Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасы проблемасы кейс-менеджмент технологиясымен шешіледі

Отбасы проблемасы кейс-менеджмент технологиясымен шешіледі
Автор
«Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әр отбасының әл-ауқатын жақсарту Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі болып саналады.

Әлеуметтік қолдаудың заманауи алгоритмдері және кейс-менеджмент технологиясы бүгінгі қоғамда отбасымен жұмысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды құрал. Жалпы кейс-менеджмент әлеуметтік жұмыс саласында қолданылатын, нақты бір адамға немесе отбасына толық көмек көрсетуге бағытталған технология. Адам тағдырына бейжай қарамайтын әлеуметтік қызметкер үшін бұл әдіс кәсіби бағдар мен рухани жауапкершіліктің өзегі болып тұр.

Қоғамның дамуы ең алдымен отбасындағы тыныштық пен үйлесімге байланысты екені анық. Әрбір отбасымен жүргізілетін жұмыс терең түсінік пен рухани үйлесімділікті талап ететін күрделі процесс. Заманауи технологиялар мен алгоритмдер бұл жұмысты жүйелеуге, нәтижелі етуге мүмкіндік беретін болғандықтан, бүгінгі қоғамда қиын жағдайға тап болған жандар үшін бұл мәселе қажет-ақ. Дәл осы қолдау шынайы жанашырлықпен жасалатын әрекет болғандықтан нәтиже берері анық. Себебі көмекке мұқтаж жандарды сыртынан көріп, қолдап қою аздық етеді. Оларды түсініп, жан әлеміне үңілу басты міндет.

Халықтың осал топтарына жататын азаматтарды әлеуметтік қолдау тек материалдық көмекпен өлшенбейді, ең алдымен рухани демеу керек. Кез келген қиындық жанашырлықпен және өз ісіне сенімнен қарау арқылы еңсерілетіні белгілі. Бүгінде адам баласын қолдаудың заманауи жолы жан жарасын емдей алатын мүмкіндіктің ұшар басында тұр. Бұл бағытта әрбір әрекет нақты мақсатқа бағытталып, дер кезінде көрсетілген көмек біреудің тағдыры оңынан өзгеруге ықпал етуі мүмкін.

Бүгінгі таңда дәл осындай әдістер тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді. Әр отбасы қайталанбас әлем десек, әрбір әлеуметтік маман сол әлемнің тыныштығына жауапты тұлға. Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Әлеуметтік қолдаудың заманауи алгоритмдері және кейс-менеджмент технологиясы негізінде отбасымен жұмыс істеу» тақырыбында өткен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында осы бағыттағы жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Конференцияның пленарлық отырысына ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі және Қазақстан халқы Ассмблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи, облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша жобалық кеңсе жетекшісі Темур Мұратов қатысты.

– Бүгінгі таңда отбасылармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістерін меңгеру аса маңызды. Сол себепті біз «Әлеуметтік қолдаудың заманауи алгоритмдері және кейс-менеджмент технологиясы негізінде отбасымен жұмыс істеу» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып отырмыз.

Қазіргі әлеуметтік жағдай мен заманның өзіне тән қиындықтары әрбір отбасының өміріне әсер етіп отырғаны жасырын емес. Осындай кезеңде отбасылармен кәсіби әрі жүйелі жұмыс жүргізу әлеуметтік қызметкердің басты миссиясына айналуы тиіс. Конференцияның өткізілуі тәжірибе алмасудың, жаңа әдістермен танысудың, білімді тереңдетудің озық үлгісі.

Мұндай конференциялар әлеуметтік қызметкерлердің тәжірибесін молайтып қана қоймай, отбасылардың тағдырына оң әсер ететін тың шешімдерге жол ашады. Заманауи алгоритмдер мен инновациялық тәсілдерді меңгерген маман- қоғамның сеніміне ие тұлға. Осы шара арқылы кәсіби әлеуеттің көкжиегі кеңейіп, әлеуметтік саладағы жаңа серпін пайда боларына сенім мол, – деді конференцияны ашып, жүргізген орталық директоры, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали

Иә, отанның тірегі – мықты отбасы. Қоғамдағы әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық, рухани ахуалы қандай болса, мемлекеттің жағдайы да сондай болады. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына негізделе отырып ұйымдастырылған жиында алғашқы сөз  облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетоваға берілді.

– Еліміз бірінші кезекте отбасылардың жағдайын жақсартуды қолға алып отыр. Барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтарын ашу 2016 жылы «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарынан» бастау алған болатын. Бұл мәселе 2019 жылы Парламент қабырғасында талқыланып, 2022 жылы «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Жол картасына енді. Осыған сәйкес қалалар мен аудандарда отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету орталықтарын ашу жоспарланған.

2023 жылдан бері Үкіметтің тапсырмасымен елімізде отбасын қолдау орталықтарын ашу ісі қолға алынды. Қазіргі таңда республика бойынша 116 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр. Әулиеата өңірінде 1 облыстық, 1 қалалық, 6 аудандық отбасын қолдау орталықтары халыққа қызмет көрсетуде. Жуырда Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандық отбасын қолдау орталықтарының қатарына Талас аудандық отбасын қолдау орталығы қосылды.

Жыл соңына дейін дәл осындай орталықтар Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарында ашылады. Ал «Анаға тағзым» орталығы негізгі қызметін атқара отырып, облыс көлемінде осы бағытта әдістемелік қолдау көрсетіп, үйлестіру жұмысымен айналысып келеді. Дәл осындай ғылыми-тәжірибелік конференцияның мәні мен маңызы зор, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі және ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи барлық келеңсіздік білімсіздіктен басталатынын сөз етті. Әр сала иесі өз мамандығының білгірі болса, тұрмыстық кикілжіңнің алдын алуға болатынын жеткізді.

– Бірнеше жыл бұрын көпбалалы аналарды ғана қолдау орталықтары бой көтерген болатын. Алайда саралай келе тек көпбалалы аналар ғана емес, барлық адам баласы қиындыққа түрлі жағдайда тап болатынын зерделеп, терең түсіне бастадық. Өңірдегі отбасын қолдау орталықтарының қызметі мемлекеттік отбасы саясатын іске асыруға, отбасылық жанжалдарды шешуге, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау, оларды ерте анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыруға бағытталған.

Егер де тұлғаның білімі мен мәдениеті жоғары болса, онда келеңсіздіктер азаяды. Негізі білімді әрі сыни көзқарасы қалыптасқан ұрпақ жамандыққа бармайды. Білім беріп отырған ұстаздың әр оқушысының жағдайын білуі міндет. Ұстаздық- білім беру ғана емес, тәрбиемен де өлшенетін ұлы іс. Кез келген жұмыс жемісті болуы үшін ең қажеттісі сапалы маман.

Мойындауымыз керек, Қазақстанда психологтарды дайындау мәселесі әлі биік дәрежеге жеткен жоқ. Біліктілік курстарының санын арттыру қажет. Әлеуметтік қызметкерге педагогикалық білімі бар адамдарды алып жатыр. Бірақ әлеуметтану алғашқы қиын жағдайға түскендерді себеп-салдарын анықтап, сол отбасының дертін ашып, қандай шара қолдану керектігін анықтауы шарт.

Маскүнемдік, ойынқұмарлық, нашақорлық па, осының бәрі анықталып, балаларының жағдайын да қарау керек. Олардың қарны тоқ па? Білім алып жүр ме? Осыны анық біліп жүруіміз шарт. Медицина қызметкерлері, полиция, ұстаздар бірігіп осы мәселені алға қойса құба-құп. Отбасындағы зорлық-зомбылық, балаға қарсы қылмыс және ана өлімі бойынша Жамбыл облысы үштікке кіреді. Бұл ойланатын мәселе, – деді Нәзипа Ыдырысқызы.

Конференция барысында интеграциялық модель аясында бірігіп жұмыс істейтін білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының өкілдері 3 секция бойынша семинарларға қатысты. Мобильдік топ мүшелері біліктілігін арттырып, жаңа білім алуға мүмкіндік алды.

Бүгінгі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен отбасы институтының беріктігіне тікелей байланысты. Отбасы – мемлекеттің іргетасы, ұлттық құндылықтардың қайнар көзі, ұрпақтың тәрбиесі мен болашағының кепілі. Сондықтан да отбасы институтын қорғап, дағдарысқа ұшыраған отбасыларға уақытылы қолдау көрсету әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып қала бермек.

Алайда, қазіргі замандағы жаңа әлеуметтік сын-қатерлер дәстүрлі қолдау тәсілдерінің жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Урбанизация, миграция, цифрлық трансформация, құндылықтық өзгерістер барлығы отбасылардың әлеуметтік бейімделуіне әсер етіп жатыр. Осындай жағдайда отбасын әлеуметтік сүйемелдеудің жаңа тетіктерін қалыптастыру қажеттігі де кеңінен сөз болды.

– Әлеуметтік жұмыстың тиімділігі – дағдарысты алдын ала көру қабілетінде. Республика көлемінде Отбасын қолдау орталықтарына енгізілген «FSM Social» жүйесі арқылы әлеуметтік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, учаскелік инспекторлар мен ауыл әкімдіктерінен түскен дабылдар жедел өңделеді. Нәтижесінде отбасы тәуекел тобына ерте енгізіліп, мамандар алдын ала араласады. Бұл тәсіл дағдарыстың тереңдеуіне жол бермей, отбасын бастапқы кезеңнен-ақ қолдауға мүмкіндік береді.

Әр отбасы – қайталанбас әлеуметтік орта. Сондықтан «бір отбасы – бір жоспар» қағидасы енгізіледі. Жеке сүйемелдеу картасында психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және педагогикалық қолдау шаралары жан-жақты ескеріледі. Бұл отбасының нақты қажеттіліктерін қамтып, көмектің тиімділігін арттырады.

«FSM Social» жүйесінде отбасының жағдайын үздіксіз мониторингтеу қамтамасыз етіледі. Цифрлық интеграция арқылы барлық деректер бірыңғай форматта жинақталады, жасанды интеллект элементтері негізінде сараптама жасалады. Шешім қабылдау сапасы мен жылдамдығы артады. Бұл – әлеуметтік жұмыстың бюрократиялық емес, деректерге негізделген жаңа үлгісі.

Отбасы проблемасын шешу – тек әлеуметтік қорғау саласының міндеті емес. Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары, жергілікті әкімдіктер және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп әрекет еткенде ғана нақты нәтиже шығатыны рас. Бұл тәсіл отбасыға кешенді түрде қарауға мүмкіндік береді. Көмек көрсету тек бір реттік шарамен шектелмеуі тиіс. Постсүйемелдеу кезеңінде әлеуметтік қызметкерлер отбасымен байланыста болып, қайта дағдарысқа түспеуіне жағдай жасайды. Үйіне барып, кеңес беріп, қажет болған жағдайда қосымша қызметтерге жолдама ұсынады.  Осылайша көрсетілген көмектің нәтижесі бекітіліп, ұзақмерзімді тұрақтылық қамтамасыз етіледі, – деді Темур Мұратұлы.

Сондай-ақ, ол отбасын әлеуметтік сүйемелдеудің жаңа тетіктеріне тоқталып өтті. Ең маңызды қадамның бірі уақытылы көмек көрсету мен дағдарыс жағдайының алдын алу екендігін ескертті. Сонымен қатар қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету де маңызды роль атқаратынын жеткізді. Расында да дәл әрі дер кезінде көрсетілген көмек қиындықтан алып шығуға бастайтын жол екені белгілі.

Басқосу барысында дағдарыс жағдайының алдын алу үшін қиындыққа душар болған отбасымен жүйелі, жан-жақты әрі алдын ала бағытталған жұмыс жүргізу қажеттігі ескерілді. Мұндай жағдайлар көбіне әлеуметтік, психологиялық, экономикалық немесе құқықтық қиындықтардың ұзақ уақыт бойы шешілмей, қордалана беруінен туындайтыны да тілге тиек болды. Дәл осы тұста салдармен емес, себеппен күресу қажеттігіне баса назар аудару қажеттігі талқыланды. Жағдайды уақытылы байқау, жүйелі қолдау және адами қарым-қатынасқа негізделген көмек кез келген отбасын күйреуден сақтап, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тетік болып тұр. Сондықтан да әр отбасыға бағытталған заманауи әдістер мен технологиялар тек әлеуметтік саясаттың құралы емес, ел болашағының берік негізі.

Қолдау орталықтарының жұмысын үйлестіру мен дамыту мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі, қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Отбасы институтының жағдайы қандай болса, қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуы да соған тікелей байланысты. Республика көлемінде отбасын қолдау орталықтарын ашу туралы бастама бірқатар стратегиялық құжаттарда көрініс тауып, нақты жоспарлар арқылы жүзеге асып жатқаны рас. Мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға, отбасылық жанжалдардың алдын алуға және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге бағытталған.

Облыс бойынша осы жылы орталықтарға өмірлік қиын жағдайға тап болған 1 137 отбасы жүгінген, мобильдік топ құрамымен бірлесе отырып өмірлік қиын жағдайдағы 761 отбасы анықталған. Оның ішінде 205 отбасына жеке жұмыс жоспары жасалып, 142-сі сәтті аяқталған. 63 отбасы сүйемелдеуге алынып, кешенді қолдау көрсетіліп жатыр екен. Осы орайда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов отбасын әлеуметтік қолдау бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

– Қазіргі таңда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес облыста 338,9 мың отбасы бар. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты төмен болып саналатын Д, Е санатына 87,5 мың отбасы жатқызылған. Д санатында, яғни дағдарыс деңгейіндегісі 70 951 отбасы болса, Е санатында, яғни мүшкіл деңгейдегісі – 16 550 отбасы. Орталық қызметтерінің мәні өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдауымен, оның ішінде ведомствоаралық интеграцияланған модель аясында әлеуметтік сүйемелдеу жұмыстарын үйлестіреді.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарында есепке алынған тұлғаларға байланысты түскен дабылдар бойынша жұмыс атқарылуда. Бүгінде түскен дабылдар саны – 293, оның ішінде орындалғаны 109 болса, қалған 184-і бойынша тиісті жұмыс жүргізу жалғасуда. Биыл орталықтар мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру бойынша 100 іс-шара ұйымдастырып, оған 1 642 адам қамтылды.

Отбасылық жанжалдарды шешу, некені сақтап қалу бойынша орталықтарға 174 отбасы жүгінген. Оның ішінде 82 отбасы татуласып, оң шешімін тапқан, 92 отбасымен жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ орталықтар әлеуметтік дағдыларды дамыту және рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында 340 іс-шара ұйымдастырып, оған 14,1 мың қамтылды. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына және ата-аналардың құқықтық, психологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріліп отыр.

Отбасын қолдау орталықтарының қызметі тек белгілі бір әлеуметтік мәселені шешумен шектелмей, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, елдің дамуына да айтарлықтай ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл салада жүйелі жұмыстарды жалғастыру -баршамыздың ортақ міндетіміз.

Облыста қалалық және аудандық деңгейдегі 8 отбасын қолдау орталығы қызмет көрсетіп жатыр. Оның үшеуі Байзақ, Жуалы, Талас аудандарында жатын орнымен қоса ашылған. Талас ауданында күні кеше ғана ашылса, ал Байзақ және Жуалы аудандарындағы орталықтарға 2025 жылдың 6 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар 28 адам орналастырылған. Бұл отбасын қолдау орталықтарын жатын орынмен қамтамасыз ету қажеттілігі бар екенін айқындайтын негізгі фактор. Тараз қаласы, Жамбыл, Меркі, Мойынқұм аудандары және биыл ашылуы жоспарланып отырған 4 аудан осы мәселені зерделеп, назарға алуы тиіс.

Сондай-ақ жергілікті басқару органдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің былтырғы 14 маусымдағы «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидасында» көрсетілген отбасын қолдау орталықтарын жеке ғимаратпен, қажетті материалдық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі керек. Осы бағыттағы барлық игі бастамаларды бірлесе іске асыру арқылы біз өңіріміздегі әр отбасының әлеуетін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Бүгінгі конференция тәжірибе алмасуға, тиімді тәсілдерді бірлесе талқылауға зор мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Еркін Егембердіұлы.

Басқосудағы барлық ұсыныстар алдағы уақытта облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында талқыланады. Сондай-ақ шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілетін болады.

Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмекті жүйелеу, кешенді әдістерді қолдану қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Бұл басқосу әлеуметтік қолдау жүйесінде кәсіби біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды. Кейс-менеджмент технологиясының тиімділігі мен нақты нәтижеге бағытталған тәсілдер мамандар назарына ұсынылды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибедегі озық үлгілермен бөлісу арқылы кәсіби дәрежелерін арттырды. Жалпы алғанда, конференция  әлеуметтік сала мамандары үшін жаңа серпін беріп, отбасылық қолдаудың сапалы үлгісін қалыптастыруға жол ашты.

Жиын барысында айтылған әрбір ұсыныс- әлеуметтік жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам. Қиын жағдайдағы отбасылардың тағдырына бейжай қарамай, кәсіби шешім қабылдау баршамызға ортақ міндет екені анық байқалды. Конференция қорытындысы ретінде, отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді қолдаудың жаңа бағыттары айқындалды. Енді осы тың бастамалардың барлығы уәкілетті органдар деңгейінде қолдау тауып, нақты іске айналса құба-құп.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар