
Әрине, көпке топырақ шашу – көргенсіздік. Ол орталыққа барған жәутеңкөз қариялардың бірі жалғыз қалғандықтан сонда бас сұғуға мәжбүр болса, енді бірін туған келіні мен баласы қолбайлау болмасын деп, ауыртпалығынан қашып, апарып тастағаны айдан анық. Қай заман, қандай ұлт, нендей адам болмасын әке-шешесінен бас тарту ата-анаға жасалған опасыздық болып саналады.
Қарттар үйіне айдың-күннің аманында қандай бала ата-анасын тапсырады? Бұл шын мәнінде терең ойланатын сұрақ. Негізі бұл орталық бауыр еті баласының мейіріміне шөлдегендердің мекені ме, әлде балаларға салмақ болмаудың жолы ма? Не десек те осы сынды сан сауал орталық туралы толғанған әр адамның санасын сан саққа жүгіртетін күрделі мәселе екені анық.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығын бүгінде 161 қызмет алушы мекен етуде. Оның 54-і мүгедектігі бар адам. Жалпы, бала үшін ата-ананың орнын ешкім баса алмайды. Ал баланың орнын кім басады?
– 20 жыл бойы осы салада еңбек етіп келемін. Биыл осы орталыққа басшылық қызметке ауыстым. Бұл орталықта негізінен тек қана зейнет жасындағы кісілер емес, І-ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар да ғұмыр кешуде. Көбіне қиын жағдайға душар болып, жалғыздықтың қамытын киген жандар қайырылады. Кейбір кісілер балалары алыс-жақын шетелде тұрғандықтан, осы орталыққа келуге мәжбүр.
Стандарт бойынша 7, яғни, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық, экономикалық бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда орталықта 148 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда сыйымдылығы 170 орынға арналған бөлмелер қарастырылған. Әр қабатта жуыну, тұрмыстық және демалыс бөлмелері бар. Тұрмыстық бөлмелер электрлі плита, тоңазытқыш, жұмсақ жиһаз, теледидар сияқты қажетті бұйымдармен қамтылған.
Сонымен қатар орталықта 7500 түрлі кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Медициналық бөлімде емдік дене шынықтыру (ЕДШ), массаж, физио емдеу кабинеттері қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз ықпалын тигізуде. Қызмет алушылар өз-өзіне қызмет жасай алатын және өзіне қызмет жасай алмайтындар болып екіге бөлінген.
Өзіне қызмет жасай алмайтындар «Мейірімділік» бөліміне орналастырылады. Бөлімде тәулік бойы медбикелер мен күтім жөніндегі санитарлардың бақылауында болады. Қызмет алушылар беті-қолдарын жуу, жаялық ауыстыру, тамақтану және тағы басқа да қызмет түрлерін алады. Сондай-ақ орталықта 4 мезгіл тамақтанатын асхана мен монша, шаштараз, кір жуу кешені, дербес жылу қазандығы өз қызметін көрсетуде. Осындағы кісілердің киім-кешектері мен төсек-орын жаймалары уақытылы және қажеттілігіне қарай жуылып, үтіктеледі және моншаға аптасына екі күн шомылдырылады, – деді орталық директоры Гүлхан Тұрсымбаева.
Орталық психологы Айгүл Бекбердиеваның айтуынша, орталыққа қайырылатын қызмет алушылардың өмір жолдары әртүрлі болғанымен, олардың тағдырында ұқсас жағдайлар көптеп кездеседі екен.
– Бұл орталық қиын жағдайға душар болған мұқтаж жандар мен күш-қуаты кеміген ата-әжелерге қамқорлық танытады. Олардың бірін отбасындағы түсінбеушілік осында келуге мәжбүрлесе, енді бірі баласының жоқтығынан орталықты мекен етуде. Көбісі жастық шағында қарттық келіп қасына жайғасқанда жалғыз қаларын білместен, өмірінің көп кезеңін өткізіп алған. Сөйтіп қарттық жеңгенде орталықтан пана іздеп келген.
Мәселен, бір қызмет алушы ауылдық жерде дүниеге келіп, мектепті аяқтаған соң жоғары білім алып, өнер саласында еңбек еткен. Әр жылдары мәдениет үйлерінде, оқу орындарында, халық шығармашылығы ұйымдарында қызмет атқарған. Өмірінде бірнеше рет отбасы құрғанымен, түсініспеушіліктің салдарынан ерлі-зайыптының жолы екіге айырылып, ажырасып кете берген. Балалары болғанымен, бүгінде оларға арқа сүйей алмай, қарым-қатынасы үзілген. Қазіргі таңда денсаулығының сыр беруіне байланысты және қамқоршысының болмауынан қарттар үйіне орналастырылған.
Тағы да біреуі Ресейде дүниеге келіп, кейін ата-анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Орта арнаулы білім алып, ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек еткен. Зейнет жасына жеткенге дейін аға мейірбике болып еңбек еткен. Ол ешқашан отбасы құрмаған, балалары жоқ. Бүгінде қартайған шағында әлеуметтік мекемеге орналастырылды. Сонда бірі отбасы құрмағандықтан жалғыз қалса, енді бірі отбасымен ажырасқан соң, бала-шағасына көңіл бөлмегендіктен өзі де оларға бара алмаған. Сөйтіп, осы орталықтың қызметіне жүгініп отыр, – дейді орталық психологы Айгүл Бекбердиева.
Тұрманбек атаның отбасы шиеленіскен тағдырдың шырмауына оратылып кете барған. Екі қыз, бір ұлы бар. Бірақ олар қасында жоқ. Немересі «аталап» мойнына асылмайды. Келіні сәлем жасап, шай құйып бермейді. Жалғызының «әке» деген дауысын естімегелі де бірнеше жылдың жүзі болыпты.
– Немеремді сағындым. Балам бір іздеп келмеді, – деп кемсеңдеген қария бәрімізді жылатты.
Ал Аршагүл есімді әжей болса, «Қарттар үйі» деген сөзге үрейленудің қажеті жоқ екенін алға тартты. Ол бірнеше жыл бойы алакөзденген қатал келінінен жапа шеккенін, кейін осы орталыққа келуге іштей шешім қабылдап, өзін-өзі дайындағанын айтады.
– Қартайған соң денсаулықтың сыр беретіні анық қой. Мен жақындарымның қиналғанын, мен үшін әбігер болғанын қаламаймын. Жолдасым өмірден өткен соң, осында келуге шешім қабылдадым, – деп күрсінді әжей.
Сол сәт менің есіме бір оқиға орала кетті. 17 жасымда ауылдан қалаға келген жылы әкем мені бір орыс апайға табыстады. Ниеті ауылдың ерке қызын қаталдығы жетіп артылар орыс әжей тәрбиелеп, жөн-жосыққа үйретеді десе керек. Бір ауыз орысша білмейтінмін. Алып жердің бетінде адамды түсіну үшін тіл емес, жылы жүрек қана қажет екенін сонда ұқтым. Басында бөлмесінің есігі жабық тұратын. Маған ол бөлмеге тек теледидар көргім келгенде ғана есігін қағып кіруге рұқсат етілген. Әжем мамық диванда, ал мен тақтай орындықта тапжылмай отырып, бір сағаттан соң, бөлмеме кетуге мәжбүр едім. Одан бөлек таңертең асымды дайындап, өзі сыртқа шығып кететін. Жалғыздықта дастарқан басында жалғыз отырып ас ішіп көрмеген ауылдық қыз үшін бұдан өткен азап та болмаған еді. Әжейдің есім-сойы Полина Федоровна болатын. Ал ол мені «Сейсенбековна» деп атады.
Арада бірнеше күн өткенде Полина Федоровнаның мойнына асылып, еңіреп жылап қоя бердім. «Сен ешқандай Полина Федоровна емессің, әжемсің ғой менің! Асымды дайындап, сабаққа шығарып салып, күтіп аласың. Бірақ неге бөлмеңнің есігін қағып кіріп, бөлек орындықта отырып теледидар көремін. Мен сенің есігіңнің айқара ашық тұрғанын қалаймын, және мен де диванда сені құшақтап жатып теледидар көргім келеді. Ал таңертең бетімді сүйіп оят» деп жыладым шала орыс тіліммен. Сонда ол да «Иә, мен қателесіппін. Сен Сейсенбековна емес, менің қызым екенсің-ау, жалғыздықтан қатігезденіп кеткенімді кешіре гөр» деп аңырады...
Күн өткен сайын әжейдің қаһарлы жүзі жылып, әлемдегі ең қамқор анаға айнала бастады. Таңалакеуімнен кірген ас үйден күн бата шығатын. Оған себеп – мен тамақты аз ішемін және тым арық екенмін. Киімімді жуып, көйлектерімді үтіктеп, ас-ауқатымды дайындау да әжем үшін бір бақыт. Менің бөлмеме ұрлана кіріп, шиша бөтелкеге сүт қатылған шай құйып, бәліштердің сан алуан түрін білдірмей сөмкеме салып кету әжейдің сүйікті ермегіне айналған. Ал, кеш бата тағдыры жайлы сыр шертеді. Соғысқа қатысқан. Қан кешіп жүріп, ән салғанын, гүл тергенін айтады. Москвада жалғыз қызы бар еді. Соны сағынып жылайды. Сосын мені құшақтап алып: «Сені маған Құдай берді», – деп қуанады.
Сәлден соң: «Таңертең оянбасам хабарлас», – деп қызының телефонын береді.
Сол сәт ең аяулы адамымды қимай «өлме» деп мен де егіле жылаймын. Соңында бір жастықта бас түйістіріп, құшақтаса ұйықтаған екі жүрек айырылысар күнді ойлап, таңға күрсініп шығатынбыз.
Бірде қызы маған хат жазды. Хатында анасының бөтен қазақтың қызын жақсы көретінін қызғанып қалғанын жасырмады. «Жуырда шешемді алып кетемін», – депті сағынышқа толы жазбасының соңында.
Әжей басқа үйге көшетін болды. Мен туыстардың үйіне кеттім. Жеңгем құрақ ұшып қарсы алса да, ойымда әжем тұрды. Таң қылаң бере үйден қашып шығып, көше кезіп, жаяулатып әжеме тарттым. Ағаш қақпаны тоқтаусыз ұрғылай бердім. Ар жақтан әжем: «Қызым» деп аңырап жылап келе жатты. Есікті аша сала айқасқан құшақтар сол күні кеш батқанша айырылыспады. Кешке күн қызара батқанда «Туыстарың уайымдайды, қайта ғой» деп, шығарып салды. Айырылысар сәт жеткенде жолдың ортасында қайта құшақтаса кеттік. Көлік жүргізушілері тоқтаусыз айқайлап жатыр. Жиналған адамның айқай-шуы. Бірі маған, бірі әжеме жармасып, екі жаққа тартады. Бірақ, біздің айқасқан құшаққа ешкім де, ештеңе де әсер етпеді. Өйткені адамдар тартқан сайын біз бір адамға айналып, таным-түсінік арқылы болмысымыз біте қайнасып бара жатқандай ауыр күй кештік. Соңында тағдыр жеңді. Мен әжемді тастап, ауылға кайттым.
Араға бірнеше ай салып, әжемнің қақпасын қайта қақтым. Көшіп кетіпті. 20 жыл іздедім. Өлгеніне, өлеріне сенбедім. Бірде дәл осы №1 қарттар үйіне жұмыс бабымен бардым. Әлдекімнің аңырап жылап: «Қызым» деген даусын естігенде орнымнан үш рет оқталып, әзер тұрдым. Өмір жолындай айқыш-ұйқыш әжімдердің арғы жағынан кәрі көзі маған тесіле қарап: «Тамақтанып жүрсің бе?» деді ғой, әжем.
Ұзақ сырластық. Қызы сол күйі келмегенін айтып мұңайды. Үш күннен соң келетінімді айтып, қоштасқан едім. Әкеме қоңырау шалып «өз әжемді» тапқанымды, оны алып кететінімді айттым. Әрине, әкем «алып кетеміз» деді. Уәде бойынша араға үш күн салып, қарттар үйіне оралдым. Әттең, тағы да тағдыр жеңді. Менің қайта келгенімді күтпей, әжем өмірден озып кетіпті...
Қаншама адамның арманын аяқ асты еткен орталыққа жәутеңдей қарап кете бардым. Жай кетпедім, ата-әжелердің аппақ үмітін, бала көңілін, аңғал пейілі мен ақ жүрегін арқалап қайттым. «Оларға керегі жылылық қана! Оларға керегі балаларының амандығы ғана еді ғой» деймін іштей егіліп.
Қарттар үйі – біздің қоғамның жүрек тұсында тұрған жара. Ата-ананың орнын ешбір мекеме алмастыра алмайтыны сияқты, баланың орнын ешқандай мейірбике баса алмайды. Қариялар өткеннің шежіресі болса, болашақтың іргетасы емес пе?! Оларды ұмыту өз тамырыңды өз қолыңмен қиғанмен тең. Негізінде адамға адамның қамқорлық көрсетіп, мейірімділік танытуы материалдық жағдайдың бар-жоғымен өлшенбейді. Қамкөңіл жандарға көңіл бөлудің өзі мейірімнің үлкені. Ендеше, жүректегі жылуды жоғалтпайық, қарттарға құрмет- ұлтқа қызметтің бастауы.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ