Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Рухани құндылық – ұлттың негізі

Рухани құндылық – ұлттың негізі
Автор
Тектілігі тереңге тамыр жайған қазақ халқы ғасырлар бойы сұрыпталып, інжу-маржандай астарлы әрі әлемде теңдесі жоқ ұлттық тәрбие арқылы ұят пен ар, адамгершілік пен ізгілік секілді адамзаттың ең бағалы қасиеттерін тағылымның өзегі етіп келеді. Қазақ халқының тәрбиесі отбасынан бастау алады. Ертеде әрбір үй үлкен мектептің орнын атқарған ізгіліктің ордасы болған. Осы ордада әрбір ата-ана ұрпағын әр күні міндетті түрде асқақ адамгершілік рухымен суарып, өнер-білім нәрімен азықтандырады. Отаншыл болуға, ел намысы мен ата-ананың беделіне дақ түсірмеуге үйретті. Сондай-ақ «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін үлкен кісілік қасиетті қалыптастыруға, ұлылық танытуға жетелеп отырған. «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деген екен ақын Мағжан Жұмабаев.

Қазіргі кезде жаһандану және қазақ халқының рухани өрлеуі жағдайында жас ұрпақты өз халқының рухани, мәдени қазынасымен, оның ұлттық мәдени-эстетикалық құндылықтары арқылы тәрбиелеу мәселесін ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеп, практикалық жағынан жетілдіре түсу қажеттілігі айқындалып отыр. Бүгінгі қоғам мүшелерінің қандай құндылыққа бағытталатындығы, нені қадірлеп, қастерлейтіні, өмірде қандай әлеуметтік қызметті атқаруға даяр екендігі мемлекеттің өсіп-өркендеуіне әсер етуші факторлардың бірі ретінде маңызды орын алады.

Ұлттық және жалпыадамзаттық тәрбие жеке-дара қалыптаспайды. Негізі тәрбие – ерекше әлеуметтік-психологиялық құбылыс, ол сыртқы әсерлерге тез бой алдырып отыратыны анық. Болашақ ұрпаққа мұра болып қалған мазмұнды ақпарат өте мол. Олар ғұлама ойшылдардың, педагог пен психологтардың еңбектерінде баяндалып, атадан балаға беріліп келеді. Бұл өз кезегінде ғылым әлеміндегі алуан түрлі тұжырымдармен айқындалып, нақтыланып отырады. Ұлттық тәрбие – сол ұлттың мәдениетін дамытудың қозғаушы күші. Өйткені ол халықтың ұлттық тәлім-тәрбиелік негізінде дамып, қалыптасады.

Рухани құндылықтар арқылы адамдар өткен дәуірдегі құндылықтар туралы тек біліп қана қоймай, оның маңызды және қажетті деген элементтерін өз бойына сіңіріп, өзінің рухани мұратына, мақсатына айналдырып отырады. Осындай жағдайда ғана нағыз рухани сабақтастық болуы мүмкін.

Өз халқының ұлттық тәрбиесінен хабары жоқ жас ұрпақ төл мәдениетін білмейтін азамат болуы мүмкін. Ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедов «Ұлттық мектептегі оқуға қойған талаптарда бұрынғы өткен халықтармен, олардың мәдениетімен, салтымен таныстыру, бұрынғыдан қалған тамтұқтарды қалай іздеу жайында, қалай пайдалану туралы баяндама беру қажет» деген пікір айтқан. Демек, сонау ғасырлардан бастап, ұлы ойшылдар мен саясаткерлердің, ақын-жыраулардың көкейін тескен ұлтымыздың дамуына қатысты мәдени-рухтық мүдделер жалғасын тауып, бүгінгі ғалымдардың жасағаны әңгімемізге  арқау болып отырғанына көз жеткіземіз.

Сөзімді қорытындылай келе, ұшқан жебедей ғылым мен техниканың қарыштап дамып тұрған шағында дүниенің сыртына қызықпай, асылын ішінен алайық. Әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби сөзімен айтсақ: «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерді дарыту деген сөз». Ұлттық тәрбиені – ұлтты тәрбиелеу жолындағы нысанымыз бен бағдарымыз етіп ұстап, ұлы істе ұйымшылдық танытсақ екен.

Салтанат Жұмабекқызы,

А. Макаренко атындағы орта мектеп мұғалімі,

Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар