
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы ресми сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосты.
Аталған жоба – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «SANY Renewable Energy» компаниясының табысты серіктестігінің нәтижесі. Бұл жел энергетикасына арналған қондырғылар шығаратын әлемдегі ең ірі компанияның елімізде ашқан бірінші кәсіпорны.
Өндірістік база Шу қаласындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын гондола, күпшек, мұнара сияқты жел электр стансасына қажет бөлшектерді шығарады. Жобаны жүзеге асыру еліміздегі жаңа электр стансаларының құрылысын қамтамасыз етіп, «жасыл» энергетиканың дамуына зор үлес қосады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар.
– Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
– Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін. Осыған орай, құрметті Си Цзиньпин Төрағаға қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға қосып жатқан үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдірдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.
Akorda.kz