
Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңа табиғи парк аумағы таулы және тау етегіндегі аймақтарды қамтып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғауға бағытталған. Аталмыш парктің мән-маңызы туралы кеңірек білу үшін біз облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиевпен әңгімелескен болатынбыз.
– «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» биологиялық әртүрлілігі ерекше бай. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр және Түркістан сілеусіні мекен етеді. Соңғы жүргізілген санақ нәтижелері бойынша парк аумағында 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы және 22 сілеусін тіркелген.
Парк табиғат пен Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау шараларын жүйелеумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, экологиялық ағартушылықты арттыруға және тұрғындар мен қонақтар үшін экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты экотуристік бағыттар қолға алынуда. Парктің жалпы аумағы 86 632 гектарды құрайды.
Сондай-ақ паркте қорықтық режим қалыптастырылған. Қорық режимінің ауданы – 12 500 гектар. Бұл аумақта – Тянь-Шань арқары, орталық Азия сілеусіні, қар барысы, тас сусары сиақты сирек кездесетін және эндемикалық жануарлар түрлері мекендейді. Өсімдіктерден қалқанды асаймұса, Регель алмұрты, Кавказ таудағаны, Шмальгаузен ұясы, Виттрок рауғашы және тағы да басқа эндемикалық және реликтік өсімдіктердің сирек түрлері кездеседі. Көктем-жаз кезеңінде жануарлар мен құстардың көп бөлігі дәл осы аумақта көбейеді. Тағы бір айта кетерлігі, қорық аумағында қатаң шектеулер де қарастырылған. Атап айтсақ, аумақтың гидрологиялық режимiн өзгертетiн iс-әрекеттерге тыйым салынады. Қорықтың жұмысына қатысы жоқ үй-жайлар, жолдар, құбырлар салуға, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзуге және пайдалы қазбаларды өндiруге болмайды. Топырақ қабатын бүлдiруге, минералдар шығымын бұзуға және тау жыныстарын жалаңаштауға рұқсат жоқ. Аң-құс, балық,, қысқасы жан- жануарларды аулауға, жойып жiберуге, оларды мекенінен үркітіп, жөңкіле ауа көшуіне түрткі болу заңбұзушылық болып есептеледі.
Сондай-ақ зиянкестерге, өсiмдiктер мен жануарлардың ауруларына қарсы, жануарлар санын реттеу үшін химиялық және биологиялық күрес әдiстерiн қолдануға да жол берілмейді. Үй жануарларын қорықтың үстімен айдап өтуге, жануарларды шошытатын жасанды шуыл немесе өзге де акустикалық дыбыстардың шығуына себепкер болғандар да, ландшафтардың табиғи көрiнiсiн өзгерткендер де жазаланады. Сондай-ақ экологиялық жүйелердiң орнықтылығын бұзатын немесе ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға қатер төндiретін әрекеттерге де тыйым салынады, – деді Ерсұлтан Ерболатұлы.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қорықтың туристiк және рекреациялық қызмет аймағында қаумалдық қорғау режимi белгіленген. Осы арқылы мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерінің сақталуы қамтамасыз етіледі. Мысалы, қорық аумағында реттелмелі туристік нормаларды ескере отырып, туристік маршруттар мен соқпақтар ұйымдастыруға болады екен. Сондай-ақ демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын, жағажайларды, қайық станцияларын орнатуға рұқсат етіледі. Суда жүзетін көлік түрлері мен жағажай құрал-жабдығын жалға алу пункттерін ашу да заңға томпақ емес. Бал ара шаруашылығымен, яғни омарташылықпен айналысу үшін уақытша құрылыстар салып, стационарлық омарталар орналастыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар балық өсіру шаруашылығын жүзеге асыруға да болады.
Аталған табиғи парктің құрылуына қатысты атқарылған жұмыстар ретімен танысу барысында Меркі орманшаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Санжар Ерланұлымен тілдестік.
– Қорықта қызмет атқаруға дайындалып жатқан бірнеше аймақ бар. Тарқата айтсақ, олар туристiк және рекреациялық қызмет, экологиялық тұрақтандыру, шектеулi шаруашылық қызмет сынды аймақтар. Туристiк және рекреациялық қызмет аймағының ауданы 18 200 гектар болса, экологиялық тұрақтандыру аймағы – 9 400 гектар. Ал шектеулi шаруашылық қызмет аймағының аумағы 46 532 гектарды құрайды.
Қызмет түрлері де аталмыш аймақтарға қарай бөлінген. Мәселен, туристiк және рекреациялық қызмет аймағы қорыққа келген туристерге жайлы жағдай жасауға бағытталған. Экологиялық тұрақтандыру аймағы бұрын шаруашылық мақсаттарда белсенді пайдаланылған және елеулі түрде өзгертілген аумақтарда экожүйелердің жұмыс істеуінің табиғи процестерін қалпына келтіруге ықпал етеді. Сондай-ақ парк шекараларында жануарлар мен құстардың табиғи маусымдық қоныс аударуы үшін қажетті кеңістікті құру қызметін атқарады. Ал шектеулi шаруашылық қызмет аймағында шектеулi мал жаюға, марал өсiруге, шөп шабуға, саңырауқұлақтарды, жемiстер мен жидектердi әуесқойлық мақсатта жинауға болады. Бақ шаруашылығы, шектеулi дәстүрлi пайдалану алаңдарында ағаш және бұта тұқымдарының екпе материалдарын, дәрi-дәрмектiк шөптер және басқа да өсiмдiктер өсiру заңға қайшы емес, – дейді Санжар Ерланұлы.
Сондай-ақ паркте ағаш-бұталардың көшеттерін, санитарлық және күтімді қажет ететін орман бұталарын кесуге, алынған ағашты өңдеуге, дәрілік шөптерді өсіруге болады. Қолөнер, халық кәсіпшілігі бұйымдарын жасауға, жергілікті балық түрлерін өсіруге, көшпелі және тұрақты омарта шаруашылығымен айналысуға тыйым салынбаған. Әуесқой (спорттық) балық аулауға, мелиоративтік, ғылыми-зерттеу және өсімдік-жануарларды көбейтуге арналған заңды аулау әрекетіне рұқсат берілген. Қорықтағы шектеулі шаруашылық қызмет түрлері міндетті түрде мемлекеттік органдардың рұқсатымен және табиғи-қорық қоры нысандарын сақтау талаптарын ескере отырып жүргізіледі.
Табиғаттың таңғажайып тартулары-Тәңірдің баға жетпес байлығы. Сол себепті қорықтардың құндылығын сезінуді және оларды көздің қарашығындай сақтауды әр азамат бұлжымас парыз санауы қажет.
Сымбат ҚУАНЫШ