Ауыл шаруашылығы санағына онлайн 390 мың респондент қатысты
- author AR-AY
- Бүгін, 16:35
- 6

Sanaq.gov.kz сайтындағы сауалнамаларды толтыру 31 тамызда аяқталады.
Онлайн кезең басталғалы бері 390 мыңнан астам респондент сауалдарға жауап берді. Олардың 183 мыңнан астамы – ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер. Тағы шамамен 207 мыңы – жеке үй шаруашылықтары.
«Ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңінің аяқталуына 10 күннен аз уақыт қалды. Барлық аграршыларды, фермерлерді және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді санаққа жауапкершілікпен қарауға, сауалнамадан мүмкіндігінше тез өтуге шақырамыз. Компьютер немесе интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін республика бойынша ауылдық әкімдіктерде 2 700 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істеп тұр. Онда арнайы оқытылған мамандар көмек көрсетеді. Азаматтарымыздың саналы әрекетіне сенеміз және ауыл шаруашылығына қатысы бар әрбір адамның белсенді қатысатынына үміттенеміз», – деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова.
Ауыл шаруашылығы санағы еліміздің аграрлық саласының жағдайын толық көруге, пайдаланылып жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін, өсіріліп жатқан дақыл түрлерін, мал басының санын, техникамен жабдықталуын, еңбек ресурстарын және басқа да көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін сауалнамада 29 сұрақ, ал үй шаруашылықтары үшін 23 сұрақ қарастырылған.
Орташа есеппен сауалнаманы толтыруға 15–20 минут уақыт жұмсалады. Барлық берілген ақпарат құпия сақталады және үшінші тұлғаларға берілмейді.
Барлық сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 нөміріне хабарласуға болады (қоңырау шалу – тегін).