Жиында алғашқы болып облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов баяндама жасап, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Айтуынша, былтыр облыстық мәслихаттың шешімімен 2030 жылға дейін «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары бекітілген. 47 іс-шарадан тұратын аталған жоспар негізгі үш бағытты қамтиды.
– Атап айтқанда, 19 іс-шара экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты ынталандыруға, 7 іс-шара экологиялық білім беруді жандандыруға, 21-і экологиялық сауаттандыру мен ақпаратты жария етуге арналған. Бір айта кетерлігі, өткен жылы жоспарланған осындай 36 іс-шараның біреуі орындалған жоқ. Нақты айтқанда, адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда экобокс пен фандомат орнату жұмыстары жүзеге аспады. Жоспардың 6-тармағына сәйкес жасыл желектерді түгендеу, цифрландыру жұмыстары Тараз, Қаратау қалаларында жүргізіліп, жасыл желектер дерекқоры енгізілген арнайы taraz.botsad.kz сайты құрылды. Бірақ Жаңатас және Шу қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жүйесін енгізу бойынша жұмыстар әлі күнге басталмай отыр. Осы уақытқа дейін «Таза Қазақстан» акциясына 16,8 мың тұрғын және 850-ден аса кәсіпорын мен мекеме қатысты. Іс-шаралар аясында 45,8 мың жасыл желек отырғызылып, 1,5 мың шақырым көше жолдары, 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар, сондай-ақ 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтары тазартылды. 1,8 мың тонна күл-қоқыс шығарылды. Экологиялық қағидаттарды бұзу фактісі бойынша 38,7 мың дерек тіркелсе, жергілікті полиция қызметі тарапынан Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505, 434-баптарына сәйкес жауаптыларға 229,2 миллион теңге айыппұл салынды, – деді Дамир Сейсенбекұлы.
«Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша телеграм-бот арқылы жыл басынан бері жалпы 263 өтінім түскен. Оның ішінде 251 өтінім мерзімінде қарастырылса, 3 өтінімнен шағымданушылар бас тартқан. 9 өтінім қазір қаралып жатқан көрінеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көктем айында облыс бойынша 10 акция өткізу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін «Тазарту күні», «Мөлдір бұлақ», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциялары мен «Жер сағаты» іс-шарасы өткізіліпті.
– Биылғы жоспар бойынша өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында акция аясында 50 мың, ал облыстың даму жоспарына сәйкес қосымша 195 мың жасыл желек отырғызу көзделген. Дегенмен басқарма жүргізген зерделеу жұмыстары Тараз қаласы мен аудандардың санитарлық жай-күйі мен абаттандыру деңгейінде бірқатар олқылықтың бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, елді мекендердің аумақтарында, жол бойында, кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлердің маңында күл-қоқыстың үйіліп, бейберекет шашылуы жиі кездеседі. Сонымен қатар арық жүйелерінің тазаланбауы, электр бағаналарының сырланбауы, жол жиектері мен белгілерінің тиісті тәртіпке келтірілмеуі сияқты кемшіліктер де анықталды, – деді Д.Тұңғатов.
Баяндамашының сөзінен кейін Ербол Шырақпайұлы бұған дейін Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандары мен Тараз қаласында анықталған кемшіліктерге тоқталып, өзге аудандар бойынша да жүргізілген зерделеу жұмыстарының барысын сұрады. Дамир Сейсенбекұлы аталған 4 аудан мен облыс орталығындағы кемшіліктерді жою бойынша ақпараттар жинақталып, шешімін тапқанын, сондай-ақ қалған аудандарда да тексеру жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы Жаңатас пен Шу қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жұмыстарының әлі басталмағанын сынға алып, бір апта бұрын берілген тапсырманы дер кезінде орындауды талап етті.
Сол секілді облыс әкімі Тараз қаласында экобокстар мен фандоматтар орнату бойынша тиісті жұмыстардың не себепті сылбыр жүріп жатқанын сұрады. Сондай-ақ қалада экопарк ашу қажеттігін еске салды. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің сөзіне сүйенсек, бұл бағыттағы жұмыстарды бастау үшін кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, бюджеттен тыс бизнес есебінен қаржы қарастырылған. Қазірге дейін қаладағы ірі сауда орындарында 7 экобокс қойылған, негізгі жұмыстар сәуір айының соңына дейін толық аяқталады. Сонымен бірге «Мамыр» саябағы аумағында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің стандарттарына сай келетін экопарк құру жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Алдағы аптада мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталмақ.
Келесі кезекте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев Мемлекет басшысының орман қорында 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасының облыста орындалу барысын сөз етті. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 4,4 миллион гектарды құрайды. Оның 52,3 пайызы орманмен көмкерілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қабылданған кешенді жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін облыс аумағында 143 миллион ағаш отырғызу көзделіпті. Мәселен, 2021-2025 жылдар аралығында 60,9 мың гектар алқапқа 112,8 миллион ағаш отырғызылып, жоспарлы көрсеткіштер толық орындалған. Сонымен қатар Н.Егембердиев саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Мысалы, басқармаға қарасты 16 мекемеде 1 200-ден астам маман еңбек еткенімен, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі небәрі 38 пайызды құрайды екен. Техникалардың көбі тозған, сондай-ақ 10 мекеменің ғимараты күрделі жөндеуді немесе жаңадан салуды қажет етеді. Оған қоса орманшылар үйі жетіспейді.
Кеңес отырысында Д.Тұңғатов «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарының орындалу барысы жайлы, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі туризм саласында атқарылған жұмыстар жайында егжей-тегжейлі есеп берді. Шаһардың сәулеттік келбеті бойынша Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің баяндамасы тыңдалды.
Ербол Шырақпайұлы жиын соңында жауаптыларға «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын сапалы орындауды, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді және Президенттің орман қорын молайту жөніндегі тапсырмасын мүлтіксіз жүзеге асыруды жүктеді. Сонымен қатар өңір басшысы қалалардың сәулеттік келбетін реттеу үшін бірыңғай дизайн-код енгізуді, туризм инфрақұрылымын дамытуды және анықталған кемшіліктерді жедел жоюды қатаң тапсырды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ



