Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықтың қалтасына салмақ түспеуі тиіс

Халықтың қалтасына салмақ түспеуі тиіс
Автор
Бағаның негізсіз шарықтауы қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салатыны белгілі. Мұндай жағдай онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп әупіріммен күн көріп отырған отбасылардың тұрмыс-тіршілігін қиындатып, ел ішінде билікке деген наразылық пікірдің туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан да мемлекет бағаны үнемі бақылауда ұстауды назардан тыс қалдырған емес.

Бағаны тұрақтандыру – басты міндет

Әсіресе күнделікті тұтынатын тауарлардың қолжетімді болуы халықтың әл-ауқатын төмендетпеу жолында үлкен рөл атқарады. Осы ретте тұтынушы құқығын қорғауда тиісті органдар тарапынан тұрақты қадағалау жұмысы ұдайы жүргізіліп отыр.

Бір қарағанда базарларда көкөніс, жеміс-жидек секілді тауарлар көктем шыға сала қымбатқа саудаланып жатқандай көрінгенімен, мұндай көк-сөктер нарық талабына қарай бірде жоғары, бірде төмен бағада сатылатыны белгілі. Ал негізінде күнделікті тұтынуды қажет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы белгілі бір мерзімге дейін бір қалыпты деңгейде сақталады.

Бір айта кетерлігі, осы жазда ел бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны бәсеңдеген. Мәселен, өткен айда бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендепті. Атап айтқанда, жұмыртқа 1,2 пайызға, пияз 0,8 пайызға, сәбіз 0,6 пайызға, рожки мен күріш 0,1 пайызға арзандаған. Сонымен қатар жыл басынан бері ұн бағасы 1,7 пайызға төмен саудаланғаны байқалған.

Өңірлер арасында баға индексінің төмендеуі Түркістан облысында – 0,2 пайызды, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 0,1 пайызды көрсеткен. Ал Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай және Абай облыстарында баға индексі өзгеріссіз, яғни нөлдік деңгейде қалған. Бірақ, өңірлік комиссиялар анықтаған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді бақылау мақсатында белгіленген 15 пайыздық шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша бір аптаның ішінде 1 872 әкімшілік іс қозғалған екен. 6 100-ден астам тауар жеткізу тізбегіне талдау жүргізіліп, оның ішінде 655 жағдайда бәсекелестік заңнамасын бұзу қаупі анықталыпты. Бұл деректер нақты шаралар қабылдап, бақылауды күшейтуге негіз болған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі тиімді құралдардың бірі – ауылшаруашылығы жәрмеңкелері. Жыл басынан бері еліміздің өңірлерінде фермерлік өнімдер делдалсыз, тікелей сатылатын 3 мыңға жуық жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және нарықты үздіксіз өніммен қамту мақсатында бизнес өкілдерімен және салалық қауымдастықтармен тұрақты диалог жүргізілген.

 

Тұтынушылар құқығы қорғалады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметін сөз етер болсақ, салада атқарылған оңды іс жетерлік. Аталған комитет төрағасы Асқар Тынысбековтің айтуынша, тұтынушылардың өтініштерін қарау, мемлекеттік бақылау тәжірибесін арттыру, сот арқылы құқық қорғау шараларын жетілдіру, «Сапалы өнім» жобасының іске асырылуы және аумақтық департаменттердің жұмыс тиімділігін жүйелеу үнемі назарда.

Осы жылдың алғашқы алты айында комитет пен оның аумақтық департаменттері 37 090 өтініш қарапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 151,8 пайызға артық. Өтініштердің 63,8 пайызы «еOtinish» және «ОДО» платформалары арқылы, 21,4 пайызы жедел желі, 3,9 пайызы «Telegram»-бот арқылы, сондай-ақ 10,9 пайызы жеке қабылдаулар барысында түсіпті. Ең жиі көтерілген мәселелер бөлшек сауда, электронды коммерция, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, тұрмыстық қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану салалары жөніндегі шағымдарға қатысты болған.

– Тұрғындардың өтініштері негізінде аумақтық департаменттер 618 кәсіпкерлік субъектіге тексеру жүргізді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 пайызға артық. Ең көп тексерулер Шымкент қаласында, сондай-ақ Астана қаласы мен Түркістан облысында тіркелді. Тексеру нәтижесінде 351 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 12,3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. 331 субъектіге ескерту түрінде жауапкершілік шаралары қолданылды.

Азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау шеңберінде комитет 82 сот процесіне қатысты, оның ішінде тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында 8 талап-арыз берілді. Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 215 нұсқама шығарылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары 1,3 миллиард теңге сомасында қорғалды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170 пайызға жоғары. Ең ірі өтемақы сомалары Астана, Алматы және Шымкент қалаларының департаменттері арқылы қамтамасыз етілді.

Комитет үш негізгі санат бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың 200 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, 42 тұтынушыға 5 миллион теңгеден астам сомада жалпы 923,3 миллион теңге өтемақы төленді. Бірдей мәселе бойынша шағымданған 89 тұтынушыға 27,7 миллион теңге, ал белгісіз тұтынушылар тобына қатысты 69 жағдайда 14,3 миллион теңге өтелді.

«Сапалы өнім» жобасы аясында тауар сапасына іріктеп бақылау жүргізілді. Барлығы 346 өнім үлгісі сатып алынды. Оның 50 пайызында заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған кемшіліктердің 80 пайызы таңбалау талаптарына сәйкес келмеу, ал қалған 20 пайызы санитариялық талаптардың бұзылуы, өнімнің жарамдылық мерзімінің өтуі, құрамның сәйкессіздігі немесе тиісті құжаттардың болмауы секілді фактілермен байланысты болды. Анықталған бұзушылықтар негізінде 60 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді комитет төрағасы.

Жалпы Комитет осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін сақтау мәселелері бойынша тиісті жұмыстар жүргізетінін айта кетуіміз керек. Аумақтық департаменттердің басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу, этика нормаларын сақтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ай сайынғы оқыту іс-шараларын ұйымдастыру әр кез тапсырылып отыратын көрінеді.

Қазіргі таңда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда. Алдағы кезеңде қызмет көрсету сапасын арттыру, кері байланыстың ашықтығын қамтамасыз ету және өңірлік деңгейде жеке жауапкершілікті күшейту басты басымдықтар қатарына алынған.

 

Инфляция өсімі қарқын алмауы керек

Айта кету керек, азық-түлік бағасын тежеуде түрлі тетіктерді қолданып, бағаны қанша жерден қадағаласақ та инфляция өз дегенін жасамай қоймайды. Өйткені әлемдік нарықтағы құбылыс, шикізат бағасы, маусымдық жағдай тәуелділігі біз үшін күрделі үдеріс екені анық. Сол себепті ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз өндірісімізді дамыту, бәсекені күшейту және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру маңызды. Әйтсе де мемлекет тарапынан бағаны ұстап тұру шараларын уақытша әрекет болса да қолдана беруіміз керек. Бұл тұрғыда Үкімет қолдан келгенін жасауда. Мәселен, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің сөзіне сүйенсек, инфляцияның деңгейі жоғары болғанымен, оның өсу қарқыны шілде айында біршама төмендегені байқалған. Нақты айтқанда, Қазақстанда жылдық инфляция 11,8 пайыз деңгейінде сақталған. Ал жылдық азық-түлік инфляциясы 11,2 пайызды құраған. Шілде айында тауарлар мен қызметтердің айлық бағасының өсімі 0,8 пайызды құрап, маусыммен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмендеген. Сондай-ақ ақылы қызметтер сегментінде де бәсеңдеу тіркеліпті, өсім 14,9 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш алдыңғы айдан 1,2 пайыздық тармаққа аз болған.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметі бойынша шілде айында осы сегменттегі апталық орташа баға динамикасы 0,1 пайыздан төмен деңгейде қалыптасып, өнімдердің басым бөлігінің бағасы тұрақты болған. Тіпті бір ай ішінде кейбір өнімдердің бағасы төмендепті. Мысалы, сәбіз бағасы 9,1 пайызға, картоп 7,9 пайызға, пияз 1,8 пайызға, күріш 0,6 пайызға, жұмыртқа 0,1 пайызға арзандаған. Нан, макарон және сүт өнімдерінің бағасы тұрақты.

-Сонымен бірге кейбір өнімдердің бағасында өсім байқалды. Қырыққабат бір айда 12,3 пайызға қымбаттағанымен, шілденің соңғы аптасында бағаның төмендеу тенденциясы байқалды. Тауық еті 2,6 пайызға қымбаттады. Сиыр етінің баға өсімі бәсеңдеп, 1,4 пайызды құрады, бұл сыртқы сұраныс тұрақты болғанына қарамастан нарықтың тұрақталуына оң әсерін тигізеді.

Күнбағыс майы нарығын реттеу мақсатында Майлы дақылдар өңдеушілерінің ұлттық ассоциациясымен келісімге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің қатысуымен өткен келіссөздер қорытындысында халыққа қолжетімді бағада өнімді сату жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды.

«Аралтұз» компаниясымен бірлесіп, өнім бағаларын кезең-кезеңмен төмендету туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді. Қажетті шаралардың биылдың соңына дейін жүзеге асырылуы жоспарлануда, – дейді А.Бижанова.

Аймақтағы жағдайларға тоқтала келе Айжан Бижанова Астана, Алматы, Түркістан және Алматы облыстарында бағаның өсу қарқынының бәсеңдегенін атап өтті. Осы өңірлердегі жағдай жалпы ұлттық көрсеткіштің тұрақталуына ықпал етсе керек.

Сиыр етінің бағасын ұзақ мерзімді тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі кешенді шаралар қабылдап жатқан сыңайлы. Оның ішінде ірі қара мал мен ұсақ малды кәсіби жемдеуге маманданған кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыру бағдарламасының іске қосылуы атқарылған тиісті жұмыстардың жемісі десек болады. Асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін жылдық 5 пайыздық мөлшерлемеде жеңілдетілген несие механизмі әзірленіпті. Сонымен қатар өңдеуші кәсіпорындарға сатылған әр келі сиыр еті үшін 175 теңге мөлшерінде субсидия беріледі екен. Бұдан бөлек, күріш пен қарақұмық бағаларын тұрақтандыру үшін «Продкорпорация» өндірушілер мен өңдеушілер арасында осы өнімдердің қорын қалыптастыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылыпты.

Алда шаруалардың жиын-терін науқаны тұр. Министрлік ауылшаруашылығы саласындағы егін жинау маусымында көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлерде ауылшаруашылық жәрмеңкелерін белсенді ұйымдастыруды қазірдің өзінде жауаптыларға тапсыруда. Сонымен қатар ішкі нарықтағы ұсынысты арттырып, бағаны төмендету үшін Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан шекараларында көкөніс, жеміс-жидек өнімдеріне арналған «жасыл дәліз» ұйымдастыру мәселесі де пысықталуда.

 

АӘК алушыларға жеңілдік жасалады

Мемлекет қайткен күнде де халыққа тауарды қолжетімді бағада ұсынудың қам-қарекетін жасап бағуда. Оның ішінде әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарды қолдау – ең өзекті мәселенің бірі. Осы ақсатта мемлекет жүйеге жаңа тәсіл енгізуді қолға алды. Енді атаулы әлеуметтік көмек алушылар азық-түлікті арнайы ваучер арқылы сатып алады. Бұл жүйе қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ете отырып, отбасыларға ең қажетті тауарларды дер кезінде алуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ мұндай тәсіл әлеуметтік көмектің ашықтығын арттырып, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетеді деген сенім бар.

– Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсынуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Жобаның артықшылығына келсек, мұның астарында бағаларды тұрақтандыруға арналған қолданыстағы тетік – «айналым схемасы» жатыр. Осы механизм шеңберінде сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыру үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қайтарымды несиелер беріледі. Өз кезегінде, аталған сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті АӘК алушыларға нарықтық бағадан 15 пайыз төмен ұсынуға міндеттеледі.

Пилоттық жоба алғаш болып Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске қосылады. Келесі кезеңде бұл бастама Көкшетау және Павлодар қалаларында жалғасын табады, – деп көрсетілген Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Цифрлық ваучерлер «eGov Mobile» мобильді қосымшасына енгізілген «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы беріледі екен. Атаулы әлеуметтік көмек алушы ваучерді іске қосу арқылы дүкен кассасында QR-кодты ұсынады, артынша жүйе жеңілдікті автоматты түрде қолданады. Ваучердің мөлшері отбасы құрамына байланысты жеке есептелетін көрінеді. Әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы қарастырылмақ. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 932 теңгені құраса, демек 4 адамнан тұратын отбасы 16 мың теңгеге жуық сомада ваучер алмақ. Осы арқылы халықтың осал топтарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтық бағадан 15 пайызға дейін төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік берілмек.

Жоба тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қордың 35 пайызы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге, 65 пайызы отандық өндірушілер мен фермерлерден өнімді форвардтық сатып алуға бағытталады. Бұл тетік әлеуметтік маңызы бар өнімдермен дүкендерді тұрақты қамтамасыз етуге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға және тиімді әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба еліміздің өзге де өңірлерінде кең ауқымда жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл бастама 245 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушыны қамтып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған атаулы, әділ және ашық қолдау тетігі ұсынылмақ.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізінде жағдайы бары да, жоғы да сатып алатыны рас. Әлеуметтік дүкендегі азық-түліктерді сапасы ұнаса сол маңдағы тұрғындар тұрмыстық әлеуетіне қарамастан сатып алатыны шындық. Ал қазір енгізілгелі отырған ваучерлік тәсіл осы олқылықтың орнын толтырмақ. Жүйедегі бұл жаңашылдық шынында әділетке негізделген деуге болады. Себебі көмек ең алдымен мұқтаж жандарға керек.

 

Облыста шағымданушылар көбейген

Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, осы жылдың 6 айында аталған мекемеге 742 өтініш келіп түсіпті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 214 өтінішке артық. Өтініштер санының өсуі 40,5 пайызды құраған. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 580 өтініш түссе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 135 өтінішке артық (2024 жылдың жарты жылдығында 445 өтініш түскен).

– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштер санының өсуі 30,3 пайызды құрайды. Сауда қызметі саласы бойынша есепті кезеңде 162 жазбаша өтініш келіп түсті. Бұл осы салада 2024 жылдың 6 айында келіп түскен өтініштер санынан 2 есе көп, өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 83 жолданым болған еді.

Айта кету керек, тұтынушылар шағымдарының негізгі спектрі бөлшек сауда болып есептеледі. Бұл бойынша 204 өтініш немесе олардың жалпы санының 35,2 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірдей болып тұр. Бөлшек сауда бойынша өтініштерде сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту басым болады. Одан кейін 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды қайтарып беруден немесе айырбастаудан бас тартылады.

Электрондық сауда саласы бойынша биылғы  6 айда 123 өтініш түсті. Көрсеткіш сәйкес мерзіммен салыстырғанда   68,5 пайызға өскен. Өтініштердің бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты.

Білім беру қызметтері саласында да көңіл толмаушылық деректері көбейе түскен. Былтырғы  қаңтар-маусым аулары аралығында осы сала бойынша  11 өтініш түссе,  2025 жылғы сәйкес  кезеңде олардың саны  41-ке  дейін, яғни 3,7 есе қарқынды өскенін атап өткен жөн. Барлық қызметтер онлайн форматта көрсетілді. Өтініш берушілер оқытудың сапасына және оқытушылардың шарттарды бұзудан бас тартуына наразы болды. Есепті кезеңде департамент арқылы қаралған өтініштердің қорытындысы бойынша тұтынушыларға 14,6 миллион теңге қайтарылды.

Осы жылдың 6 айында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне 101 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласына қатыстысы 78 тексеру ( ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруы), ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 23 тексеру (тұтынушының шағымына жауап бермеу және тиісті сападағы тауарды айырбастау-қайтаруды қамтамасыз етпеу) жүргізілді. Осы тексерулер нәтижесінде 89 бұзушылық анықталды. Оның 44-і бойынша ескерту берілсе, 35-іне жалпы сомасы 1228,8 мың теңге көлемінде  айыппұл салынды. Сондай-ақ 6 профилактикалық бақылау жүргізілсе, оның қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.

2024 жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда тексерулердің 48,5 пайызға өсуі байқалады. Былтырғы есепті кезеңде 68 тексеру жүргізілсе, биылғы сәйкес мерзімде  олардың саны 101-ге дейін өскен. Сондай-ақ  қолданылған әкімшілік жазалардың саны да, салынған айыппұлдың көлемі де едәуір артқан.

Департамент өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында,   «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда материалдарды орналастыру арқылы халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 2025 жылдың 6 айында әлеуметтік желілер мен  өңірлік БАҚ-та 1224 материал мен 34 мақала жарық көрсе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында 12 материал жарияланыпты. Департамент қызметкерлері облыстық радиода 2 мәрте тақырып аясында сөз сөйлеген. Бұдан бөлек 10 рет «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында 3 брифинг өткізіліпті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар