Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мектепке жол» – мейірімге бастар ізгі жол

«Мектепке жол» – мейірімге бастар ізгі жол
Автор
Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» атты жыл сайынғы республикалық акциясы биыл да өз жалғасын тапты, деп хабарлайды arainfo.kz

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған бұл игі шараға 5513 әскери бөлімі ерекше үлес қосты. Ардагерлер кеңесінің қоры мен Әйелдер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған акция аясында бөлім әскери қызметшілерінің балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен жабдықтары табысталды.

Бұл – жылдар бойы жалғасып келе жатқан ізгілікті дәстүр. Әскери бөлім ұжымы қай кезде де өз қызметкерлерін қолдауды, олардың отбасына қамқор болуды азаматтық борыш деп санайды. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін мұндай көмек – үлкен демеу, балақайлардың жаңа оқу жылына шаттықпен баруына жасалған нақты қадам.

Акция барысында балаларға сөмке, дәптер, қаламсап, оқу-сызу құралдары секілді түрлі жабдықтар табысталды. Кішкентай жүректер қуанышқа бөленіп, ата-аналар да шын жүректен алғыстарын білдірді. Бұл – жай ғана материалдық көмек емес, бұл – әскери бөлім тарапынан көрсетілген жан жылуы, қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың жарқын көрінісі.

«Мектепке жол» акциясының мән-маңызы – тек мектепке әзірлікпен шектелмейді. Ол балалардың бойына сенім ұялатып, олардың жақсы оқуға деген ынтасын арттырады. Әрбір берілген сыйлық – үлкендердің қамқорлығы мен ел болашағына деген сенімінің белгісі. Балалар – біздің ертеңіміз. Сол себепті олардың алаңсыз білім алып, ғылымға ден қоюына жағдай жасау – баршамыздың ортақ парызымыз.

5513 әскери бөлімінің ұжымы бұл игілікті шараға жыл сайын белсенді түрде қатысып келеді. Ардагерлер кеңесі мен Әйелдер кеңесінің бастамалары әрқашан көптің көңілінен шығып, қоғамда ізгілік пен мейірімділіктің өріс алуына септігін тигізуде.

«Мектепке жол» акциясы – ел бірлігінің, татулықтың айғағы. Әр баланың жүзіндегі шаттық күлкі – жасалған жақсылықтың ең үлкен жемісі. Осындай қамқорлық дәстүрлі түрде жалғасын таба берсе, біздің болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар