
Кейіпкеріміз 30 жыл бойы өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде еңбек етіп келеді. Оның мамандығы қауіп-қатерге толы, әп-сәтте сауатты шешім қабылдауға, тәуекел етуге иетермелейтін және адамның өмірін сақтап қалу парыз етілген ұғыммен тікелей байланысты. Өрт сөндіруші болу – күнделікті ерлікке, бір сәттік шешім қабылдауға әрқашан дайын болу.
Қазіргі таңда Арман Сартаев өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кезекші бөлімінде жедел кезекші болып еңбек етеді.
Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында туған ол бала кезінен осы салада қызмет етуді армандаған. Мектептен кейін екі мамандандырылған училищені бітіріп, 1995 жылы азаматтық қорғау органдарында қызметін бастады.
– Суворов училищесінің түлегімін. 1992 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін Алматы өрт-техникалық училищесіне жолдама алдым. Үш жыл оқып, 1995 жылы Алматы гарнизонында азаматтық қорғау органдарында қызметімді бастадым. Отбасы жағдайына байланысты 2004 жылы Таразға ауыстым. Биыл төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүргеніме 30 жыл толып отыр, – дейді А.Сартаев.
Табаны күректей 30 жылдық қызметі барысында Арман Молдатайұлы сенімділік пен кәсібиліктің үлгісіне айналды. Ол тұрмыстық өрттерден бастап ауқымды апаттарға дейінгі көптеген шақыртуларға шыққан. Ең есте қалғандарының қатарында «Мыңбұлак» сауда орталығындағы алапат өртті сөндіру оқиғасы бар. Сонымен қатар ол химиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жаттығуларға қатысқан және жанып жатқан жатақханадан 50-ден астам адамды құтқарып қалған сәтін тебірене еске алады.
– Кезекшілікке түскенде мен облыс бойынша өрттерге, авариялық-құтқару жұмыстарына шығуым керек. Өрт гидранттары туралы барлық мәлімет, тәулік ішінде болған өрттер туралы ақпарат 101 нөміріне шалынған қоңыраулардан кейін біздің кезекші бөлімге түседі. Ол ақпарат кезекші ретінде маған жедел баяндалады. Оқиға орнына жеткен соң, мен өрт сөндірудің орталық байланыс пунктіне жағдайды хабарлаймын. Ненің жанып жатқаны, қанша нысан қамтылғаны, өрт аумағы қанша, қанша адам эвакуацияланғаны секілді жағдайлар тәптіштеледі, – дейді А.Сартаев.
Кейіпкеріміз сабырлы, өзіне сенімді жан. Қимылдары нақ, шешімдері батыл. Жылдар бойы ол өз ісінің шеберіне айналып, талай сын сәттерде кәсібилігімен көзге түсті. Әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындап, өзгелерге үлгі бола білді. Уақыт өте келе ол тек тәжірибелі құтқарушы ғана емес, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беретін тәлімгер дәрежесіне көтерілді. Оның сабырлы мінезі, табандылығы мен батылдығы айналасындағыларға сенім ұялатып, нағыз құтқарушының бейнесін айқындайды.
– Арман Молдатайұлымен бірге қызмет атқарып жүргеніме шамамен 10 жыл болды. Мен бөлімге келгенімде ол менің ауысымымда жедел кезекші болатын. Сол кезден бері 10 жыл бойы өрт сөндіруді басқарып келеді. Ол – гарнизондағы ең үздік басшылардың бірі, өте тәжірибелі тәлімгер, – дейді Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Шухрат Муртаев.
Өрт сөндіру қызметіндегі жедел кезекшінің жұмысы жоғары біліктілікті, жылдам әрекетті және күрделі жағдайда шешім қабылдай білуді талап етеді. Оның әрекеттері құтқару операцияларының нәтижесіне және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұнда маманның жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы аса қажет.
Ал қызметтен тыс уақытта Арман Молдатайұлы сүйікті отбасына қамқор отағасы. Жұбайы Айсулу екеуі Мадияр мен Дана есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Ұлы әке өнегесінен шабыт алып, жолын жалғастыруды ойлап жүр.
Өрт сөндіруші мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді, бұл ерлік пен қайсарлықтың мектебі. Қиындыққа қарамай халықтың амандығы үшін қызмет ету – әрбір өрт сөндірушінің басты борышы. Арман Сартаевтың өмір жолы осы міндетке деген адалдықтың, іске беріктіктің, рухы мен жүрегі мықты азаматтың айқын үлгісі.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ