ашылады
Ақәділ Рысмахан
Өңірімізде денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары оң өзгерістер байқалады. Ауылдарда жаңа денсаулық нысандары көптеп салынып, қолданыстағы емханалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Дегенмен кадр тапшылығы мен тозығы жеткен нысандарды күрделі жөндеуден өткізу сынды кезек күттірмейтін мәселелер де бар екені жасырын емес. Осы және өзге де түйткілдер облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте талқыланды.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек өңірдегі медицина сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, аймақта денсаулық сақтау саласында барлығы 15,5 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде зейнет жасындағы дәрігерлердің саны – 221.

– Соңғы жылдары аймақтағы кадр тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Егер 2021 жылы дәрігерлер жетіспеушілігі 169 бірлікті құраса, өткен жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 70-ке дейін түсті. Алайда осы жылдың басында маман тапшылығы қайтадан 109 дәрігерге жетті. Сала өкілдерінің 47-сі қалаға, 62-сі ауылдық жерлерге қажет. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігер, радиолог, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, педиатр және салалық бейінді мамандар қажеттілігі сезіліп отыр.

Мәселені шешу үшін облыста бірқатар шаралар қабылдануда. Жергілікті бюджет есебінен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 51 студент білім алуда. Сондай-ақ соңғы жылдары 42 жас дәрігер резидентураны аяқтап, өңірімізге жұмысқа орналасты. Биыл тағы 22 резидент оқуын жалғастыру үшін грантқа қабылданды. Қазір жалпы саны 84 жас маман резидентурада оқып жүрсе, республикалық бюджет есебінен тағы 182 дәрігер дайындалып жатыр. Алдағы бес жылда жыл сайын 90-нан астам жаңа дәрігердің облысқа келуі жоспарлануда.

Жас мамандарды қаржылай, баспанамен қамту секілді әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Нәтижесінде биыл облысқа 45 жас маман келді, – деген Сержан Сәрсенбекұлы биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша облысқа 154 жас маман бөлінгенін жеткізді.

Оның 80 пайызы ауылға, қалғаны қалаға жұмысқа орналасады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сол секілді баяндамашы облыстың медициналық ұйымдарын заманауи құралдармен жабдықтау мәселесі де назарда екенін айтты.

– Өңірлік перспективалық жоспарларға тоқталсақ, өңірімізде қазір 383 медициналық нысан жұмыс істейді. Дегенмен олардың тозу деңгейі орта есеппен 41,7 пайызға жеткен. Бұл жағдайды жақсарту үшін 2025-2034 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту жоспары бекітілуде. Жоспарға сәйкес Жуалы ауданында жаңа аурухана мен емхана салынады. Тараз қаласында 350 орындық көпбейінді аурухана, 150 орындық перинаталдық орталық, жедел жәрдем станциясы және №10 қалалық емхана бой көтермек. Сонымен қатар Байзақ, Сарысу және Қордай аудандарында 200-270 орындық орталық ауруханалар салу көзделген. Ал «Аяла» балалар оңалту орталығының аумағында 70 орындық жаңа корпус тұрғызу жоспарланып отыр.

Тараз қаласының халқы бүгінде 482 мыңнан асты. Қаладағы қолданыстағы емханаларға түсетін жүктеме тым жоғары, кейбірінде бір дәрігерге 2 000-2 500 адамнан келеді. Жаңа ықшамаудандарда емханалар жеткіліксіз. Осы мәселені шешу үшін №10 қалалық емхана ашу туралы шешім қабылданды. Ол Асқаров көшесінің соңында орналасқан фтизиопульмонология орталығының ғимаратында ашылады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 61,8 пайыз тозу деңгейінде тұрған Мойынқұм мен 55,1 пайызға тозған Шу аудандық ауруханалары да күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Жалпы облыс бойынша ғимараттардың тозу көрсеткішін алдағы жылдары 34 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр, – деді С.Назарбек.

Баяндамада айтылған күрделі жөндеуді қажет ететін аурухана мен кадр тапшылығы мәселелеріне ерекше назар аударған Ербол Шырақпайұлы басқарма басшысына бірқатар сауал қойды.

– Шу аудандық орталық аурухана, көпбейінді орталық аурухана және Шу қалалық емхананы біріктіру мәселесі жиі қозғалып жүр. Қызметкерлер наразылығын есепке алып, бұл шешімнің тиімділігі зерттеліп, қоғамдық-саяси ахуалға кері әсерін болдырмауға баса назар аударылуы қажет. Сондай-ақ Шу аудандық көпбейінді орталық аурухананы қайта жаңғырту жобасы 2023 жылдан бері созылып келеді. Қазіргі жағдайы қандай және аяқталу мерзімі белгіленді ме?

Сол секілді Қордай ауданы Үлкен Сұлутөр ауылындағы жаңа аурухана лицензиясыз жұмыс істеп тұр деген ақпарат бар. Бұл мәселенің шешімі табылды ма? Меркі ауданындағы көпбейінді аурухана құрылысы аяқталғанымен, іске қосылмаған. Бұған қоса, кәріз жүйесін қалпына келтіруге қосымша қаражат бөлінді. Нысан жыл соңына дейін толық пайдалануға берілуі керек.

Тағы бір мәселе – №10 емхана. Ол бұрынғы туберкулез орталығының ғимаратында орналасқандықтан, тұрғындар тарапынан қарсылық туындауда. Мұндай жағдайда қауіпсіздігі мен санитарлық нормалары қалай қамтамасыз етіледі? – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сержан Назарбектің айтуынша, ауруханаларды біріктіру мәселесі бойынша министрліктің тапсырмасына сәйкес жұмыс тобы құрылған. Қазіргі таңда мамандармен бірлесіп, кезең-кезеңімен талдау жүргізілуде. Негізгі мәселе – мамандардың тапшылығы және профильдердің қайталануы. Мысалы, екі мекемеде он бір профиль бір-бірін қайталайды. Егер қосылатын болса, кадрлар біріктіріліп, қайталанған профильдер оңтайландырылып, сапа артады. Бұл бағыттағы шешім осы айда  ұсынылады.

– Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылында лицензия мәселесі шешілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 29 нысанның бәрі лицензия алды. Бұрын болған заңсыздықтар бірден тоқтатылып, қазір барлық құжаттар заңдастырылды. Меркі ауданындағы аурухана бойынша құрылыс басқармасынан біздің теңгерімге  алу процесі жүріп жатыр. Одан кейін техникалық паспорт рәсімделіп, лицензия алынады. Ал кәріз жүйелерін қалпына келтіру бойынша сатып алу процедуралары өтіп жатыр, нәтижелері осы айда белгілі болады.

№10 емхана бойынша айтар болсақ, ғимарат санитарлық талаптарға сәйкес дезинфекциядан өтеді. Бұрынғы туберкулез орталығы болғандықтан, тұрғындар арасында күдік бар, бірақ арнайы нормаларға сай рәсімдерден кейін ол мекеме басқа профильге бейімделе алады. Қаржы мәселесіне келсек, орталықтың өз есебінде қаражат бар, соған қоса өңірден қосымша қаржы сұралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл процестерді халыққа түсіндіру міндетті түрде қамтамасыз етіледі, – деді Сержан Сәрсенбекұлы.

Әлеуметтік желілерде медицина саласына қатысты шағымдар аз емес. Емханалардағы бітпейтін кезек, дәрігерлердің немқұрайлы қарым-қатынасы, тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмау сынды мәселелер халық үшін өзекті күйінде қалып отыр. Облыс әкімі осы мәселеге де баса назар аударды.

– Әр уәкілетті мекеме бұл түйткілдерді жіті талдап, жүйелі шешімдер қабылдауы қажет. Сонымен бірге, вакцинация ісі де баяу жүруде. Мәселен, Тараздағы балабақшалардың бірінде 22 баланың қызылшаға шалдығуы екпенің уақытылы жүргізілмеуінің салдарынан болып отыр. Бұл жағдай қоғамды алаңдататыны анық. Сондықтан профилактикалық шаралар күшейтілуі қажет. Фармацевтика саласында заңсыздыққа жол берілмеуі тиіс. Сонымен бірге, халық денсаулығы мен елдің болашағы үшін демографиялық ахуалға да айрықша көңіл бөлінгені жөн, – деді Е.Қарашөкеев.

Мұнан кейін кеңесте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсабаев баяндама жасап, туризм саласын дамыту мәселелерін көтерді. Аталған бағыт бойынша аймақ басшысы Меркі, Жуалы секілді таулы аудандарды дамыту, жол бойындағы әжетханалардың тазалығына көңіл бөлу және туристердің экологиялық мәдениетін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар