
ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Динара Тазетдинованың айтуынша, ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс төмендеген.
– Ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс азайды. Бұған мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шектеулі болуы және мемлекеттік даму институттарының нарықтық банктерге қарағанда тиімді шарттармен қаржыландыруы себеп болды. Ал "Даму" қоры арқылы іске қосылған кепілдік беру тетігі бизнес тарапынан әзірге жоғары қызығушылық тудырған жоқ. Себебі кепілдік құны (қарыз сомасының 2%-ы) мен несие ресурстарының қымбаттығы кәсіпорындар үшін қолайсыз болып отыр, – деді ол.
Осылайша, ірі бизнес өтінімдерінің жалпы саны тоқсан ішінде 15%-ға азайып, 200-ге дейін төмендеді. Дегенмен, орташа несие көлемі 12%-ға өсіп, 12,9 млрд теңгені құрады.
Ал орта бизнес тарапынан өтінімдер саны 15%-ға өсіп, 5,3 мыңға жетті. Орташа өтінім көлемі 20%-ға артып, 924 млн теңгені құрады.
Шағын бизнес бойынша өтінімдер 3%-ға артып, 912 мыңға жеткенімен, орташа көлемі 14%-ға қысқарып, 30,4 млн теңгені құрады.
Мақұлдану коэффициенті:
- ірі бизнес – 56% (1 п.т.-ға төмендеді);
- орта бизнес – 32% (4 п.т.-ға төмендеді);
- шағын бизнес – 33% (өзгеріссіз).
II тоқсанда халық арасында барлық несие түрлеріне сұраныс артты.
- Ипотека: өтінімдер саны 242 мың деңгейінде сақталды. Орташа көлемі 17,4 млн теңгеге жетті (+5%). Мақұлдану деңгейі – 29% (+5 п.т.).
- Кепілмен берілетін тұтынушылық несие: өтінімдер саны 52 мың (+2%), орташа көлемі – 15 млн теңге (+17%). Мақұлдану – 45% (+9 п.т.).
- Кепілсіз несие: өтінімдер саны өзгермей, 18,3 млн болды. Орташа көлемі – 1,13 млн теңге (+10%). Мақұлдану – 32% (+1 п.т.).
- Автонесие: өтінімдер саны 1,6 млн-ға жетті (+16%). Орташа көлемі 7,25 млн теңгеге дейін төмендеді (–8%). Мақұлдану – 19% (+4 п.т.).
Банктердің болжамынша, 2025 жылдың III тоқсанында кепілмен берілетін тұтынушылық несиелер мен автонесиеге сұраныс аздап өседі. Ал ипотекалық және кепілсіз қарыздарға қызығушылықтың төмендеуі мүмкін.
Айта кетейік, 2025 жылдың II тоқсанында жүргізілген кредиттік сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Оны Ұлттық Банк несиелік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын өткізіп келеді.