
Мұғалімдік-көне мамандықтың бірі. Қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, мұғалім қажеттілігі ешқашан өз өзектілігін жойған емес. Жоймайды да. Сөз орайы келгенде атап өтсек, биыл педагог мамандығына еліміз бойынша 13 226 грант бөлініпті. «Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді» деген екен Ы.Алтынсарин. Ұлт ұстазының көрегендікпен айтқан пікірі қазіргі уақытта да маңызды болып тұрғаны ақиқат. Бала болашағын қалыптастыруда еліміздің білім жүйесі мен оқыту жоспары арқылы жүзеге асып жатқан жұмыс өз алдына бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, оқушыға тәрбие-білім беруде ұстаздың балаға ақыл айтып қана қоймай, қоғамда өз іс-әрекеті арқылы алда жүретіндігінде. Парасат-пайымы жоғары, өзі де, сөзі де көпке үлгі мұғалім ғана шәкірттер арасында «Өскенде ұстаз боламын» деген ой қалыптастыра алады. Педагог кәсібінің танымалдылығы, аталған мамандықтың қадірі қоғамда осылай артады. Бізбен әңгімелесу барысында Тараз қаласындағы №69 мектептің директоры Әсел Алтыбаева педагог кәсібін жастар арасында танымал етуге қатысты ой-пікірімен бөлісті.
– Адам баласының өмірде қателелікке ұрынбай, дұрыс жасауы тиіс таңдауларының бірі – мамандық. Себебі әр адам өзінің бітім-болмысына, икеміне келетін мамандық таңдауы қажет. Негізінде оқушылар мамандықты мектеп табалдырығында қабілетіне, бейімділігіне қарай таңдауы керек. Әсіресе мұғалімдікті таңдауда олар саналы түрде, алдағы өмірінің қалай болатынына, дұрысы болашағына болжам жасап баруы тиіс.
Қай ортада болсын мұғалім мамандығы сұраныстан мүлде түспейді. Мұғалім-өз баласынан гөрі өзгенің перзентіне жаны ашып, алдында отырған шәкіртіне көңіл бөліп, өз пәнін ұқтыруға тырысатын тұлға. Бір қуантарлық жағдай, елімізде бүгінде мұғалім мәртебесі артып келеді.
Мектепте білім алып келе жатқан оқушыларымыздың қайсыбірі ұстаздық етуге бел буса, еш қателеспейді дер едім. Жасыратыны жоқ, ұстаздың бар ынта-ықыласын шәкіртінің білім алуына жұмсауына жол ашатын мәселе, ол-айлықақы. Қазіргі таңда жастарды педагог кәсібін дамыту үшін басқа мамандық иелеріне қарағанда, мұғалім еңбекақысының жыл сайын өсіп келе жатқанынан, тұрмыс жағдайымызды жақсартуға, баспаналы болуға арналған ипотекалық бағдарламалардың бар екенінен хабардар етуіміз қажет. Мысалы, жастарды педагог кәсібіне қызықтыруда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орны бөлек.
Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үкілі үмітін сеніп тапсыратын жауапкершілігі мол мамандық. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, алдына зор үмітпен келген жеткіншектерді зерделі, зерек тұлға ретінде тәрбиелеп шығару мұғалімнің басты міндеті,-дейді Әсел Дөненбайқызы.
Ұстаз ‒ оқушы үшін ізгіліктің иесі, өмірдің қыр-сырын үйретуші тәлімгер, адамгершілікке баулитын тәрбиеші, жан дүниеңді көзқарасыңнан танитын психолог. Мамандықтың төресі саналатын осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, ертелі-кеш аянбай еңбек етіп жүрген жандар қандай құрметке де лайық.
Біз педагог кәсібіне қатысты айтар ойын білу үшін №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Жаксыбаевамен де тілдестік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында ұстаз мамандығына, оның мәртебесіне қатысты құнды ойлар айтты. Өз сөзінде Президент: «Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс...
«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі», – деді.
Расында да мұғалімдерге қолдау барынша көрсетілуде. Сондықтан мұғалімдер өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, өзін үлгі ету арқылы оқушыны алға қарай талпындыруы қажет. Мұғалімнің балалар алдындағы абыройы жоғары, жүзі жарқын болса, ешқандай мәселе туындамайды. Яғни, педагогтің балалар алдында әрбір сөйлеген сөзі, жасаған іс-қимылы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысына дейін оқушыларға өз әсерін тигізетіні даусыз. Оқушылар алдында мұғалім психолог та бола білуі керек.
Алдымызға білім алуға келген әрбір баланың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстап, соған сәйкес тура шешім қабылдап, олармен жиі-жиі сұхбат өткізіп, сырлас досыңдай жақындық танытып, ыстық ықыласпен ақыл-кеңес беріп, көңіл-күйлерін игере білсек, олардың тәртібі жақсарып, оқуға деген ынтасы артады. Мұғалім білім беруде заманауи озық технологияны тиімді пайдаланып, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығарамыз.
Ел ішінде «Ұстаздан шәкірт озар» деген тәмсіл бар. Әр шәкірттің қарым-қабілетін бағамдап, бейімін анықтап, ол балаға бағыт беріп, баптап, бәйгеге қосу, шын ұстаздың, жанашыр, кәсіби педагогтың ісі. Бұл игілікті еңбек бағаланып жатса, нұр үстіне нұр. Қазақтың тамыры ауылда. Ауылдық мектептерде сабақ беріп жүрген ұстаздардың жағдайын жасау, ұрпаққа ғана емес, қазаққа жасалған құрмет. Сондай-ақ мектепте ұстаздық етіп жүрген жандардың барлығы дерлік әйел адамдар. Мектептегі мұғалімдер арасында ер адамар басым болса, оның білім ошағындағы тәртіп пен бірегейлікті бір сатыда ұстап тұруына тигізер көмегі зор болар еді. Көбінесе ер балалардың педагог мамандығына ата-анасының қалауымен немесе тек грант үшін баратыны белгілі. Бұл жақсы үрдіс емес, – дейді Эльмира Абдулмаликқызы.
Қажымайтын қайсарлығы мен батыл мінезінің арқасында ұстаздар үнемі толассыз білім мен үлкен ізденістің үстінде жүреді. Тарыдай баланың сауатын ашып әріп танытады, білім-ғылым үйрету арқылы олардан таудай тұлға жасайды. Оқулық пен кітап беттеріндегі әрбір сөздің, әрбір сөйлемнің үлкен маңдай термен келген еңбек екенін түсіне отырып, оны баланың санасына құяды, ұғындырады. Ұстаздық жолында баланы білім нәрімен сусындатсам екен деп жүрген жас мамандардың бірі Жұлдыз Ерболқызымен де сөйлестік.
– Ұстаздық ету – ұлы жол. Шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол. Оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Қуаныш пен көз жастың жолы. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақта. Мұндағы «мықты ұстаз» - жаңағы айтылған ұлы жолдың шыңына жетемін деп талпыну. Алда тұрған небір кедергілер мен ауыр асуларды бағындыра алу және оған қарсы тұра білетін ерік-жігер, мықтылық, сабырлық пен төзімділік. Осы қасиеттерді өз бойына ұштастыра білген ұстазды нағыз өз ісінің маманы дейді. Ұстазға ақын да, ғалым да, малшы да, хан да бас иген. Ерен еңбегін құрметтеп, ұстаз есімін үнемі ұлықтаған. Ұстаздық жолға түсу өз қалауым болмаған, өмір мені осы ұстаздық жолға әкелді десем де артық айтқандығым болмайды.
Балалармен жұмыс істеу ұнағандықтан бастауыш пәні мұғалімі болдым. Бүлдіршіндерге әріп танытқан, олардың шын пейілдерімен білім алуға тырысып жатқандағы ынталары ерекше сезім сыйлайды. Өмірде әр адамның мақсаты болатыны ақиқат. Сол мақсатқа әркім әрқалай жетеді. Мен мақсатқа жетуде «Не жасасаң да, өзіңе ұнайтын іспен айналыс және өзіңе ұнайтын нәрсені жаса!» деген ұстанымдамын. Маған педагогика саласы ұнайды. Мен жай ғана мұғалім болып, ақша табу үшін жұмыс істемей, балаларды білім нәрімен сусындатып, ұлтымыздың білімді де білікті азаматтарын тәрбиелеп, еліме өзімнің үлесімді қосуды парызым деп санаймын, – дейді Жұлдыз Ерболқызы.
Ұстаз үшін берілген білімнің бала санасына жетіп, көкейінде қалуы маңызды. Болашақта өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жемісін беруі – әрбір ұстаздың қуанышы мен арманы. Ұлағат жолымен келе жатқан ұстаздарымызды ұлықтау – тұтас елдің парызы. Тарихымызға үңілсек, ұлы ғұламалардың өзі ғылым жолын ұстаздықтан бастаған. Үлкен еңбектері мен терең білімдерінің арқасында олардың есімдері ел жадында мәңгілік сақталып қалды. Ардақты ұстаздың ұлы еңбегі тиісінше ұлылықпен бағалануы керек. Өзгенін баласын өз баласындай көріп, оның әрбір басқан қадамы мен жеткен жетістігіне шынайы қуана білген ардақты ұстаз – екінші аяулы ана!
Сымбат ҚУАНЫШ