
«Құқығыңды біл, міндетіңді орында!» деп аталған жиынды облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты қос мекеме- облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы және Еңбек мобильдігі орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың, әсіресе әйел-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттері туралы түсініктерін кеңейту. Іс-шара барысында басты назар еліміздің Конституциясына аударылып, оның мазмұны кеңінен талқыланды. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция – еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің негізгі тірегі. Ол әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға кепілдік береді. 30 жыл ішінде Ата Заңымыз – еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының бағытын айқындап, құқықтық мемлекетті қалыптастыруға негіз болды.
Іс-шараны облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы директорының орынбасары Баян Муртазаева салтанатты түрде ашып, қатысушыларды келе жатқан Конституция күнімен құттықтады. Бұдан кейін кезек құқықтық сауаттылық тақырыбында ой тербейтін спикерлерге берілді.
Олар өз сөздерінде аналардың еңбек құқықтары, әлеуметтік қолдаулар, сотқа жүгіну тәртібі және тұрғын үй мәселелері бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сонымен қатар кездесу барысында өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланып, қатысушыларға құқықтық қолдау көрсетілді. Кездесу ашық пікір алмасу мен сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Сымбат ҚУАНЫШ